Қисық арба жол бұзар – Асқар Тоқмағамбетов

Бұл бетте «Қисық арба жол бұзар» атты Асқар Тоқмағамбетов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 05.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3139
Қаламым менің желді аяқ,
Желе жортты, көр енді!
Алатаудан әрі өтіп,
Қаратауға жөнелді!
Бір соқты да Шымкентке,
Көп кетпеді ұзаққа,
Түстенді де Созаққа,
Барып қонды Құмкентке.
Өтірік-өсек, желбуаз,
Жалақор, жылпос, жағымпаз,
Сырты семіз, іші арық
Отыр екен бір сабаз.
Тұра қалдым көрінбей.
"Қисық арба жол бұзар "
Деген нағыз осылар.
Елден ерек бөлек тұр,
Болу керек директор,
Алдын бөгеп есіктің:
— Неге оқудан кешіктің? —
Дейді бір жас балаға,
Түк зәре жоқ балада;
"Азғын!" — деді ақырып,
Өз-өзінен бақырып,
Қыстың көзі қырауда,
Ыңғайланып жылауға,
Бүлдіршіндей бөбек тұр,
Тілегенов бөгеп тұр:
— Ауылым алты шақырым,
Келгенім жоқ ақырын! —
Десе бала шындап-ақ,
Қайда ондайды тыңдамақ.
— "Жоғал, айда кет!" — деді,
Еш рақым етпеді,
Суық сорған балалар,
Қайтты аулына кеткелі.
Қаламым менің ақырын,
Жазып қойды жасырын.
Бір қыз келді жүгіріп,
Тілегенов үңіліп,
Қарады да ақырды,
Қызды өзіне шақырды:
— Неге қарның шығыңқы?
Неге түрің солыңқы?
Түрің емес бұрынғы?.. —
Деп бетіне бұрылды,
16 жасар "Б..." қызы,
Түрі неше бұзылды,
Ұялғаннан от шығып,
Бетіне ашу сызылды,
Жасын сықты көзінің,
Айта алмады сөзінің
Аяғын да дұрыстап,
Кетті үйіне жылыстап,
Және екі қыз ентелеп,
Келіп еді еркелеп,
— Сұмырайлар, азғындар!
Деген сөзбен жекелеп,
Екеуін де қайтарды,
Ұят сөзбен тойтарды.
Бас-аяғы сегіз қыз,
Түк дәлелсіз, жазықсыз,
Өтірікпен, өсекпен,
Бәрі алдыңғы есеппен,
Шықты оқушы есептен!
"Қойды шартық бүлдірсе,
Елді қортық бүлдіреді ",
Сәбилерге бейкүнә
Көрінгенді күлдіреді.
Қайда тәлім, өнеге ?
Істелмейді ол неге?
Кез келгенді сөгуге,
Абыройын төгуге.
Кім берді оған право,
Өсек, жала егуге,
Облыстық, аудандық
Оқу орындарының
Ойын шындап бөлуге
Өте керек бір жұмыс,
Әдейі арнап келуге!..
Бұл қылығы шын болса,
Мықтап шара көруге!
Бір мектептің тағдырын
Қолына беріп, мұндайға
Болар ма екен сенуге?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қисық арба жол бұзар өлеңінің авторы кім?

Асқар Тоқмағамбетов — осы өлеңнің авторы.

Қисық арба жол бұзар өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Қисық арба жол бұзар өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Асқар Тоқмағамбетов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қисық арба жол бұзар өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері