Өлең, жыр, ақындар

"Бассыз" бастық

  • 05.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1137
Горпищеторг кеңсесіне,
Бір күн барып кіріп қалдық,
Отыр екен "бассыз бастық",
Аңтарылып тұрып қалдық.
— Бастық қайда? — деу орнына —
Басыңыз жоқ, қайда? — деппіз.
— Бастың жайын баяндайық,
Отырыңыз, жақсы кепсіз... —
Деді де ол жалпаң қақты,
Бастан қалай айрылғанын
"Бассыз бастық" айтып жатты:
— Қосалқы бір шаруашылық
Жасалсын! — деп тапсырма алдық.
Үш жүз жетпіс, тағы да бес —
Гектар екен, бізге таңдық.
Картоп, жуа, сәбіз, қияр,
Қауын, қарбыз барлығы бар,
Отыра қалып есепке алдық.
Алты жүз де елу мың сом
Пайда берер егілген соң, —
Өзімізше деп ұйғардық.
Бұл егісті егу үшін,
Бәрін биыл себу үшін,
Қанша көлік, қанша плуг,
Қанша сома, қанша түлік
Керектігін шотқа салдық.
Алты аударып, жеті піштік,
Шаршап асты жатып іштік,
Аударғанда оңды-солды,
Қорытынды мынау болды:
"Тоқтатылып барлық жұмыс,
Әз алдына бір МТС,
Дербес сайлап құрылмаса,
"ЧТЗ - ның " он жетісі
Дайындалып тұрылмаса,
Жүз плуг пен он сеялка
Жаппай қаптап жұмылмаса,
Ақша тимей қолымызға
Екі миллион сомнан аса,
Бітіруге мүмкін емес,
Іс істеуге баса-баса!.. " —
Деп қағаздың арасынан,
"Бассыз бастық " ызыңдаса,
Көмескілеу сөз келеді,
Ызыңына шыққан қоса:
— Шұрайлы жер тапсақ деген
Қабыл болып тілегіміз,
Салқын сулы сарқылмайтын
Таптық іздеп Ілені біз!
Жардың қойнау сабатынан
Төрт-бес үйді қабатынан
Салып та алдық иектетіп,
Салушылар салқын іздеп,
Жіберіпті жиектетіп.
Жиек бір күн омырылды,
Жар басына салынған үй,
Жармен қоса томырылды...
Мұның бәрін көре, біле
Тұрса дағы толқынды Іле,
Белшемізден шығындатып,
Дауға салды ұзын сүре...
Мұндай ауыр қиянатқа
Қалдырады деп бізді ұятқа
Ойламап ек Ілені біз,
Соқтырар деп бұл апатқа!..
Міне, осындай қосалқы егін
Жасау ісі басталғалы,
Күні-түні ұйқы көрмей,
Рас, менде бас қалмады! —
Дейді "Бассыз " басын ұстап.
"Нағыз дихан осы емес пе?"
Мұндай "дихан " түк бітірмес.
Құр айқайдың досы емес пе!
Бір сом табыс табу үшін
Он сомынан айрылатын,
Берекесіз даурықпалы
"Бассыз бастық" қойдық атын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Перекатов қалды жатып

  • 0
  • 0

Біздің жолдас Перекатов,
Қалғып кетті ойлап жатып.
Көз алдында үш жүз бе екен,
Комбайн тұр шаңға батып.

Толық

Бір ауданда болған ахуал

  • 0
  • 0

Жазбас та едім фельетонды,
Қолға алмасам телефонды,
Қолға алып ем телефонды,
Мынадай бір қызық болды.

Толық

Ит "достығы"

  • 0
  • 2

Екі төбет кездесіп,
Жер ошақтың басында,
Отырысты тілдесіп,
Ешбір жан жоқ қасында:

Толық

Қарап көріңіз