1935 жылы Қазақстанның 15 жылдығына парашютпен бірінші секіруін арнаған қазақ қызы Жұмашқа
1
Аш белі толқын ұрған тал шыбықтай,
Жіңішке қара қасы қос сызықтай.
Алма ерін, аққу кеуде, бала бұтақ,
Мөлдір кез, шыдар сатан кім қызықпай!
Болар ма періштесі сұлулықтың.
Ботадай боздақ жаным не сыр ұқтың?
О, ғажап!
Міне, бақыт!
Сол бір залда
Сәті кеп
Сол қызбенен биге шықтым.
Бір қолын артқанда қыз иығыма,
Көзінің көзім түссе қиығына,
Жарқ еткен жанарының ұшқындары
Дегізді:
«Аспанның ақиығы ма!?»
Білмеймін болады екен ғашық қандай?
Бұным не? Бір көргеннен масыққандай?
Аузыңа орынды сөз түспейді екен,
Жүрегің «бол-бол» қағып асыққанда.
— Атыңыз кім? — деп қалдым.
— Асықпаңыз!
Сабырлы болу жайын машықтаңыз! —
Деді қыз жұмбағымен махаббаттың...
Би бітті.
Шығарып сап бара жаттым.
Айтты да ұшатынын қыз биікке
Жөнелді ұқсап бейне жез киікке.
Жаныма жанарынан түскен ұшқын,
Кім білсін, бақытым ба, сор — күйік пе?
2
Қыз ұшқан аэроплан шықты көкке,
Желпиді ақша бұлттар ақ жібекше.
Кілемін жайып сапты көкмайса алқап,
Таулар тұр гүл көтеріп төңірекке.
Аққу, қаз жасап жатқан көлде тойын,
«Ноқатқа» аспандағы созды мойын,
Бұлар да ұшқан қызды көрмек пе екен,
Кім білген құстар түгіл адам ойын.
Самолет самғап ұшып, барып-барып,
Биіктен кең алқапты баурына алып,
Тербеліп... сәл төмендей берген кезде
Бір ноқат төмен қарай келеді атып.
Бір ноқат темен қарай келеді ағып,
Сол ноқаттан көз алмай тұрған халық.
Біреулер қызынуда, қызығуда,
Біреулер жіберердей ұран салып.
Қайт бері, махаббатым, басталмаған,
Қайда да нажағайдан жасқанбаған.
Жалыным, жүрексінген бұның не, бұл
Үміт не сенімімен тас жармаған.
Қазір-ақ аққуың боп қонып жерге,
Ернінен ерке өптіріп қоңыр желге.
Мөлдіреп саған ғана бота көзі,
«Жалғанда сүйерім жоқ сенен өзге!» —
Деп сол қыз нұрлы жүзбен күлім қағар,
Махаббат тілі — тілсіз сөйлер сөзге.
Шындықты шиыршықтап сенген үміт,
Қуаныш гүл шоқтарын жияды ғой.
Бір кезде...
келе жатып бері атылып,
Ашты қыз парашюты ақ шатырын. –
Айналдым, ақ періштем, ақылдым-ай,
Дей берді жерде тұрып мен пақырың.
Ақ шатыр Ақ жұлдыз боп келеді ағып
Құдірет, кетпес пе екен дауыл қағып!
Ғайыптан екі аққу, екі ақ иық
Жарқылдап қанаттарын нұрға малып
Шарқ ұрып шыға келді әлдеқайдан,
Жүргендей осы сәтті көздеп, бағып.
Сол сәткі сезімімде мен байғұстың,
Аққулар қыз шатырын айнала ұшты.
Көктемгі көк толқынын бұлыңдатып,
Құс тойын тойлап жатыр көлдің үсті.
Зуылдап, қанаттары жарқыл қағып,
Ер жүрек екі ақиық шырқап барып,
Ақ бұлттың арасынан құйылып кеп,
Шүйілді. Кетпекші ме қызды алып?
Қыз да аққу,
Тұйғында аққу,
Аққу да аққу,
Аспанға сипат беріп бек ләззатты,
Талдырды, тамсандырып, көзімізді,
Болдық біз ұмытқандай өзімізді,
Сұлулық болады екен мұнша сәтті.
Аққу ма парашют пе, әлде тұйғын? —
Қайсысы қайсы екенін тану қиын.
Зеңгір көк, зердең биік сен болмасаң,
Қалып тұр айран-асыр жерлік жиын.
О, тоба! Қас қағымдай бір мезетте,
Жөнелді аққу көлге, тұйғын көкке.
Қыз қайда, ақ қанатты — ақ парашют,
Тұрып па ем алақаным тосып текке?!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі