Өлең, жыр, ақындар

Қырғызбай

  • 10.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1887
Әнге бас, Кенеп ақын, ал домбыра,
Көкейден ақтарылған сөзді құра.
Көз көріп, құлақ естіп, бастан өткен,
Тарихи оқиғаның бірін жырла.
Көп көрген шежіре қарт, әңгімеңді айт,
Келешек ұрпағына қалсын мұра.
* * *
Бір болыс Қордай елі — он бір ауыл,
Болысы Сұлтан деген жуан сауыр.
Өмірін кедейлердің ойран етіп,
Тұрғызған қаһарынан қара дауыл.
Отыз жыл елді билеп, салған ойран,
Шұбар тос, шынжыр балақ уын жайған.
Қарайды бір өзіне мың жарым үй,
Сойылын соғады ол бек пен байдың.
Үш ата Қасқарауда ел болатын,
Шоқпар мен Қордай деген жер болатын.
Көк жайлау, өзен - суды байлар билеп,
Жер, суы нашарлардың кем болатын.
Бірінші ауыл қонысы Кіндіктаста,
Әр атаның мекені басқа-басқа,
Дау шешіп, билік айтқан билері де,
Кедейді зар қақсатқан еді шошқа.
Арқасын азап тесіп елдің ұлы,
Ел-жұртын асыраған аштық жылы.
Халықтың қамын жеген солардың да
Ішінде кете барды қайғы-мұңы.
Болыс боп Сұлтан залым алды бекіп,
Қашарға билік құрды дүрілдетіп.
Малын да, ақшасын да күшпен зорлап,
Алатын қалың елді зар еңіретіп.
Аяздай Сұлтан бір күн қалшылдады,
Жүзінен жер өртердей зәр шығады.
Мал бермеген жазаң деп көп кедейдің
Жазықсыз жонын тіле қамшылады.
— Малыңның жеп жүргені менің жерім,
Сол үшін бар мүлкіңді алам сенің!
Егер де бас көтерсең, өңшең тобыр,
Қан жұтып көресіңдер ит көргенін!
Кедейдің қанын сорды Сұлтан байып,
Халықтың өміріне уын жайып.
Енді бұған беретін малымыз жоқ! —
Деді жұрт тас бекініп, әрі айбын қып.
Ауылдың ақсақалы Әлімжан шал,
Жастарға атқа мінген айтты ақыл:
— Қорқатын, күрмелетін дәнеңе жоқ,
Малым жоқ деп бәрің де отырып ал! —
Ел-жұрты шалдың сөзін шықты қостап,
Бермейміз деген сөзді берік ұстап.
Жұрқабай, Нүсіпбай мен Қырғызбайлар
Болысқа қарсы тұрды көпті бастап.
Сұрланды мұны естіп кәрі Сұлтан,
Толғандай алабұртып көзіне қап.
Жиып ап дос-жаранын кеңес құрды,
«Бұларды жеңіп, малын қалай алам?»
С ұ л т а н н ы ң а й т қ а н ы:
Сұлтан, Сұлтан болғалы,
Басыма бақыт қонғалы,
Тұлпар міндім, ту алдым,
Ата аруағы қолдады.
Көп шуылдақ, көп кедей,
Не қылсам алам малыңды.
Құм құюға көзіңе
Аямай салам барымды.
Көзім тірі тұрғанда,
Кемітпеймін басымды.
Боздағын бордай етпесем,
Жасайын жерге жасымды.
Ажалды қарға ойнайды,
Ақиық қыран бүркітпен.
Өңшең тобыр, сорлылар,
Қай қырсық сені бұл түрткен?!
Съезд шақыр, Құрманқұл,
Жина жылдам билерді!
Сұлтанның көрсін сойқанын,
Тіккіз жылдам үйлерді.
Шабармандар жөнелді бұйрық алып,
Ат дүбірі барады құлақ жарып.
Шоқпары, қылыштары сапын ұрып,
Бұрқырап жолдың шаңы тұр айналып.
Шабады шабармандар, жетуге асық,
Жол тартқан тапсырма алып, сапар қашық.
Қала жоқ, поселке жоқ ол заманда,
Төтелеп асу асад, белді басып.
Шабарман келді жетіп Нұрбек биге,
Би отыр сауық құрып шаттық күйде.
— Старшын, елу басын түгел ертіп
Кел,— деді,— Қордайдағы кеңес үйге.
Қордайға жұрт жиылды қауырт келіп,
Бәрі де Сұлтан сұмға берді ерік.
Өтірік куәліктер жазып жатыр,
Қаралап көп кедейді пәле теріп.
Мөр басып, қол қойылды жала жауып,
Біреулер айғақ болды ебін тауып.
Бөкенгебарып, съезд ашпақ болды,
Алмақшы әлсіз елді Сұлтан шауып.
Гулесіп болыс, билер шықты елге,
Екпіні үй жыққандай сөйлегенде.
Лау мініп, жолай елден жүріп келед,
Көресіні көрсетпек көп кедейге.
Шаптырды Жақсымбетті алдын ала,
— Үй тігіңдер осыдан бара сала.
Тоқтаусыз мал сойылсын, съезд болад,
Адалға қалмаса да жалғыз қара.
Жасауыл бұйрық алып елге жетті,
Сабылтып мінген атын екпіндетті.
Съездің ойлатынын хабарлады,
Мұны естіп талайлардың есі кетті.
— Былғаған би, болыстар елдің жүзін,
Басынбасын!—деді Әлімжан қадап көзін, —
Жалтақтап жалынатын дәнеңе жоқ,
Сақ отыр, сайланып тұр! Осы сөзім.
Сөйткенще би, болыстар елге жетті,
Заһары жұртқа үрей сап, малды үркітті,
Писерін, старшынын, шабарманын
Топ қылып, осы ауылға ертіп кепті.
Тобырды зіл ой басты, қозғалмайды,
Қырғызбай — ақыл бер,— деп, айтты жайды.
Әлімжан сөз бастады шарт жүгініп,
Кеудеде буырқана кек қайнайды.
Ә л і м ж а н н ы ң а й т қ а н ы:
Ұлықтап, елім, қорықпа,
Дауыл болар, жел болар,
Қарғыс айтса ел көрімен,
Ұлықтың басы жер болар.
Айға шапқан арыстан
Аяғынан айрылған.
Бір жерден бәрің табыссаң,
Атағың елге жайылған.
Жау қарасын санамас,
Батыр жүрек соғысар.
Ар мен намыс шып ердің
Кеудесінде тоғысар.
Қорқақты қусаң — ер болар,
Көп түкірсе көл болар.
Аруақ түбі жын болар,
Барымта түбі құн болар.
Тұман түбі жұт болар,
Тұмау түбі күрт болар.
Көл анасы жер болар.
Ер анасы ел болар,
Ерегістен ер өлер,
Зорлық қылсаң ел көрер,
Тауды, тасты жел бұзар,
Ағайынды сөз бұзар.
Екі сөйлеген елден безер,
Екі жығылған жерден безер,
Қолы білген үй түзер,
Асқынғанды ел түзер.
Дауға барсаң бірің бар,
Жауға барсаң бәрің бар,
Өңшең ерім бас қосып,
Көпке ақыл салыңдар.
Әлімжан сынды атаңның
Сөзін қабыл алыңдар!
Әлімжан айтар сөзден тартынбады,
Айбаты найзағайдай жарқылдады,
Сұлтанның бар жаласын ашып салып,
Зұлымды көзге шұқып қарқындады.
Білдірмей сонда Сұлтан сарқылғанын,
Қаба сөйлеп, төбеттей саңқылдады.
Шетіңнен итжеккенге айдатам деп,
Атарман, шабарманын шақырып алды.
Песірлер жазып жатыр протоколды,
Айыпкер деп көп жұртқа атақ берді.
Бөкеннің жеті ерін қойдай тізіп,
Тал түсте бұғалақтап көгендеді.
Бәрінің тартып алды мал мен мүлкін,
Тұтқындады ерлерді — елдің көркін.
Сұр жылан Сұлтан отыр қанын тартып,
Қара бет, қара жүрек азған шіркін!
Көзінен жігіттердің оты жайнап,
Ашынды ыза буып, тісін қайран.
Бізді де тұтқындар деп күні ертең,
Бір топ жас дайындалды қару сайлап.
Бұл қорлыққа шыдамай,
Бөкендіктер қайғырды.
Қатын, бала зар жылап,
Тау менен тас жаңғырды.
Кемпір, шалдар кемсеңдеп,
Ақылдан танып мәңгірді.
Шауыр болған жарлы елді,
Есінеп Сұлтан тандырды.
Аянар бұдан жан жоқ деп,
Ер азамат сап құрып,
Ұрыспаққа қам қылды.
Би, болыс түскен ақ үйге
Тастан жаңбыр жаудырды.
Байлап алған жеті ерді
Босатуға бұғаудан,
Жиылған ел қам қылды.
— Сыйлағанды білмедің,
Сөнген отты үрледің,
Өзің басып көрікті,
Боздаққа салып бұғалық,
Месқарын неге желікті!?—
Деп Әлімжан ақырып,
Болыс, биге төніпті.
Байлаудан босап Нүсіпбай,
Песірді алды жағадан.
Ақтыны бер деп алқымдап,
Қыса ұстады сағадан.
Жасауыл жалтақ Жақсымбет,
Түспеген көзге манадан.
Ерлердің түрін көрген соң,
Есі шығып залымның,
Дей берді: «Құлдық, садағаң!»
Сұлтанды жығып сойылға,
Бар қағазды Жұрқабай
Отқа өртейді шашады,
Тұра алмай шыдап Жақсымбет,
Атына міне қашады.
Соңынан түсіп Нүсіпбай,
Атына қамшы басады.
Үрейленіп Жақсымбет,
Қарамай зытты артына.
Тоқтақұл деген кедейдің
Тоғыз жасар баласы,
Көзінің ақ пен қарасы
Қалды аттың астында,
Тіл тартпай кетті балғын жас,
Бақадай аузын ашты да.
Анасы қалды ойбайлап,
«Көріңде өкір, Сұлтан» деп,
Біреулер жүр айғайлап.
Өкінді жұрт балаға,
Қосылды жара жараға.
Арыз жазып ұлыққа,
Шаптырды дереу қалаға.
Елдің момын кедейін
Ол кезде езді манаптар.
Қағазға жазып берейін,
Салмағын жұртым қадақтар.
Соқтығып қалды екі тап,
Не болар арты көрейін.
Істері кетті судьяға,
Кім білсін заңның не дерін.
Ұлыққа пара берді байлар жағы,
Ол кезде пара берсе көктер бағы.
Сөзі өтпей, теңдік тимей кедейлерге,
Қалатын айыпкер боп сынып сағы.
Әділдік, аяушылық бөрі малда,
Сондықтан шағылмайды байлар тауы.
Параны кім көп берсе, дау сенікі,
Малымен сатып алар қолындағы.
Сұлтан, болыс күш қылып,
Бөкенге маза бермеді.
Ақылды туған Әлімжан
Намыстан жарылып өлмеді.
Барымтаға алды сұлтандар
Көп кедейдің бар малын.
Тұсынан өткен Бөкенді
Сойылға жығып жерледі.
Өшпендігі екі елдің
Күннен-күнге өрледі.
Ұзамай сот та шықты ел аралап,
Шешпекші елдің дауын, істі қарап.
Алдынан шабармандар лау мініп,
Жыландай келе жатты жерді жалап.
Жол бойы қонақ болып бай мен бекке,
Кенелді сот олжаға, мол құрметке,
Тайпалған талай жорға жетектелді,
Қалтаға ақша түсті аз ба, көп пе?
Сабылтып келе жатыр ызғарланып,
Олжаға көңлі өсіп, мейірі қанып.
Ақ үйге аттың басын тірегенде,
Қол берді Сұлтан шығып қарсы алып.
Пристав, судьялар бірге түсті,
Сұлтан барып олардың қолын қысты.
Бағланның етін жесін, арақ ішіп,
Бар жайды ашып айтып, ақылдасты.
Бөкеннің даулайтыны кісі құны,
Икемге ап Сұлтан отыр енді мұны.
Дәрігердің қалтасына тай - тұяқ сап,
Аузын тығындады,— шықпас үні.
Екі елдің келесі күн басын қосты,
Не дер деп ұлық аузын Бөкен тосты.
Баланың көрін ашып көрмек болып,
Бәрі де мола жаққа шұбырысты.
Өлігін көрден алып көрді көзбен,
Тұяқтың таңбасы тұр етін езген.
«Өзі ұрып өлтірген» деп жазылды акт,
Кім көрген мұндай сұмды ардан безген?!
Бекеннің қолдан кетті енді күші,
Халықты түршіктірді соттың ісі.
Жүрегі Әлімжанның тілімденіп,
Қайнады ыза-кегі, күйді іші.
Қисайды ұлықтардың қалам ұшы,
Күрсінді Бөкендердің құрып мысы.
Жауыздың үкім айтып ары жоқтар,
«Тұтқындалсын,— ден жазды, — жеті кісі».
Сол жерде Қырғызбайды байлап алды,
Есіл ер қапияда қолда қалды.
Астыртын хабарласып алты жігіт,
Сол сағат ебін тауып,
көзден тайды.
Ұлықтың кетті бұлар құлқын сезіп,
Кекті ашу шыдатпады жанын езіп.
«Шешінген судан таймас» дегендейін,
Жөнелді жортуылдап жиһан кезіп.
Артында қалды зарлап қатын, бала,
Зорлық, қорлық жүрегін еткен жара.
Тау, тасты мекендеді тағы болып,
Арман жоқ Сұлтанды өлсе жастыққа ала.
Кетті алып байлап, матап Қырғызбайды,
Еш жерге сусындатып тұрзғызбайды.
Бар денесі көгерген таяқпенен,
Көк желке есіл ерді бұрғызбайды.
Мысқылдап күліп қояд өңшең бұзық,
Мысықтай тышқан алған көрді қызық:
Арпалысып, ашу кек көкірегінде,
Қырғызбай қарап жатты көзін сүзіп.
Пристав маң-маң басып келді жақын,
— Кім,— деді Қырғызбайға,— сенің атың?
Жендеттер ұрып-соғып жазалады,
Өш алды қан ағызып, қылмай рахым.
Кезерген кеуіп таңдай, еріндері,
Кең дүние тостағандай көрінбейді.
Ұрса да, сүйресе де мыңқ етпейді,
Қасарып ер жігері жеңілмеді.
Қырғызбай би, болысқа назаланды,
Нахақ ер жазықсыздан жазаланды.
Өртеніп ет жүрегі жатыр жанып,
Қинады ел қайғысы мазаны алды,
Толғанып іштен Қырғызбай,
Деді, қайран елім-ай,
Кіндік кесіп, кір жуған
Кіндіктес атты жерім - ай,
Қойнында туып ержетіп,
Ерке өскен күнім - ай.
Тоқсандағы атам - ай,
Сексендегі анам - ай!
Сүйген жарым аман бол,
Тап болды маған ұзақ жол.
Колоткаға қарылды,
Екі аяқ пен екі қол,
Кетпесін кегім жауымда,
Бар тілегім менің сол.
Тауға сіңген серіктер —
Кеудедегі тынысым.
Басы бос олар ерікті ер,
Белін бекем буынсын.
Кек шыңдаған аң семсер
Жау қанына жуылсын.
Бізде нұрлы күн туар,
Зорлық құрып дүниеден,
Әділет пен шын туар.
Жарлының жоғын жоқтайтын,
Дүйім елден ұл туар.
Он бес жылға сотталып,
Қырғызбай кетті Сібірге.
Өзегінде от жанып
Өмірі өтті Сібірде.
Он жылды сонда өткізді,
Есінеп қалмас өмірде,
Қараңғы түрме, тар қапас
Қасірет құйды көңілге.
* * *
Қырғызбайдың достары
Мекендеді тау - құзын.
Таудың тасын жастанып,
Төсеніп жатты көк мұзын.
Алысқан жаумен аңдысып,
Көрмеді он жыл ел жүзін.
Байлардың малын айдап ап,
Күн сайын сол боп азығы.
Қуғын көрді ұзақ жыл,
Болмаса да жазығы.
Алты батыр кетті алыс,
Көрінбеді жауына.
Олар барып бекінді
Қырғыздың Алатауына.
Ат, тондарын сайлады.
Қаруларын қайрады.
Патшаның тақтан түскенін
Естіп олар шаттанып,
Таң жақын деп ойлады.
Елді жеген жауыздың
Талайын ұстап байлады,
Белдесер күн бар ма деп,
Қазандай іші қайнады.
Лениннің естіп атағын,
Жүздері нұрдай жайнады.
Жер мен көкті сілкінтіп,
Он жетінші жыл келді,
Бостандық таңы арайлап,
Теңдік деген үн келді.
Әлемге жайып шұғыласын,
Лениндей күн келді.
Ұлы Октябрь толқынын
Ту астынан ел көрді.
«Азаттың!» деген асыл сөз
Жетті лезде халыққа.
Ленин дана жетелеп,
Шығарды елді жарыққа.
Қуаныштан нәр берді
Аштар менен арыққа.
Қашқын болған батырлар
Үңгірден шығып бой жазды,
Қанат қақты шабыт та.
Өздері келіп қосылды,
Қызыләскер тобына.
Қарсы тұрды қарумен
Бай, манаптың жолына.
Қашқандарын қағып ап,
Тастады өлім торына.
Бастарын тікті батырлар,
Большевиктің жолына.
Халықтар кегін, ызасын
Би, болысқа оқтады.
Үстем тапты жапырып,
Кигізді оған ноқтаны.
Жауының сағын сындырып,
Кеудесін кере алды дем,
Ел - жұртына қосылып
Дүниені көрді кең.
Қырғызбайды еске алып,
Деуші еді бәрі:
«тірі ме екен?»
Айтайын соның хабарын,
Сібірде аман жүр ме екен?
* * *
Қырғызбай Сібірге кеп тұрақтады,
Үйренгенше ауасы шыдатпады.
Қол-аяқтың бұғауы алынғанмен,
Ащы терін маңдайдың құрғатпады.
Саны жоқ сапырылысқан қалың халық,
Бәрі де барған екен жер аударылып.
Грузин, украин, армян, орыс,
Башқұрт пен татар да жүр күйіп-жанып,
Солардың мекені екен бір кең арал,
Ішер ас, көрген бейнет ес тандырар.
Жайсыз - ақ жатар орын, киер киім,
Ұлықтар тұтқындарды итке балар.
Сөзіңе құлақ аспайд арыз айтсаң,
Аш жатқызад, ауырып ерте қайтсаң.
Күндік нормаң бітпесе, ол бір бәле,
Бәрекелде демейді тас қайнатсаң.
Осылай өтіп жатты жылжып өмір,
Серпілмейді тас басқандай ауыр көңіл.
Қырғызбай шыдап бақты қиындыққа,
Ер еді еңіреген болат жігер.
Жиырма адам бір бөлмеде жататұғын,
Бір столдан бәрі дәм тататұғын:
Кей күні тіл қатыспай ұзақ таңға,
Кейде таң керіспенен ататұғын.
Баяндап үстем таптың саясатын,
Андрей ортасында сыр ашатын.
Жолында бостандықтың жан құрбан деп,
Қызған жұрт тұс-тұсынан шуласатын.
Қырғызбай үндемейді ойға қалып,
Кей күні ұйықтамайды таңға талып.
Жазықсыз жаралының бірі өзі,
Андрейдің айтқаны айдан анық.
Зорлық, қорлық бәрі де өтті өзінен,
Көрді бәрін бұлтартпай өз көзімен;
Сырын айтып ақтарад Андрейге,
Бір әділ жан тапқандай жер жүзінен.
— Кедейлер байдың құлы есіктегі,
Ешбір жан оның мұңын есітпеді,
Болса егер етің тірі бас көтерер.
Жіберед Итжеккенге айдап сені.
Ағынан ақтарылып сыр айтылды,
Екі достың арасында жыр айтылды;
Сенімі серік болды бір-біріне,
Жүздерінде туысқандық шырай тұрды.
Қосылды тілегі де, жүрегі де,
Не істесе де бұлардың ақылы бірге.
Жасырып ұйым болып ұйымдасты,
Қарайды бір әйнектен келер күнге.
Оянды Қырғызбайдың ой-санасы,
Өзгерді дүниеге көзқарасы:
Дос болды құшақтасып Андреймен,
Екі ұлттың от жүректі екі жасы.
Қанатын жая берді жасырын ұйым,
Талқылап тұқындардың ауыр күйін.
Әр ұлттан мүше болды өзі қалап,
Көрмек боп өмірінің тартқан сыйын.
Андрей сол ұйымның жетекшісі,
Кеңейді етек алып ұйым ісі:
Лениннің ұлы сөзі устав болып,
Сілкінді тұтқындардың жігер, күші...
Айлардан ай өткенде,
Бостандықтың ұраны
Тайгаға да жеткенде.
Андрей мен Қырғызбай
Айсыз түнгі жұлдыздай
Кеудеде сенім - шырағы.
Айдалып келген қиырға,
Әр ұлттың өрен боздағы
Шыныққан көніп қиынға
Жігер, намыс қоздады.
Белдерін буып аттанды.
Жауға кекті қозғады.
Хабар алып астыртып,
Патшаның білді түскенін
Дүние жүзі сілкініп,
Патшалықтың өшкенін.
Күле қарап күн туды,
Жаулардан кек алынды.
Талқандалды тар қапас,
Ерлер тордан босанды.
Теңдік туын көтеріп,
Мұздай темір құрсанды.
Көрген азап өткен-ді,
Мұңды жері тайганың
Қайта гүлдеп көгерді;
Ардагері әр елдің,
Шықты үзіп көгенді.
Барлық тұтқын босанып,
Елдеріне жол тартты,
Соның бірі Қырғызбай
Андреймен бір тартты.
Келе жатыр дем алмай,
Сабылтып олар қос атты;
Жолда жүрді тоғыз ай,
Талай-талай күн батты.
Ақыры жетті еліне,
Туып, өскен жеріне.
Туған жердің топырағын
Төсіне басты Қырғызбай.
Домалаған ыстық жас
Омырауын жуғызды - ай;
Кеткеніне елінен
Болған екен он жылдай.
Орынборға келген соң,
Андреймен қоштасты.
Бірге болып он жылдай,
От-жалындай бір-бірін
Ыстың көрді, өйткені,
Тар кезеңде достасты,
Ұлы орыстың баласын,
Ағасындай сыйлайды.
Андрейді Қырғызбай
Кетерінде қимайды.
— Еліңе бар да, тез орал,
Өзің талай айтушы ең.
Алда талай асу бар,
Бізді аңдыған дұшпан көп.
Бостандық келмейд тектен-тек.
Тамырын жаудың жоғалтпай,
Кеудеден шықпас ыза, кек.
Таппен таптың тартысы —
Дауылды күнгі жанған өрт.
Қолын қысып қоштасып,
Қала берді Андрей.
Поезбенен көп жүрді,
Жетті еліне Қырғызбай.
Алып ұшты жүрегі,
Көктемнің самал желіндей.
Астына мінген атының
Тежемей басын жіберді.
Елең қағып жануар
Ұшқан құстай жөнелді.
Қос құлағы қамыстай,
Мойны кез, сағақты,
Тісі ұзын қарыстай,
Соза тартқан тамақты.
Асқар таулар, кең дала,
Гүрілдеп аққан өзендер,
Барын жайған алдынан
Анасындай туған жер.
Қырғызбай кенет таң қалды,
Сағынып келген ауылының
Қаңырап жатыр қонысы.
Өмірдің соққан даулының
Тастаған ізі мұнысы.
Білмей қайда барарын,
Ақтарылып тұрғанда,
Көзіне түсті бір кісі.
Сәлем берді Қырғызбай
Жақын келіп қасына.
Ақ сақалды қарт адам,
Таяққа тұр асыла.
— Келесің қайдан, шырағым,
Кім болады сүйегің?
Мен көрмеген баласың,
Әлде құда, жиенім?
Солдатпысың әлде сен,
Үстіңе киген сұр қаптал.
Жүрісіңде бір гәп бар,
Екенін ойым түйіп тұр.
Әлде адал ұлымсың,
Елдің тұзын шын ақтар.
Шошынбайды қарт жаным,
Жөніңді айтшы, шырағым.
Алпыс екі тамырым
Сені көріп иіп тұр.
Атынан түсіп Қырғызбай
Қарттың келді жанына,
Сәске түстің кезі еді,
Шағылады күн нұры,
Шық моншағын тағынған
Сақалының ағына.
Қырғызбай жөнін айтқанда,
Жас баладай кемсеңдеп,
Көз жасы кетті ағыла.
Бұл баяғы Әлімжан
Құшағын жайып жүгірді.
— Дауысыңа болайын
Болаттан берік жігерлі.
Жасымадың жауыңнан,
Басыңды байлап дауына.
Аман келдің, адал ұл,
Ақ басты Алатауыңа.
Айтатын саған сырым бар,
Ардагерім, құлақ сал.
Алды-артыңа қарашы,
Төрт жағы құбыла кімдер бар?
Сен кеткелі еліңнен,
Туып, өскен жеріңнен,
Талай дүние өзгерді.
Өзгергенін көз көрді.
Сені өсірген ата-ана,
Сенен қалған жас бала,
Сені сүйген аруың,
Қаза болды,
жасыма.
Байлардың тиіп сойылы,
Бір үйдегі төрт жанның
Бәрі де жерге қойылды.
Жүк ауырын нар көтерер,
Нардан да күшті ер едің,
Беліңді бекем байлағын,
Айбының күшті сен едің.
Би, болыс, патша жеңбеген
Жиһангер батыр сеп едің.
Қайғының бұлтын тілетіп
Найзағайға тең едің.
Келе ме деп, қарағым,
Жолыңды тосып жүр едім.
Өткен іске өкінбе,
Атыңа мін, бекін де.
Ығысып барып ел отыр,
Балықты Балқаш шетінде.
Байлардан барып кегіңді ал,
Қолың жетті енді өкімге.
Жолыңа, жаным, бозқасқа,
Алдыма түс те,
ел баста.
Жеңімпаз туын жеңістің
Шайқалдырмай нық ұста.
Кемеңгер Ленин басшымыз
Нұрын шашты Шығысқа.
Елің тірі тұрғанда,
Зар болмассың туысқа! —
Деп Әлімжан тоқтады.
Туған жерін сағынған
Қырғызбай көріп қуанды,
Үй ішінің өлімі,
Жанына, бірақ,
тым батты.
Кегі үшін солардың,
Туған елдің, өзінің
Жауын түгел талқандап
Құртуға бекіп, серт етті.
Басшы қылып Әлімжанды,
Ауылын іздеп жол тартты.
Белін бекем буынып,
Қамшылай түсті боз атты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жамбыл жатып қалғанда

  • 0
  • 0

Жамбылдың жасы жүзге тақалған-ды,
Мезгілден қарттығы да «ақы алған-ды» —
Қарттыққа екі беттен етті беріп,
Мұрты мең селдіреген сақал қалды.

Толық

Кененнің Нүрила мен Үмбеталыға айтқаны

  • 0
  • 1

Бір сөзге тиянақты болмай палуан,
Имендің бе ізденген өнерпаздан.
Неге састың сөзіңнен, неге адастың,
Қажығандай қайқаңдап Нұриладан?

Толық

Құдасының айтқаны

  • 0
  • 0

Ей, құда, үстіңде жоқ киім, деді.
Табуын қалың малды қиын, деді.
Қызымды қу кедейге бере алмаймын,
Байлауым осы соңғы түйін, деді.

Толық

Қарап көріңіз