Өлең, жыр, ақындар

Жамбылдың желдірмесі

  • 10.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1209
Желдірмесі Жамбылдың,
Жел соққандай таң қалдың,
Екіленіп екпіндеп,
Қарасақал желпілдеп,
Тізелері селкілдеп,
Желген аттай дүрсілдеп,
Жел маядай бүлкілдеп,
Жерімен бірге зіркілдеп,
Келіп жатқан секілді.
Ахау шіркін,
шіркін! — деп,
Таңдайына тамғандай,
Жыр тізбегі біртіндеп.
Жалғыз әні желдірме
Жақсы болсаң — батыл деп,
Қорқақ болсаң,
сатыл деп,
Қожаңдаған күштіге
Қорғасындай атыл деп,
Сорғалаған қырандай
Бөктердегі бөріге
Төне жатқан секілді.
Аяғының астында
Төре жатқан секілді,
Алынбаған алдында
Төбе жатқан секілді,
Асқар - асқар тауларда
Шыңдар жатқан секілді,
Айтылатын халыққа
Шындық жатқан секілді,
Желкесінен қиылар
Сұмдар жатқан секілді.
* * *
Жамбылдың бірге жүріп сырын алдым,
Үлгісін, өнегесін жиып алдым.
Болсақ та Шапырашты, Дулат екеу,
Ат қинап ауылымнан жиі бардым.
Бөлмеді сөзімізді екеуміздің,
Бізде жоқ, өзгеде бар күйі малдың.
Біз айтсақ, біздің сөзге ересіңіз,
Екеуміз ескі жырға төрешіміз,
Өнердің тұнығынан қалқып алып,
Екеуміз келешекке бересіміз.
Айтамыз соның бәрін өлеңдетіп,
Жалпыға Жамбылдатып, Кенендетіп,
Қатыгез, қаны суық байлардың да
Қоямыз құлақтарын елеңдетіп.
Күні - түн сол жүрістен байқағаным,
Қадірлеп балапандай шайқағаным.
Жамбылдың бір мінезі —
мақтанбайды,
Бой тартып, сайысудан сақтанбайды.
Қажырлы қайратынан қайрақ істеп,
Үскірік борандатып, ақпандайды.
Әжуа, қалжыңға да қапелімде
Шап етіп шауып қалар қақпандай-ды.
Ағат сөз айтып қалса ағайынға,
Жұтынып жұрт алдында ақтанбайды.
Бір сөзден әділ айтқан танбайтұғын,
Өмірде адалдықты таңдайтұғын.
Жақпаған, жақтырмаған адамына
Сараңдап да сараң бон тамбайтұғын.
Тағы бір қасиеті тарихының:
Адамды алғаш сөзден танитұғын.
Көргенде жалбаңдағыш жағымпазды,
Қанжардай өткір тілді жанитұғын,
Қатты құрт, қара шайдан ниет қылса,
Қарық боп соған түгел жаритұғын.
Сенгіш еді досына, ауырғанда
Ем болып айтқан сөзің даритұғын,
Өмірден жазатайым опық жесе,
Бір күнде бір жылғыдай аритұғын.
Бала көп, бәрін сүйіп құшатұғын
Жетімсіз тұрмыс шіркін қысатұғын.
Аңшының жақтырмайтын жата қалып,
Күнгейден күнәсі жоқ құс атуын...
Тапқанын көп балалар талапайлап,
Үлесіп алушы еді алақайлап.
Жәкеңді бүткіл Екей тәте дейтін,
Құрметпен ағайындар атын байлап.
Жамбылдан ұшан теңіз көргенім де...
Үйренген толып жатыр өрнегім де.
Қайсыбірін жазамын дарындының, —
Менің миым жетпейді меңгеруде.
Жәкеңді Жастайымнан төңіректен,
Әйтеуір жүре бердім епелектеп.
Сол Жәкең шығарғандай енді ойласам,
Өзімді өрден - өрге жетелеп кеп.
Көрген сайын Жәкеңді
Күліп қайттым жадырап,
Сүтке тойған қозыдай
Бөгіп қайттым маужырап.
Шежіредей таратып,
Елді аузына қаратып,
Көрұғлыны айтқанда
Көз ілмейтін таң. атып.
Алпамысты толғаса,
Жұрттың көзін қадалтып,
Қатаған мен Сүйімбай
Айтысқанын заулатып,
Білмесе де - ақ бір әріп,
Жыр теңізін тулатып,
Қомдаушы еді қанатын.
Домбырада күйші еді;
Күйші атанбай, жыршы еді.
Көп білетін ескі сөз,
Түгесілмес сыршы еді.
Дарынды ақын дүр еді,
Атаны зор ер еді.
Ата тегін үш жүздің
Он саусақтай біледі.
Қырғыздардың атасын
Мүдірмей айтып береді.
Әңгімені шерткенде,
Табылып сөздің керегі,
Құмарыңа құятын
Адамның асыл көрегі.
Тарыққанға пайдалы
Тапқыр ойы бар еді.
Толқи топқа түскенде
Тайпалмаға пар еді;
Жолда жүгін қалдырмас
Жалғыз еркеш нар еді.
Жамбыл аты — жыр еді,
Аш-арықтың — ары еді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кенен мен Есдәулет айтысы

  • 0
  • 0

Көсем адам сөз бастар,
Көпті көрген жол бастар.
Батыр адам қол бастар,
Көсем серке қой бастар,

Толық

Патшаның тойында

  • 0
  • 0

Жамбылдың бір ниеті Алматыда.
Болмайды үйде қарап шал жатуға.
Жәмшіктер ұлықтасып күн-түн демей,
Тынымсыз қара жолды шаңдатуда.

Толық

Құдасының айтқаны

  • 0
  • 0

Ей, құда, үстіңде жоқ киім, деді.
Табуын қалың малды қиын, деді.
Қызымды қу кедейге бере алмаймын,
Байлауым осы соңғы түйін, деді.

Толық

Қарап көріңіз