Наурызға ода
Бұл бетте «Наурызға ода» атты Мұхтар Шаханов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
1988 жылы да — мен үшін рухани жеңіс жылы. Колбинмен және бір топ өз ұлтымыздың нигилистерімен өткен мылтықсыз шайқаста асығым алшысынан түсті. "Наурыз — ислам дінінің қалдығы" деген сыңаржақ пікірді малданып, көлденең тұрмақ болғандар жеңілді. Кең байтақ, қазақ жеріне, іле-шала күллі Орта Азияға 62 жылғы үзілістен соң "Наурыз" мерекесінің қайта оралуына септігім тигеніне қуаныштымын.
Мына жыр Алматыдағы М.Горький атындағы демалыс паркінде, 100 мың адам жиналған сол шадыман мерекеде оқылып еді.
(Күнделіктен)
Қанша ғасыр сән берген даламызға
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,
Сәлем, Наурыз!
Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің.
Сен ең көне жырысың санамыздың,
Рухи шаттығымсың тасып толған.
Сені тойлап, бабасы бабамыздың
Әжемнің әжесіне ғашық болған.
Сен бүгін арнасысың дара күйдің,
Сан пейілдің төрінен күлімдейсің.
Сен менің ұлы бабам Фарабидің
Кешігіп елге жеткен үніндейсің.
Басыңды көтер, қане, күн қақтаған,
Сен енді басқа айқайға бұрылмайсың.
Тымырсық, тылсым жылдар тыңдатпаған
Сен бізге Шәкәрімнің жырындайсың.
Ғасырды көктеп өтіп сұңқар сезім,
Немерем тік көтеріп уақыт туын,
Ғашығына арнаған іңкәр сөзін
Өзіңнің тойыңда айтса - бақыттымын!
* * *
Көкірегімде төрт сәуле бар төрт бақыттан тұратын,
Төртеу — менің мұратым.
Төртеуінен алма-кезек нұр алам.
Біріншісі — туған елім — ұлы анам.
Екіншісі — ғазиз анам, саулығымды сұраған.
Бірақ маған екеуі де — бір адам.
Үшіншісі — намыс үшін беріспеген күндерім,
Жанған отты өшіруге келіспеген күндерім,
Жақсылыққа жақсылықпен өріс берген күндерім,
Тағдырымның жанарынан жеңіс көрген күндерім.
Сүрінгенді сүйеймін деп құлап қалған кездерім,
Өзім жылап, жан досымды жылатпаған кездерім.
Бәрі-бәрі, жомарттығым, адалдығым сондағы
Кеудеме кеп жиналды да, бақыт болып орнады.
Төртінші ме?
Төртіншісі — сәл тайқыса болар мұң,
Маған деген адалдығы ол,
мені сүйген адамның.
Динара
Өте керемет өлең екен
Ерхан
Мен Мұхтар Шахановтың «Наурызға ода» атты өлеңін оқып, қазақтың ұлттық мейрамы — Наурыздың рухани маңызы мен тарихи қалпын терең түсінгенімді айта аламын. Бұл шығармада ақын еліміздің көне дәстүріне арналған шынайы ойлар мен сезімдерді шебер жеткізеді, ал Ұлыстың ұлы күнінің қайта оралуы мен үшін де өзекті мәселе екенін көрсетеді. Өлеңде Наурыздың ғасырлар бойы жалғасқан дәстүр ретінде қазақ санасында сақталып, 62 жылдан кейін қайта тойланғаны — нағыз рухани жеңіс ретінде орын алғаны айқын сезіледі. Бұл өлеңді оқырманға ұсынамын, өйткені ол Қазақстанның ұлттық мерекесі — Наурыз мейрамын, оның тарихи маңызын және рухани мәнін жақсы ашады. Мазмұны қазақ тілінде түсінікті, терең ойлы және халықтық дәстүрлерді ұлықтауға бағытталған, сондықтан бұл шығарма Наурызға арналған поэзия іздейтін оқырмандарға өте пайдалы болады.