Болғанмен білімсізге бақыт серік
Болғанмен білімсізге бақыт серік,
Жүрмейді жүз айтқанмен, дәулет еріп.
Ұрынып өз-өзінен от пен суға,
Жоқ қылар жошағыдай жинап, теріп.
Осыдан үлкен, кішің алып ғибрат,
Кететін етпе жұмыс жұртың жеріп.
Миуалы дәулет бітсе, дарақтай боп,
Үйіп бас, құшағыңды отыр керіп.
Алғысын аш-арықтың ал қалайда,
Қайырыңды қай кезде де қолдан беріп.
Өзіңе, ойлағанда, қанша абырой,
Тойынып, қасыңнан халық тұрса өріп?
"Қол деген — көп дұғасы" қата емес,
Боларсың өркен жайып онан да өнік.
Жүресің жұрт аузында жана - дағы,
Күн бітіп, көз жұмылып, кетсең де өліп.
Жәһанның жоқ қарары, тұтынба дос,
Бұл сөзді бекер десең, қаларсың бос.
Басыңның қайрат барда қамын ойлап,
Өзіңді есі бүтін ерлерге қос.
Олардың айтуымен ойлап амал,
Пазылына Падишаңның қолыңды тос.
Жолына жамандықтың жетектейтін,
Найзалап нәпсібаттың өкпесін ос.
Тағдырың тамам болған уақытында,
Тақ қылып сайманыңды, саламат көш.
Алдыңнан Алла досы — шығып Сәруар,
Көркейтер кеуіліңді "келдің, - деп, - қош
Жыландай іннен шыққан иреңдемей,
Ей, тілім, енді үгіттеп, жөніңе жос!
Болса егер көзің көкте, көңілің биік,
Тартарсың құлар орға, бір зор күйік.
Дарақтай миуалы миың болса,
Байқап бас аяғыңды, басынды иіп.
Көтермей көрлер аяқ, көздер алдын, -
Жығылсам жатармын, - деп, жұртты жиып.
Солардай сен де күтін болып жүрсең,
Ер білер, еркінсімес ешкім тиіп.
Деп молда Тұрмағамбет қолым қойдым,
Айтыңдар бұл сөзімнен тапсаң қиып.
Сабырлы салтанатқа болар ие,
Сабырсыз үсті-басын етер күйе.
Ісіне еткен әрне аблықпасаң,
Берер Ақ бақ-дәулеттің бәрін үйе.
"Сары алтын - сабыр түбі" сақтап таза,
Пазылына Бирубардың49 басты сүйе.
"Арбамен асықпаған қоян алар"
Деген сөз қариялардан қалған жүйе.
Әлбетте, асығуды әдет айлап,
Жібіңді, жеме өкініш, байлап шие.
Үйреніп осы түрлі үгіт - уағыз,
Білімге бәрің - дағы ішті тие.
Құмарын халық біткеннің тарқататын,
Секілден сымбаты артық сүтті бие.
Жақсы өзін жан біткеннен кем көреді,
Айтқанын аға-інінің ем көреді.
Үлгі, үгіт ойлы ерлерден үйренуге,
Арланбай, әр күнінде он келеді.
Бақ қонып, білімге бай болғаннан соң,
Бәрін де байтақ жұрттың меңгереді.
Ел тегіс ізіне оның ергеннен соң,
Талабы ойына алған оң келеді.
Түбінен теңіздердің тұңғиықты,
Нәқанды алдына алып өңгереді.
Көңіліңе көкті тіреп отырғандай,
Басқаға бөркін жаман кең көреді.
Қылғанын қожайындыққа тыңдарға,
Едәуір өзіне-өзі шен көреді.
Базарда бәрі - дағы даналардың,
Бас білмес бақырауық жөң көреді.
Жал бітсе жабы - дағы жан оздырмас,
Құлағын текауармен теңгереді.
Жаратып, жиынды күн жарыстырсаң,
Сүмеңдеп сүт пісірім соң келеді.
Асқақтап әркімдер де әлін білмей,
Шалығып, шаршап, жүдеп, шөңгеледі.
Жайқалып жасыл шөппен тұрғанда сай,
Құрлықты қайда биік доң көреді.
Қырықтың қыратынан түсіп төмен,
Арбадай азғана өмір дөңгеледі.
Елуде елеңдемей өлімді ойлап,
Ойлы ерлер кәрілікке көнген еді.
Ақылдың көкірегінде көзі барлар,
Қайткенмен көп дұшпанын жеңген еді.
Саулықта сайра, тілім, сандуғаштай,
Сарқылып небір шамдар сөнген еді.
Сұхбаты сырластың сыр сабатындай,
Досыңның тұзы — сарттың набатындай.
Ойлы ерлер руыменен жеген уын,
Көреді өзге жердің абатындай.
Кем ойлы көптен шығып, лағады,
Алтын мен күміс кенін табатындай.
Тентекке туысқанның керегі кем,
Жапырып жауды жалғыз шабатыңдай.
Ақымаққа әлдеқалай ақыл айтсаң,
Ұмтылар аузын аша қабатындай.
Беретін жолыңды алып жолдас ізде,
Айыбыңды анық қымтап жабатындай.
Арнайы аға-інің келіп отыр,
Тап сенің тіліңнен бал таматындай.
Көркейтсең көптің көңілін, болар оның,
Түн тұрып, Тәңірге еткен тағатындай.
Қай уақытта келісті бір дастан сөйле,
Халқыңның құлағына жағатындай.
Сазына домбыраңда келіп отыр,
Бектердің қоңыраулы сағатыңдай.
Аузың жұм, аш қолыңды, болса есің,
Дарақ бол миуалы, жұртың жесін.
Пайдалы бұқараға бола қойсаң,
Жайылып жұртқа ауазаң, артар сесің.
Бақ құсын басыңа онда баяндатып,
Орасан өркендетіп берер өсім.
Жайып қол, жұртқа аузыңды ашсаң тұрып,
"Толтыр!" деп түбі тесік қарын, месің.
Басыңнан бақытың ұшып, бағаң кеміп,
Келмейді көлеңкеңе көршілесің.
Жазасын жақсы, жаман жұмысыңның,
Асылында, асықпасаң бір көрерсің.
Саулықта сайра, тілім, сандуғашша,
Бір күні бітсе уақытың, бүркенерсің.
Қаздырып қар бойындай шұқанақты,
Жатып ап, жан - жағыңды көр кірерсің.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі