Айдархан, Қалақай мен Нақып, Тарбақ
Айдархан, Қалақай мен Нақып, Тарбақ,
Тұрсындар таптан озып, өте парлап.
Біз - дағы көк тұқылдың біреуі едік,
Сыналған ерте бастан елді шарлап.
Болатын байқауымда түрлерің бар,
Арнадай ат түзетін аққан сарлап.
Иншалла, өмірлерің ұзақ болар,
Адамзат білмегенмен алдын барлап.
Сендермен кездескелі болды түрме,
Ақ отау алты қанат, алтын шарбақ.
Риза боп еткен құрмет сыйларыңа,
Батаны беріп тұрмыз тігіп бармақ.
Қашаннан халықты баққан азаматтың,
Басына бақыт қонып, дәулет дарымақ.
Көгерер жаңбырмен жер, дұғамен — ер,
Жоқ, сірә, жақсылығы жерде қалмақ.
Білдіріп бектіктеріңді мұндай күнде,
Күттіңдер, көп жасаңдар неше арнап.
Ақырын Алла өзі оңғармаса,
Жылап жүр жұрт біткеннің бәрі зарлап.
Болғандар байтаққа бас, бақыты ұшып,
Таба алмай тамсанып жүр арпа, жармақ.
Бірі — өзім сол айтқанның, сұрым кетіп,
Қырсықты құрған қақпан, салған қармақ.
Уақытта өтіп кеткен кәмпескілеп,
Кетіп еді белсенділер неше қарнап.
Болған соң тағдыр бұлай, тәбдір нешік,
Түрмеге тықты әкеліп, тағы қармап.
Тұр едім өте сасып осы күнде,
Таусылып тиын, тамақ келген қамдап.
Қарасып, қалайда да қарын тойды,
Азамат өздеріндей әлді аңлап.
"Басар, - деп, - оңға ісім", - үмиттармын,
Тұтқанмен түп етектен мені тандап.
Бәрің де кеңшілікке кездесерсің,
Қосылған қонысына қойша маңырап.
Атамыз Адам менен Хауа ана да,
Үш жүз жыл үй жоқ, күй жоқ жылады аңырап.
Ақ досты - Хабибулла Мұхтардың да,
Қалып еді қақырасы неше қаңырап.
Есіркеп ең соңында оларды Алла,
Оздырды елатынан, етіп сандақ.
Опасыз өшпу жақан болғаннан соң,
Өткенді ұнатпаймын тимей таңлақ.
Тұрмайды тұла бойын тозаң болмай,
Дүние — көптен қалған көне шандақ
Әруағы атақты ерлердің жәрдем болып,
Бір Құдай бәрінді де етсін андақ.
Шығатын қарғығандар қар бойыңдай,
Уайым ойлауымда ескі қандақ.
Қайғы етпе қалайда да, қаба алмайды,
Қолында тәуекелден тұрса балдақ.
Жайына жас біткенді қоя беріп,
Осылар әурелесейші біздей шалды - ақ!
* * *
Өкімет, құтты болсын он торт жылың,
Қылғанға қассың анық халыққа зұлым.
Кедейдің көзі ашылып, көңілі тасып,
Болып жүр бай-құлақтар ұлым - жұлым.
Риза боп еңбекшілер еңбегіңе,
Тапқай деп тілеп отыр ұзақ жүрім.
Қолға алып Қызыл туынды, қуана бер,
Жарады шабуға атты туған ұлың.
Арманың, андауымда, анық бітті,
Бағыңа бұлбұл қонып, пісіп гүлің.
Бұйырған қызметіңді бітіріп тұр,
Бай, құлақ, атқамінер болып құлың!
Дегендей "Құдай бергенге құлай берер",
Қашқындар келіп жатыр бірін-бірін.
Қорқақтың арты қопақ болып, жанып,
Бүлінді, білдіріп ап текке сырын.
Басылды бәрінің де тасқан көңілі,
Боларға бар ма уақыты ешкім қырын.
Таласып талайлармен, талқан болды,
Әркімдер әлін білмей мұнан бұрын.
Тентекке түстен кейін ақыл еніп,
Шама жоқ тұруға енді тартып мұрын.
Айрылып қатын, бала, мал-мүліктен,
Сақтаулы саясаттың жеді сүрін.
"Бостандық бізге де енді бар ма екен?" деп,
Кемпір де кеңеседі гүрің - гүрің.
Келе жатыр күннен-күнге көз жіберсек,
Көркейтіп кен дүниені күндей нұрың.
Торт жылда түгелінен бітіріңдер,
Жобаны жасап кеткен Ленин дүрің.
Басшыңның бағдарымен етіп істі,
Алатын абыройды болды түрің.
Үгітті ол турада айтылынған,
Көрді көп көңіліне балдан шірін.
Кемпір, ақсақ, шолақ, жарым жандар,
Қайғылы көкірегі, көзі — ірің.
Сонда да соның бәрі жұмысыңда,
Жууға жоқ пұрсаты беттің кірін.
Дегендей "Қырсыққан құс қырын ұшар"
Тыңдайтын тіпте жан жоқ олар жырын.
Мұндайша құтты болсын айтушыға,
Беретін "Бетін сүрт!" деп бар ма ырым?
Ел жинап үш ай, он күн "Қызылқұмнан"
Қонысқа құлатып ем жазғытұрым.
Ол еткен еңбегім де ескерілмей,
Ақыры болып кетті дырың - дырың.
Кедей ем киім, тамақ зорға тапқан,
Жамаулы, үйім жыртық қара құрым.
Ет, азық қатарымен қабат түсіп,
Бар ма лаж бұлайынша болды күнім.
Отырмыз осы тойда үмиттар боп,
Ел тегіс есітер деп қаздың үнін!
* * *
Көреді көзі жоқтар алдын парлап,
"Құдыққа қалам ба, - деп, - түсіп зарлап".
"Соқыр көп көреді" деген көне нақыл,
Айтқан сөз анығыңда соған арнап.
Сен - дағы сау болсаң да соқырдан да,
Сақ болып, сайманыңды түзе парлап.
Ұрынсаң көзім бар деп көрінгенге,
Кетуге імкәні бар біреу қарнап.
Аблықпай, асылында, өзіңді - өзің,
Қырық рет қысқа күнде қой нығарлап.
Түсетін таршылыққа түрің болса,
Кешікпей, кеңшілікке көш отарлап.
Сақтықта қорлық болмайды қалайда да,
Бақ, ықпал, абыройды ал қатарлап.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі