Өлең, жыр, ақындар

Тұрмағамбет пен Шәді төре

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2691
Тұрмағамбет:
Аралап таттым тұзын талай жердің,
Барлығын айта алмаймын, көргендердің.
Көп жерін кезіп жүріп бұл жаһанның
Ғаламда бір ғажайып патша көрдім.
Бір түстес өскен бақта үш-төрт гүлі,
Және бар бесеу-алтау шыққан түрі.
Олардың ортасында сайран етіп,
Сайрайтын ертелі-кеш бар бұлбұлы.
Мешітте жеті кісі молдасы бар,
Қасында сегіз-тоғыз жолдасы бар.
Патшаның хұзырында олар үшін,
Он жерде тағлым берер ордасы бар.
Бар екен қызметінде он бес кісі,
Олардың өзгелермен жоқ жұмысы.
Барлығын бақылайтын жаллаттардың
Жұптасқан алты жерге он екісі.
Желқабыз жиырма жігіт атқа мінген,
Көргендер қылуасына сырттан күлген.
Күндіз-түн жортуылдап жүрсе-дағы
Істері тиянақсыз істеп жүрген.
Жиырма бес айдаһар бар сарайында
Тұрақтап тұрмастай жан маңайында.
Және бар ордасында отыз қабылан
Халқының қан қақсатқан талайын да.
Бар екен қырық уәзірі ақылы кәмбіл,
Адамға айтқан сөзі ұнамды әрбір.
Халқына халиялы қалдырған із,
Адаспас керуен жолдай салған даңғыл.
Кеңесші қырық уәзірге елу кісі,
Кем емес бөрі саңлақ ешбірісі.
Басқарып байтақ елін олардың да
Басқаға үлгі етерлік бар жұмысы.
Айдалған ақ мақтаға алпыс атан,
Ақ қаптал барлығы да сары тіс атан.
Сөз парқын аңдайтұғын ақылдылар
Айтыңдар алжас кеткен болса қатам.
Қазылған жетпіс жап бар ордасында,
Бау-бақша еккен миуа ол басында.
Бұл кезде су тартылып, сөлі кепкен,
Із қалған атыз-жаптың формасында.
Сарайда сексен дарақ құлап жатқан,
Ысрапыл соққан дауыл ғаламаттан.
Оларды "тұрғызам" деп тоқсан кісі,
Әуре боп сілелері әбден қатқан.
Зынданда жүз кісіні байлап салған,
Олардан жоқ шығар жан тірі қалған.
Мен де оның жай-жағдайын білерліктей,
Ешкімге кеңеспедім хабар алған.
Бұл жұмбақ жабылды аузы тас бекіліп,
Тоқталды толымды боп нашты етіліп.
Жолдаушы қармақшылық Тұрмағамбет,
Келеді жаңа түлек жас жетіліп.
"Ашсын, – деп, – ақылы толық кілтін тауып",
Көмкердім күміс қаптап, алтын жауып.
Шешуін кешіктірмей қайтарарсың,
Шағыңда тұр ғой, төрем, атың шауып.
1906

Шәді төре:
Хабар ал, Тұрмағамбет, жазған хаттан,
Бір жұмбақ жобалапсың көңіл шаттан.
Жариялап жалпы жұртқа таратыпсың,
"Шешуін таппас, – деп, – жан бұл елаттан".
Қарайтын қаншама елден Ақмешітке,
Аз емес сені сырттан мақтап жатқан.
Алдынан өз еліңнің өткерген соң,
Бұл жаққа Мансұр4 сөзіңді аралатқан.
Әулігіп, асқар белден аса соғып,
Сен бопсың айдалаға бір оқ атқан.
Өзің де ойлай қойсаң, ұяларсың,
Ағалық, бұл айтылған насихаттан:
"Ғажайып патша көрдім" деген сөзің,
Ол — туған бала емес пе адамзаттан?
Өткенше екі жастан от басында,
Уыстатып күл-топырақ қармалатқан.
Үште — гүл, төрт-бес жаста — ата-анаға
Бұлбұлдай бала шырын тіл сайратқан.
Жеткен соң жеті жаста мектеп көріп,
Он жаста ол ғылымның дәмін татқан.
Он екі адамзаттың ағзалары,
Жұбынан алты орынға тұрақтатқан.
Он бесте орындап іс басқара алмай,
Дәметкен албырт көңіл әр талаптан.
Желқабыз жиырма жастың кезіндегі,
Әсері жігіттіктің нені аңдатқан!
Айбаты айдаһардай жиырма бестің,
Талғамай тура келсе, леппен тартқан.
Қайтпайтын қабылан мысал отыз жаста,
Тайынбай талайларды қан қақсатқан.
Қырық жаста ақылы кәмбіл уәзір заңды.
Кеңесін халиялы халық ұнатқан.
Елуде ер ортаға жеткеннен соң,
Ылайқат алар үлес инабаттан.
Ақ қаптал атандай-ақ алпыс жаста,
Қарттықтың нышаны сол абайлатқан.
Жетпіске жеткеннен соң, кетер жайтың,
Кеселдей жазылмайтын жанға батқан.
Секілді сексен жасқа келген кісі,
Дарақтай дауыл соғып жел құлатқан.
Тоқсанда тұла бойыңды игере алмай,
Аяққа тырп еткізбес түскен қақпан.
Жүз жаста зындандағы тұтқындайсың,
Жатқан тек күтіп кезек тар лахаттан5
Кілтсіз-ақ ашылды аузы жұмбағыңның,
Десең де: "Тас бекініп, мықтап жапқан".
Сөзіңнің соң жағында келекелеп,
Айтыпсың: "Төре едің, – деп, – атың шапқан".
Деген бар: "Әлін білген әлек болмас",
Сондай-ақ сен де әліңді білсең, мақтан.
Өзіңе-өзің сенсең тағы да жаз,
Мұныңды Шәді төре шешіп тапқан.
Қаңтар, 1907

Мардан Байділдаевтың жинаған мұраларынан осы жұмбақ айтыстың тағы бір нұсқасы табылды. Оңда Тұрмағамбеттің жауабын Майлықожа ақын шешеді. Ол нұсқаны да алдарыңызға тартып отырмыз.

Тұрмағамбет:
Құрметті жүз төмендік Николайға,
Жасыңнан кетті даңқың бірталайға.
Бір ауыз газетіне жұмбақ жазсам,
Мүмкін боп газетіңе сыйса жайға.
Аралап, таттым тұзын талай жердің,
Тауыспан баян етіп, көргендердің.
Сайратып жер жаһанды кезіп жүріп,
Тамаша бір ғажайып патша көрдім.
Шарбақта үш гүлі бар, бір бұлбұлы,
Жаһанда жан бар ма екен көрген мұны?
Үш гүлдің иісі баурап өн бойыңды,
Бұлбұлдың өте нәшті салған үні.
Мешітте жеті-сегіз молдасы бар,
Қасында тоғыз бала жолдасы бар.
Қарасам назар салып ол патшаға,
Он жерде тағлым берер бөлмесі бар.
Бар екен қызметінде он бес кісі,
Болмайды ешкімменен мұның ісі.
Он екі қызметкер бар алты жерде
Рахымсыз, еш қарарсыз іші-тысы.
Және бар жиырма жігіт атқа мінген,
Адамзат күлмей қалмас мұны көрген.
Адамды жақсы-жаман парық қылмай
Өз ісі өзіменен болып жүрген.
Жиырма бес айдаһар бар сарайында
Жан тұрмас ол тұрғанда маңайында.
Және бар қызметінде отыз қабылан
Адамның қан қақсатқан талайын да.
Бар екен қырық уәзірі ақылы даңғыл,
Адамға айтқан сөзі бәрі қабын.
Қырқы бір ауыздан сөз шығарса,
Болмайды еш нәрсенің көңілі мәліл.6
Бар екен елу жігіт ақылы толық,
Ақылға бәрі бірдей қалған толып.
Өнерлі бұдан артықжан болмайды,
Не керек басқа жаққа әуре болып.
Айдадым ақ мақтаға алпыс атан,
Ақ тұмсық бәрі бірдей сары тісті атан.
Молдалар білім білген, пайымдаңыз
Әр сөзден кешіре көр, болса қатам.
Қазылған жетпіс арық ордасында,
Қате көп жұмбақ жаздым жолдасыма.
Су түгіл, арығында ылғалы жоқ,
Пенденің ісін Құдай оңдасын да!
Сарайда сексен дарақ құлап жатқан,
Сұраймын медет бер деп Жаппар Хақтан.
Және бар қызметінде тоқсан жігіт,
Бекітіп бәріне де салған қақпан.
Зынданда жүз адам бар байлап салған,
Болмасын ешбіреуі мұның жалған.
Неше ай, неше сағат, неше мезгіл,
Бар ма екен бұ зынданнан хабар алған?
Ауызын жұмбағымның тас бекітіп,
Ашуға кілтін тап деп еттім тамам.
1906

Майлықожа:
Хабар ал, Тұрмағамбет, жазған хаттан,
Бір жұмбақ жобалапсың көңіл шаттан.
Бастырдың Николайдың газетіне,
"Жақында жан таппас деп мәмлақаттан".
Қараған Ақмешітке қанша ел бар,
Адам көп сені қымбат етіп жатқан.
Алдынан өз еліңнің тегіс өтіп,
Онан соң Мансұр халықты аралатқан.
Әулігіп, асқар белден аса соғып,
Сен бопсың айдалаға бір оқатқан.
Өзің де ойлай қойсаң, ұяларсың,
Ағалық, бұл айтылған насихаттан:
Әуелі патша көрдім деп айтыпсың,
Бұл — туған бала емес пе адамзаттан?
Келгенше екі жасқа жас баланың,
Ісі жоқ айқай, жылау, басқа гәптен.
Үш гүлі — ата-ананың сүйеріне,
Төрт жасқа шыққаннан соң тіл сайратқан.
Келгенде жеті-сегізге мектеп көріп,
Ғылымның он жасында дәмін татқан.
Он екі әр пенденің ағзасы бар,
Тұтас боп әрбір жерде қарар тапқан.
Он бесте сол секілді сылқым су ғып,
Білдірмей не қыларын бұлаңдатқан.
Жиырмада жігіт болып атқа мініп,
Әсері жігіттіктің нені андатқан?
Жігітке жиырма бес жас айдаһардай,
Кез келсе кезеңіне, леппен тартқан.
Жігіттің отыз жасы — мысал, қабылан,
Соқтығып көрінгенді қан қақсатқан.
Қырыққа келгенінде ақылың толық.
Секілді патша уәзірі сөз ұнатқан.
Елуге келгеннен соң кәрия боп,
Тұрарсың қатар еніп инабаттан.
Алпыста ақтұмсықты атандай-ақ,
Кәрілік сақал менен шашты ағартқан.
Жетпіске жасың келсе, денең солып,
Сәл қалмас, тамам ағза зәре атқан.
Сексенде түбі босап, мысал дарақ,
Тоқсанда ажал-әке салған қақпан.
Жүз жасқа келген адам, елікпен тең,
Жақсы ғой орын алмақ тар лахаттан.
Қатесі болса сөздің қайта жазғын,
Шымкенттен әкең Майлы мұны тапқан!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүрсін, Күлән, Шонымға

  • 0
  • 0

Сөз тыңда, Жүрсін менен Күлән, Шоным,
Қысқа емес, аңлауымда, ақыл - тоның.
Жақанға жаратылып келгеннен соң,
Оймаған өлім шіркін кімнің қоңын.

Толық

Махаңа

  • 0
  • 0

Кісі еді күткен дінін Махаң таза,
Тазалық тұрмысында тапты қаза.
Ұжмақтан, иншалла, орын алып,
Ісінен тіріде еткен табар маза.

Толық

Әкім Ұлықманның баласы туралы

  • 0
  • 0

Базарға Ұлықман ұлын ертіп шықты,
Аямай, көп ішінде ұрып жықты.
Перзенті, пардасынша зар еңіреп,
Жалынып "жан ата!" деп жерге бұқты.СЫ ТУРАЛЫ

Толық

Қарап көріңіз