Өлең, жыр, ақындар

Тұрмағамбет пен Жүрсін

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1955
Тұрмағамбет:
Жарайды жазған хатың, інім Жүрсін,
Қиғаш қас, құралай көз нағыз һүрсің!
Баласы Алтынайдың болғаннан соң,
Айбынба, білімге бай, анық дүрсің!
Жүрсін:
Қошемет сөз ғой, Төке, "дүр" дегенің!
"Қиғаш қас, құралай көз һүр" дегенің.
Бұл айтқан сөзіңізден байқалып түр:
"Жазуды жөндей алмай жүр", – дегенің.
Тұрмағамбет:
Қошемет емес мұным, анық еді,
Зейілім сүйегіңді танып еді.
Сөзіме сенбейтұғын сияғың бар,
Неліктен кеулің маған қалып еді?
Жүрсін:
Сөзіңе сендім, Төке, десең ондай,
Інің ем мақтағанмен жүрген оңбай.
Сөзіңе "дуа дарыған" адам едің,
Басыма кетпес онда бақыт қонбай.
Тұрмағамбет:
Басыңа ықпал орнап, бақыт қонса,
Қайырсыз қатарыңа болма онша.
Қазаның халық біткенге қайнап тұрсын!
Жаз салқын болсын үйің, қыс күн монша.
Жүрсін:
Осы айтқан үгітінді ескерермін,
Дүр сөзін өзіңіздей ес көрермін.
Бетіме өз ойыммен кете берсем,
Халық болып қалайынша көшке ерермін.
Тұрмағамбет:
"Көп жаса!" олай десең, деймін, інім,
Ағаның іні азбайды алған тілін.
"Шығады асыл — тастан, ақын — жастан",
Қалай да қайрат қыл да, халыққа білін!
Жүрсін:
Өзім де ұнатамын "білінгенді",
Алармын әрқашанда тілінді енді.
Ойыңнан шықсам, жақсы болар еді,
Болдың ғой сынайтұғын ініңді енді.
Тұрмағамбет:
Мен саған дұшпан ба едім "сынайтұғын?"
Айтпайсың, сірә, сөзді ұнайтұғын.
Ағаңның ақ көңіліне "ит қосасың",
Әрқашан саулығыңды сұрайтұғын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұлы Сұлтан Аяповке айтқаны

  • 0
  • 2

Ағаң ем отыратын тілегінде,
Ойынды отырамын білемін де.
Қамқорлық қай уақытта қылғаннан соң,
Марқайып мәз боламын күлемін де.

Толық

Отырма уайымсыз ажал барда

  • 0
  • 0

Отырма уайымсыз ажал барда,
Бойында, пенделік қыл, мажал барда.
Дариясы дін - исламның ағып жатыр,
Шомылып кір-қоңыңнан тазар, бар да.

Толық

Асыра сілтеу қылатын

  • 0
  • 0

Асыра сілтеу қылатын,
Бұзықтың бәрі басылды.
Тозаңы тарқап олардың,
Көптердің көзі ашылды.

Толық

Қарап көріңіз