Өлең, жыр, ақындар

Қара қоңыз

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3715
Жер жүзін қара қоңыз қаптайды жаз,
Бір боққа қырық-елуден қонбайды аз.
Кетеді бірінікін бірі алып,
Еркелеп, енелеске еткендей наз.
Біреуі қуып барып алысады,
Тым тату өзге жерде, мұнда араз.
Таласып тап уәлидің36 сарқытындай,
Етеді өте құрмет көп ағызаз. 37
Итеріп бірін-бірі тыраңдатып,
Қылады бір мереке өзіне саз.
Бәрін де жеңгеннен соң, жөнеледі,
Бір мықты домалатып алы, сабаз!
Бір жерге көміп оны, жайластырып,
Қуанып, қожырайып болады мәз.
Бұлайша жүреді ылғи тезек жиып,
"Қыс болса болам ба,– деп, – өте мұқтаж".
Тезегін бұрын көмген таба алмайды,
Көп қарап, шаршап-жүдеп шабандайды.
Қыс болса, жиғанының жартысын жеп,
Ендігі жаз болғанша амалдайды.
Мысалы сол секілді бұл күнгілер,
Дүния үшін бірін-бірі жамандайды.
Әлдісі әлсізінен тартып алып,
Ақ малын оныменен арамдайды.
Қыс қатты болған жылы — қырып алып,
Сып-сидам, басын сипап алаңдайды.
Он шақты ешкі менен қойды бағып,
Тон киіп, тамақ ішпей жалаңдайды.
Ақыры ат, атанның бәрін құртып,
Аяғы, өгіз мініп, салаңдайды.
Жинаған өліп-талып мал-мүліктің,
Ешбірін іздеп-тауып ала алмайды.
Адамға, кәні, жолдас болғаны мал?
Бұл қалай ара тұрар, келсе ажал?
Қоңыз да осы өзіміз айтып жатқан,
Және де осылайша бар бір мысал.
Дарияның Маһит атты ар жағында,
Жазира, "Бағыбақ" деген бар еді арал.
— Жайылып жазы-қысы жүретұғын,
Бір бөлек ат бар әндә, – деді, – ошал һал.
Иісі тезегінің ол аттардың
— Жұпардың иісіндей деп, айтады дәл.
Есітіп қоңыз біткен бұл жақтағы:
— Кел соған барайық,– деп ұшады, ал.
Арада ай мен апта өткеннен соң,
Бойлары божырайды болып дел-сал.
Қарны ашып, күш пен қуат құрыған соң,
Бәрі де бұлайынша ойлар қиял:
— "Бағыбақты" барғанменен, табамыз ба,
Я таппай, құр далада қаламыз ба?
Кешегі, кең далада тастап кеткен,
Тиюші ед таудай тезек дарамызға.
Әр жерден аяқ аузы үңгір қазып,
Толып ек күн-түн тасып шарамызға.
Бұл жерде бір тезек те көрінбейді,
Осынша олжа етерлік қарамызға.
Қанағат қолдағыға қылмаған соң,
Мінекей, кірді өштік арамызға.
Қадірін қара қидың білмеген соң,
Жатқаны жер күңіреніп наламызға.
Қонысқа қайтайық! — деп қарар жасар,
Қатын мен қылмай зорлық баламызға.
Аянбай әуелгіден парлап ұшар,
— Қиы көп, барайық, — деп, – саламызға!
Жете алмай, жолда шаршап, бәрі де өлер,
Өлмеске қоңыз қайтіп тапсын өнер?!
Сопысып, сол сияқты бір паралар,
Кемді-күн дін жолына көңілін бол ер.
Жөнінен ақыреттің айтса үгіт,
Жас ағып көздерінен, дөңгеленер.
Шарттарын шариғатың сұрамаққа,
Жазы-қыс жатпай-тұрмай жортып, желер.
Молла ұстап, мешіт салып, намаз оқып,
Қаріпке қорыққанынан қайыр берер.
Бұзылып өз-өзінен тұзсыз еттей,
Істерін етіп жүрген зиян көрер.
Ібілістің еріп анық алдауына,
Дүнияның қайтауылдап соңына ерер.
Әуресі "екі дүнияның" болып бірдей,
Қоңыздың осы айтқан кері келер.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сұлтанға

  • 0
  • 0

Бастырып жібер Сұлтан "батыр Самды",
Екенін аңладың ғой оның мәңгі.
Қосылып ашығымен ойнап, күліп,
Күні - түн сипалатып жатсын санды...

Толық

Арқаңның ауруы не қозбайтұғын

  • 0
  • 0

Ақыл — тон, андағанға тозбайтұғын,
Ғылым — кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Иелік екеуіне еткендердің
Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын.

Толық

Сүлеймен мен кірпікшешен

  • 0
  • 0

Ісі жоқ, кең ойлының кеңеспенен,
Кең ойлы: "Кеңес шығар, – демес, – менен"
Білсе де, былайғыдан білім сұрап,
Өзімен үзеңгісін теңеспеген.

Толық

Қарап көріңіз