Қазақ пен қонақ – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Қазақ пен қонақ» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.04.2019
  • 0
  • 2
  • 16526
Жігіттің қапалысын,
Азалысын
Жырменен жұбатпасаң —
Жазалысың.
Қонақсыз,
Той-думансыз өткен өмір
Өмірге саналмайды қазақ үшін.
Осындай қазақ інің,
Қазақ ағаң.
О бастан аңсағаны таза қоғам.
Адамдар арасында ғұмыр кешіп,
Адаммен араласпау —
Азап оған.
О бастан жомарт қазақ топырағы,
Ол қашан дастарқансыз тоқырады.
Мейманға нәрін беріп,
Барын беріп,
Қонақтан қалғанын жеп отырады.
Халқымның ең қымбаты төрі ме еді?!
Төрден ол қай уақытта жерінеді!
Қонақсыз қалған күні
Сол қазаққа
Бір нәрсе жетпейтіндей көрінеді.
Баласы батаменен ауызданған
Бабамнан мәрттік жайлы аңыз қалған.
Болмаса өз қонағы
Көршісінің
Қонағын бірер күнге қарызға алған!
Кететін жемісіңді тонап күзде
Жел жылдар қайткенде де шолақ бізге
Сондықтан санайды ол
Бұл өмірге
Келген бір бәріміз де қонақпыз деп.
Арудың қапалысын,
Азалысын
Күйменен жұбатпасаң —
Жазалысың.
Қонақсыз,
Той-думансыз өткен өмір
Өмірге саналмайды қазақ үшін!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (2)

Нұрдана

Керемет өлең

Алвасты

Ужас

Осы автордың басқа өлеңдері