Адасатын, орман түгіл, картада – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Адасатын, орман түгіл, картада» атты Қадыр Мырза Әли жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 27.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2114
Адасатын, орман түгіл, картада
Бар керемет ақыл-ойға «мәрт» аға.
Ол қарсы емес күнде сабақ беруге
Платонды отырғызып партаға.
Сәл-сәл тізгін тисе болды наданға,
Сол болады көкең де һәм дадаң да.
Жоғарыдан қарайды ол
Өзінен
Әлдеқайда биік тұрған адамға!
Көр-кеуделер мініп алып жыр-атқа,
Титықтатып өлтіреді-ау жырақта.
Кейде жастар үйренеді олардан,
Қалай жазбау керектігін бірақ та.
Икемі жоқ желі менен көгенге,
Икемі жоқ еден менен тегенге
Кейбір қыздар шынымен-ақ сенеді
Сенен асқан әдемі жоқ дегенге!
Кейбір жеңгей кіріп жүріп әр үйге,
Тасиды өсек,
Ұстамайды әрі ине.
Ондайлардың дәнсіз кеуек басынан
Қолы қымбат... (алтын толы, әрине?)
Адамдарды осындайға қимаймын.
Ашу кернеп,
Арна-сайға сыймаймын.
Ақырында
Бәрін мұң ғып — көзіме,
Мысқыл қылып — миығыма жинаймын!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері