Пендешілдік кім-кімге де тән деңдер – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Пендешілдік кім-кімге де тән деңдер» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3907
Пендешілдік кім-кімге де тән деңдер.
Пайғамбарды менсінбейді менмендер.
Қай кезде де көлегейлеп күнді бұлт,
Қай кезде де үрген пілге қандендер.
Жабыменен қатар жүрсе жорғалар,
Жүрісінен жаңылар һәм қор болар.
Сұңқарларға сықылықтап сауысқан,
Сандуғашты естіртпейді қарғалар.
Елге батар ердің азап шеккені.
Аз ба ақынның ауыр ойдан шөккені!
Судай жаңа өтіріктің бешпеті,
Ал шындықтың жыртық-жыртық шекпені!
Бәйге тимей қартаяды тарланың.
Бұдан асқан өкініш пен бар ма мұң?!
Тұз болғаның кімге керек!
Жай тұзға
Көзір алты шығарады бармағын!
Тағдыр-желге төтеп бермей бал құрақ,
Боркеміктің кетер мойны салбырап,
Әр нәрсені өз орнына қоятын
Ертең деген бір құдірет бар бірақ!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері