Шыққан сайын бір өрге – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Шыққан сайын бір өрге» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3053
Шыққан сайын бір өрге
Шыдамды мен жыр еттім.
Ойымды өртеп жүрер деп,
Отын бастым жүректің.
Әзілдеп те қыспадым
Аруларға көзімді.
Ауыздықтап ұстадым
Арындаған сезімді.
Дос қылмадым бекерге
Темірқазық — төзімді.
Шатақ шығып кетер деп,
Жұттым ащы сөзімді.
Жоқтатуын жоқтаттым
Кескен жанға жолымды.
Сілтей бере тоқтаттым
Көтерілген қолымды.
Қанша майдан, қанша егес
Жетер жолда мақсатқа.
Тебінгі емес,
Қамшы емес —
Тізгін керек жақсы атқа!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері