Көлге құйған өзендей қарық қылар – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Көлге құйған өзендей қарық қылар» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2326
Көлге құйған өзендей қарық қылар
Өлең жазсаң болмай ма халыққа ұнар.
Неткен жансың апырым-ай, мақтан сүйгіш,
Неткен жансың апырым-ай, даңқ құмар!
Өзім дейсің өмірде,
Өзім дейсің.
Қалай өзге жан барын сезінбейсің?!
Мақтау саған ұйқының дәрісіндей,
Соны естімей,
Сен тіпті көз ілмейсің.
Иланбасаң,
Еліңнен барып сұра.
Өзімшілді сүймейді халық, сірә.
Ал сен болсаң жүресің сөз дәметіп,
Ал сен болсаң жүресің даңқсырап,
Үйренбеген тізгінге бесті ме едің?!
Әдеп жолын қанша рет кескіледің.
Пәтер сұрап алғандар жетіп жатыр,
Даңқ сұрап алғанды естімедім!
Өнерімен біздерге қымбат басың,
Жырыңды жұрт жаттайды ұнатқасын...
Бірақ, бірақ,
Күн болсаң,
Даңқ — Ай ғой,
Ай дегенің тумай ма күн батқасын?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері