Көк тоғай – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Көк тоғай» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3018
Дыбысынан қашып шулы көшенің,
Бір-ақ қоржын дүние алып көшемін
Көк тоғайға жеткен бойда
Алдымен
Шырт-шырт еткен нейлондарды шешемін.
Күйбең тірлік ергенменен жармасып,
Қалады оның жолда сынып арбасы.
Оңашада өз-өзімнен мәз болам,
Жалаң аяқ табаныммен жер басып.
Жұпар шашып төңіректің жалбызы,
Мен боламын табиғаттың жалғызы.
Танауымды жыбырлатып хош иіс,
Сауырымды қытықтайды «хан қызы».
Неткен сұлу,
Неткен әсем өңір деп,
Сәл сергісең,
Көңіл шіркін семірмек.
Сыздауыттау соқпағымен жүгірем
Башпайымның арасынан жел гулеп.
Жиналыс жоқ сөйлейтұғын тіл безеп,
Шабыт қана шарқ ұрады жыр көзеп.
Қарағайдың саясында
Құстардың
Әнін тыңдап,
Қалғып алам бір мезет.
Көкжиекке аунағанда күлше күн,
Ой-жүйкенің босатып бар сым ішегін,
Аунап қайтам,
Қунап қайтам құлындай
Емгендей боп табиғаттың емшегін.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері