Қызғаншақ келіншек – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Қызғаншақ келіншек» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 5099
Азаматын кінәлідей тергеген
Әйелді мен бұрын-соңды көрмегем.
Жүрекпенен ұстамасаң жігітті,
Жүгендеуің мүмкін емес мөрменен!
Құлағыңды түре берме өсекке!
Сырғалының бәрі бірдей төсек пе?!
Сүйгеніңе сену керек!
Ал сенсең,
Әр қадамын неге аласың есепке!?
Сағат сайын іздеу салар еріңе,
Ол бір сондай жын-сайтан ба?
Пері ме?
Әлде ол сорлы момақан бір тоқты да,
Әйел біткен шеттерінен бөрі ме?!
Нар жігітке әр уақытта көп серік.
Не болады азаматтан кетсе ерік?
Ал сен болсаң,
Шылдырлатып телефон,
Сағат сайын отырасың тексеріп.
Дүниеде не ғажайып жоқ дейсің!
Күз боп солып,
Көктем болып көктейсің.
Махаббатты шектемеген
Жер мен Көк
От басымен қалай ғана шектейсің?!
Таусылсаң да,
Тауыссаң да тағатты,
Түймеген жөн, шытпаған жөн қабақты.
Бірін-бірі сүйген адам
Ешқашан
Бір-біріне болмау керек абақты!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері