Өмір солай – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Өмір солай» атты Қадыр Мырза Әли жазған өмір туралы өлең берілген.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 7687
Жалған айтсам,
Ғайбаттасам —
Оңбайын!
Кейбіреулер демес сені қолдайын.
Жиіркенеді — лас болсаң,
Кір болсаң;
Таза болсаң — кірлетуге ол дайын.
Көл көңілді өзен болып сыйлайды.
Шөл көңілге бұлақ болып құймайды.
Түйе сұрар,
Бие сұрар — бай болсаң;
Кедей болсаң — көк тиынын қимайды.
Сатылмауға тиісті ғой сөз деген!
Ерлік жайлы,
Елдік жайлы — өзге өлең!
Қарамайды — адам болсаң кеспірсіз,
Сұлу болсаң — ішіп-жейді көзбенен!
Түбінде бір болады деп керегі,
Сен туралы өсек-аяң тереді.
Өліп жатсаң,
Ала алмайды тірілтіп;
Тірі жүрсең,
Ауру тауып береді!
Жоқ оларға сөзі өтетін Төлеби.
Мұның бәрі көне жырлар,
Көне күй.
Ағайынның аты ғана ағайын...
Өмір солай! Өмір солай!—


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері