Қашан сонау қызғалдағым семгелі – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Қашан сонау қызғалдағым семгелі» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2407
Қашан сонау қызғалдағым семгелі!
Қашан сонау қызыл шоғым сөнгелі!
Ширек ғасыр өтіп кетті,
Алайда
Қызғанасың,
Қызғанасың сен мені.
Кезім бар ма пәлеге бір ұрынған?!
Сен бірақ та осылайсың бұрыннан:
Қызғанасың
Сегіз өрім қамшыдай
Алдына сап айдап кетер бұрымнан.
Қашан ұзап кетіп едім төрімнен?
Мен емеспін қызықтырар көрінген.
Қызғанасың бірақ апорт беттерден,
Қызғанасың құлпынайдай еріннен!
Кезім бар ма әлде сені үркіткен?
Көгілдірді аяйсың ба бүркіттен?!
Қызғанасың қиған қастан садақтай,
Қызғанасың қара жебе кірпіктен!
Мұның бәрін өмірде мен ескергем.
Босқа айтыспа,
Әділ сөзде дес бермен.
Қызғанасың скрипка белдерден,
Қызғанасың егіз күмбез төстерден!
Арыстандай азу тісі ақсиған
Өтті жастық,
Айырылдық көп сыйдан.
Қарасаңшы боз қыраудай басыма,
Қарасаңшы сақалыма сапсиған!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері