Сен тұрған үйдің тұрғыны – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Сен тұрған үйдің тұрғыны» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3495
Сен тұрған үйдің тұрғыны —
Көршіңе бәрін бересің.
Оның да бірақ бір күні
Оңбағандығын көресің.
Сергелдең өмір жолында
Сөзіне достың ересің.
Ойда жоқ жерде оның да
Опасыздығын көресің.
Бота көз бенен қой көзде
Бақытым бар деп жүресің.
Баяндай қыздың кей кезде
Баянсыздығын көресің.
Жанарыменен үміттің
Жақсылық қана тересің.
Өзімдей деген жігіттің
Өзімшілдігін көресің.
Ойланып біраз әріден
Әділдеу болсаң, төрешім,
Солардың тіпті бәрінен
Өзіңді кейде көресің!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері