Өлең, жыр, ақындар

Қала сыртында

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2879
Шығып едім қаладан зауқым қашып,
Сөйлейікші далада қауқылдасып.
Күлейінші жапанды жаңғыртып бір,
Жатайыншы армансыз мауқым басып.
Шабыт шіркін бір емес,
Он орай ма?!
Көңіл құсы құйқылжып қонар айға.
Текемет те,
Кілем де керек емес,
Құлай-құлай кетіңдер көкорайға!
Сайын дала сағымын іркілдетіп,
Сай сағалап барады түлкің кетіп.
Жібек гүлдің шырынын сорады-ай кеп,
Жабайы ара бөксесін бүлкілдетіп.
Мен өзімді қалада еліртпедім.
Көңілімді, қыр, енді семірт менің!
Қалай-қалай тебеді зәнталағың —
Жер тарпыған айғыры шегірткенің!
Жәндіктерсіз даланың бар ма сәні?!
Шыбын-шіркей көргеннен жармасады.
Содан қаным сарқылмас,
Сорса сорсын,
Өлтірмедім бірінші сары масаны.
Кешкі салқын сәл басып алауыңды,
Көңілдегі табады қалауыңды,
Бесті қымыз сияқты жусан иісі
Жарып кете жаздайды танауыңды.
Жапырағың сарғайып бағындағы,
Жылжи берер тіршілік ағымдағы.
Қиын екен, апыр-ай, қиын екен
Табиғатты адамның сағынғаны.
Кесесіне көңілдің құйып қымыз,
Шалғынға аунап басамыз «күйікті» біз.
Көрген кезде шалбарды көкке аунаған
Не ойлар екен, шіркін-ай, сүйіктіміз?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Балдыз бен жезде

  • 0
  • 0

Көргенменен кезінде далам азап,
Анам азат бүгінде,
Ағам азат.
Балдызымен ойнауды

Толық

Сүйікті сүйел

  • 0
  • 0

Күнге тосып,
Желге тосып арқамды,
Еңбекпенен қарсы аламын әр таңды.
Қаламсаптан пайда болған сүйел бар

Толық

Қапырық

  • 0
  • 0

Көк шалғынды шалғы орақтай жапырып
Соқпаған жел,
Жаумаған бұлт — мәкүрік!
Дүниені тастағандай тұмшалап,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар