Дөңгеленіп алдымда тұршы, ғалам
Дөңгеленіп алдымда тұршы, ғалам,
Жарық сәуле, сүйеу боп жүрші маған.
Шаттығымды, қайғымды тілмен айтып,
Қандай бақыт, күле алам, күрсіне алам.
Дөңгеленіп алдымда тұршы, ғалам,
Жарық сәуле, сүйеу боп жүрші маған.
Шаттығымды, қайғымды тілмен айтып,
Қандай бақыт, күле алам, күрсіне алам.
Бүршіктер сынды күтпеген жерден көктеген,
Шықты да бұлттан, аппақ ай жүзді көкпенен.
Арман бар менде толықсып туған ай сынды,
Ұшсам да оған, созсам да қолым жетпеген.
Дірілдейді қауызы көктем гүлі,
Жауып жатыр наурыздың көктен нұры.
Алып ұшқан жүректей мың тырнаның
Сыңсып келіп, мен жаққа өткен бірі.
Сары желдің сарсылды сағынышы,
Ақпа суға толғанда ағын іші.
Шартараптан шаттығын таба алмады
Шарықтаған даланың тағы құсы.
Қария айтқан бір сөз бар арлы ұғымда,
Сексеуілді сындырмас қарлы құмда.
Жүрек құрғыр саңқылдап сөйлеп кетсе,
Дауыстаймыз, болмайды қарлығуға.
Сыр айтумен сарсылды сырлы күнім,
Гүлге оранған қаланың тұрғынымын.
Бүлдіршіндей талпынған өтіп жатыр,
Көз алдымда бір сәтім, бір қылығым.
Жер де алтын, аспан да алтын, алтын да алтын,
Күз тұрды өзгертпестен салқын қалпын.
Қаймағы сағыныштың кілкілдеді,
Сары күн, қайда кетті жарқын қалпың?
Ұйқыдағы ғаламның сандырағы,
Бірте-бірте ап-анық ән құрады.
От өрілген, біртіндеп көтерілген
Сол әуеннің дауысы жаңғырады.
Сізге айтамын сырымды, замандасым,
Самал шамдар тербетсе баған басын.
Аппақ сәуле қаптаған кеңістігім
Тоқтай қалып, бұрады маған басын.
Көктем, көктем, көктем деумен тұр әлем,
Жаздым мен де көктем жайлы бір өлең.
Сулар ақсын сыңғыр қағып жылғамен,
Қызғалдақтар қаулап өссін нұрамен.
Шіркін-ай, сары дала, сары дала,
Ол-дағы мендей болып зарыға ма?
«Ертеңнен үмітіңді үзбе» деді,
Жалтылдап жұлдыздардың жарығы ана.
Өмір өксіп талдардың өзегінде,
Жүрек тулап тірліктің өзенінде.
Бақыт құсы басында адамзаттың,
Жүрген кезде шаттанып өз елінде.
Өмір өтіп бара жатыр, не білдің,
Құл болдың да, қамытыңа жегілдің.
Жаңбыр болдың жапыраққа төгілдің.
Іңгәладың, күлдің, өстің, егілдің.
Замандасым, құлақ салып тыңдашы,
Жамырайды бағанада жыл басы.
Бесік болып адамзатқа тербеліп,
Жер-ананың бітпей қойды іңгәсі.
Сулар біткен ақты да, сені ойлады,
Көше шамын жақты да, сені ойлады.
Сені ойлады, еске алып тебіренді
Туған жердің жап-жасыл кең аймағы.
Нұрланып махаббаттан шіркін әлем,
Ырғалды ынтызарлық ырқыменен.
Пушкинннің тарантасы барады өтіп,
Қырдағы жатақ ауыл сыртыменен.
Қалқыды қайран өлке қазыналы,
Жазықта ән қанаты жазылады.
Ал маған мынау байтақ ғаламдағы
Бәрінен бозторғайдың сазы ұнады.
Армысың, ана қыран, шаңқылдаған,
Аралдың шағаласы, саңқылдаған.
Тарылған тар заманда ғұмыр кешіп,
Айналдым екпініңнен тартынбаған.
Әуезімен алма ағашын гүлдеткен,
Сіздің өнер жолыңыз да бір мектеп.
Үніңізден жапалақтап ақша қар,
Әніңізден жаңбыр жауған дірдектеп.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі