Өлең, жыр, ақындар

Бәйдібек би (І нұсқа)

Қоян жылы қыс қатты болып, мал жұтай бастайды. Шынтас бай не істерін білмей сасады. Бұл кезде Бәйдібек он бес жасқа толған еді. Ол күн-түн жылқы ішінде жүреді. Шынтас жылқышыларына барады. Жылқысын аралап көреді. Үйір-үйір жылқылары Қаратаудың бөктерінде қалың қарды тебіндеп, қара жусанға жайылып жатады. Қартаңдары арықтап, жыл қысының мазасы кетіп қалғанын көреді.

— Әлі алда үш ай қыс бар. Қалай болар екен? Мыңғырған жылқыдан жұрдай болып, құрық ұстап қаламыз ба? Кәне, не ақылдарың бар? — деп жылқышыларына сөз салады.

Жылқы шы шал айтады:

— Жылқыңызды Ташкент, Түркістан базарына айдатып сатыңыз. Ақшасын жамбасқа басыңыз. Келесі жылы қайтадан жылқы сатып алып, орнын толтыра саласыз.

Әлсейіт деген ортаншы жылқышы айтады:

— Жылқыңызды әр үйге бестен, оннан бөліп беріңіз. Олар өз малындай қарап, аман алып шығар, — дейді.

— Байеке, егер маған тапсырсаңыз, — дейді бала жылқышы Бәйдібек, — жылқыңызды түгелдей Мойынқұмға қыстатып шығар едім. Ана жолы жоғалған қырық қысырақты іздеп Мойынқұм жайлауын түгелдей аралап шықтым. Сонда малын қыстатып жүрген жылқышы, түйеші, қойшылар: «Өзге жерде мал жұтаса да, бұл Мойынқұмда мал жұтамайды. Жел деген болмайды. Қар жұқа түседі. Мойынқұмның жусаны, изені, шеттігі, жыңғылы, сексеуілі, шеңгелі қанша мал жайылса да жетеді» деп отырған.

Шынтас бай Бәйдібектің сөзін құптап, былай депті:

— Бәйдібек балам, мен саған сенемін, сенің тегін емес екеніңді білемін, жылқымды талай рет барымташыдан, бораннан аман сақтап жүргеніңді қалай ұмытайын. Ал, ықтияр өзіңде, саған ерік бердім, — дейді.

Сонымен Шынтас байдың бір мың бес жүз жылқысын үшке бөліп, оншақты жігіт Мойынқұм жайлауына қарай айдайды. Сөйтіп, құмның ең ұйықты, шұрайлы жерін жайлайды. Бірер күннен кейін сол өңірді билеп отырған Арыстан би оларға бір жігітін жұмсапты.

— Барып біліп келші, қара құрымдай қаптап жатқан кімнің жылқысы екен?

Жігіт барып Шынтастың жылқышыларына жолықса, Бәйдібек:

— Ол биге мен барып сәлем берейін. Ауа келген жағдайымызды түсіндірейін, — дейді. Арыстан бидің қыстауы Қаратаудың күнгей бетіндегі Қызыл Арық бойында екен. Бәйдібек кештетіп Арыстан бидің үйіне барады. Төрде отырған жасы сексендерге жетіп қалған ақсақалды биге барып сәлем береді.

— Қай ауылдың баласысың?

— Үйсін Қараша бидің баласымын.

— Е, е, жарықтық. Қараша бидің де, онда бізге туысқан болдың ғой. Әкеңді білемін. Жас кезімізде алдына барып, қолынан талай дәм татқанмын, талай ақыл, кеңесін тыңдағанмын. Ал бұл жылқы кімдікі, балам?

— Шынтас байдікі. Мен сол байдың жылқышысымын. Биыл елімізде қыс қатты, жұт болатын түрі бар. Содан ығып Мойынқұмды паналап, қыстап шығуға келіп едік.

— Е, е, шырағым, бір атаның баласы екенбіз. Жер нәсібі — ел нәсібі, ел нәсібі — ер нәсібі. Жер мен малдың кіндігі бір деген. Ары тұр демей-ақ қояйын. Жер — менікі емес, Құдайдікі. Құдайдың жері бәрімізге жетеді. Еркін жайлап, қыстап шығыңдар. Ауыл мынау — келіп, кетіп тұрарсыңдар.

Арыстан атаның бұл сөзі Бәйдібек баланың көңілін жадыратты. Бағана жолда келе жатқанда «би қабыл көрсе дұрыс, қабыл көрмей қайтыңдар десе, қайтеміз» деген ой-күдігінің бәрін жуып-шайып жіберді. Дастарқан жайылды. Буы бұрқыраған дәу табақ ет келді. Бәрі дәмге қол созды. Ас үстінде де, одан соңғы келген шай үстінде де би атаның әңгімесі таусылар емес. Бірінен бірі өтеді. Тек тыңдай бер. Кішкентайынан әңгіме, жырға, шешен тапқыр сөзге құмар Бәйдібек баланың құлағы Арыстан атасында. Тіптен елігіп, бар ынтасымен ұйып қапты. Ел әбден жатар уақытта басында ақ кимешегі бар, бес биенің сабасындай бидің бәйбішесі қасында шай құйып отырған қызына:

— Қонақ балаға төргі үйге төсек салып қой дағы, өзің менің қасымда жат! Мына белі құрғырымды уқалап бер, — деді.

Бәйдібек әңгімеге есі шығып, келгелі бері бәйбіше қызын жөнді байқамапты. Енді назарын салып еді, екі көзі танадай жалт-жұлт еткен, сұлуша бүйрек мұрын сары қыз келбетті-ақ екен. Тесіле қарап қалған жігітке тана көзін бір жарқ еткізді де, күлімсіреген күйі орнынан тұрып, шешесінің айтқанын орындауға кетті. Бәйдібек ішінен: «Келгелі бері бұл қызға неге көңіл аудармадым екен» деді.

Сонымен, қыс күні біртіндеп өтіп жатады. Бәйдібек өзінің жылқышы ағаларымен бай жылқысын бағып, Мойынқұмды жайлап жүре береді. Көңілінде тана көз сары қызға деген махаббат құштарлығы тұтанды. Енді ауа жайылған жылқыны іздеген болып, кейде қашқан қасқыр, түлкіні індеткен болып Арыстан би ауылына барғыштай береді. Түстеніп, қона жатып, би айтқан қызықты аңыз, шежіре әңгімелерді тыңдайды, оңашасын тауып сары қызбен сырласады. Қыздың аты Гүлжамал еді. Оны әке, шешесі, аға, жеңгелері еркелетіп «Сары қыз» дейді екен. Бәйдібектің сары қызбен көңілдес, бір-бірін ұнатып, сырласып жүргенін шешесі де, әкесі де сезеді, бірақ шеккі көрмейді. Қайта жиірек кездесіп, бір-біріне үйір бола бергенін қалайды. Әсіресе жеңгелері көп дәнекерші болады.

Бір күні Арыстан би:

— Балам, саған ықыласым түсті. Еліңде құда түсіп, сөз сөйлерің бар ма?

— Ондай жанашыр әке, шеше менде жоқ, өзіммен-ақ сөйлесе беріңіз.

— Ендеше Сары қыз екеуіңе отау тігіп берейін, осында қалсаң қайтеді?

— Ақсақал, отау дегеніңіз жөн, бірақ мұнда қала алмаймын ғой. Жетім болғаныммен, менде де ел бар, жұрт бар. Ауылға барайын, ағайын туыспен ақылдасайын. Көп кешікпей қайтып айналып соғайын.

— Жарайды, мұның да жөн екен.

Арыстан би мен Бәйдібек баланың алғашқы келісімі осы болады.

Наурыз айы жақындап, қыстың ызғары қайта бастайды. Жылқышылар жылқысын еліне беттетіп айдай жаяды. Бірнеше күн дегенде олар еліне жетеді. Шынтас бай жылқысының мұрты бұзылмай аман-есен оралғанына қатты қуанады. Жылқышылар Мойынқұм жайлауын қыстап шыққанын, ол елдің Арыстан деген биінің көрсеткен аталық қамқорлығын, тіптен Бәйдібекке жалғыз қызын бермек болғанын жырдай қылып баян етеді. Сонда Шынтас байдың Бәйдібекке шын мейірі түсіпті:

— Бәйдібек балам, түсіндім, бәрі сенің арқаң. Жайлы өріс тауып жылқымның тай-тұлағына дейін сондай қаһарлы қыстан аман қалғаны тек сенің ақылың. Сен есік алдында жүрген құлым едің, енді ақылды ұлым болдың. Қасыңа бір қария, он жігіт қосып, алдыңа жүз жылқы салып берейін, Арыстан биге бар дағы қалыңдығыңды алып қайт!

Осылайша, Бәйдібек Арыстан бидің еліне барады. Би елі тайлы-таяғымен жиылып, Сары қыздың ұзату тойын жасайды. Ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, күрес, жамбы ату дейсің бе, барлық салт, дәстүр өтеді. Сөйтіп, Сары қыз жасау-жабдығы, бәсіре төлімен келін болып түседі. Шынтас бай да Арыстан биден қалмаймын деп барын салып, той өткізеді. Беташар, жар-жар жырланады. Бәйге, көкпар беріледі. Елі-жұрты Бәйдібек пен Гүлжамалға ақ отау тігіп, енші береді. Бәйдібек өзінің ақылды, тапқырлығы арқасында жалшылықтан, жоқшылықтан құтылып, ел қатарына қосылады. Көп кешікпей елі оны би етіп сайлап алады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз