Өзі күйші, өзі сері бір жігіт жұрт қарағандай жорға атын жоғалтып, іздеп жүріп бір ауылға тап болады. Бейтаныс ауыл болған соң үй таңдап жүрсін бе, шеткерірек тігілген бір үйге ат басын бұрады. Сәлем беріп үйге кіріп келсе, бойжеткен қызы бар үй екен. Төрге жайғасып, аман-саулық сұрасады. Үйдің үлкендері көрші ауылға қонақтап кетсе керек.
Үйге қонақ келген соң бойжеткен қыз кіріп-шығып дәм қамдайды. «Сырт көз — сыншы» деген емес пе, жас қыздың қылық-қимылын бағып отырған сері жігіт бойжеткеннің шалбарының балағында шоқ түсіп күйдірген ойықты көзі шалып қалады. Шалбар ойымынан қыз балтыры ағарып көрініп, көз арбайды.
Сонда, мырс етіп күлген сері жігіт іргеде сүйеулі тұрған домбыраны ала салып, бір тосын сарында шертеді. Домбыра үні сылқ-сылқ күліп, әлдебір сөзді қоймай қайталағандай болады. Бойжеткен қыз ши ішінен құлақ түріп тыңдаса, «жалаң бұттан жалт-жұлт, жалаң бұттан жалт-жұлт» деп сөйлеп отырғандай әсер береді. Жігіттің нені меңзеп тартып отырғанын сезген қыз «қап, мына көлденеңді көк аттыға келеке болдым-ау, берген асты ішіп жөнімен келіп, жөнімен кетпей ме!» деп іштей намыстанады. Бірақ сыр бермейді, кіріп-шығып дәм қамдап дастархан жаяды. Ал, сері жігіт болса, домбыра тіліне оралған әзіл сарынды қызықтап, сұңқылдай қайталап қоймайды.
Жігіттің мұнысына әбден намыстанып, шыдай алмаған қыз бір айлы сәтте: «Бәрекелді, тәрізі күйші ауылдың баласы болдыңыз-ау, мынауыңыз бұрын естімеген сарын екен. Кәне, мен қайталап көрейінші, былай тарттыңыз ба?» деп, домбыраны қолына алған беті сарынын өзгертпестен басқаша сөйлетіп, қарымта жауап қайтарады. Сонда қыз тартқан домбырада «Жөніңе жүр, жолаушы, жөніңе жүр, жолаушы!» деген қарымта жауап естіледі. Қыздың зілсіз қарымтасын жігіт те жазбай танып, өнеріне сүйсінген екен дейді.
Сөйтіп, бұл күй қыз бен жігіттің қалжыңын бейнелейтін болғандықтан, ел ішіне «Қағытпа» деген атпен тарап кетсе керек.
Күй сарыны бір орам әзіл сөздің буынын қайталауға құрылғандықтан тартуға оңай, содан да болуы керек. Ойын-тойда екі жар болып отырған жастар «Қағытпа» күйін жиі тартып, бір-бірін тың сөздің ырғағымен қағытып, сонсоң бір-біріне күй тілінде не деп әзілдегенін жорытып, мәз-мәйрам болысып жатады. Мұндайда домбырашының емеурін еткен сөзі күйі сарынының буынына сыймаса, күйді құбылта байытып, соны
ырғақ қосып, түрленте шертетін де дәстүр бар, мұның өзі тартушы мен тыңдаушының күй тілінде түсінуін шыңдап, өнердің өрісін ұзартатын дәстүр.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі