Өлең, жыр, ақындар

Жеке батыр

1817 жылы көктем, Бейсенбі ауылы қазіргі Қаба ауданына қарасты Қостай талдысы деп аталатын қоныста отырған еді.

Рулық қақтығыстың жолын қуып жүздерін суыққа бұрған бөгде рудың бұлаңшы тобы талтүс кезінде қанаттас отырған дәрігер (байкісі) ауылының бір топ түйесін, ауыл адамдарының қарсылығына қарамай, алдына сап айдап жөнеледі. Ауылдағы бала-шаға «бұлаңшы» деп ұлардай шулады. Әсіресе малмен көз ашып, малды жанының тірегі еткен ауылдағы аналар зар иледі. Аналардың «ойбай, құрыдық, күнге қарап ұлыдық, жұртта қалып құрыдық, бұл не сұмдық, бұл не басынғандық, бізден ұл тумап па еді?» деген зар-заласы тау-тасты жаңғыртты. Ауылдан Дөненбай шаңырағын да шайқалтты.

Ер жүрек Дөненбай мына қорлыққа шыдамай, атына дереу ер салды. Қатарлас отырған ауыл азаматтарын аттанысқа келтіріп, бұлаңшылардың өкше ізіне түсті. Бұлаңшылар жер түбіне барса да, қуып жетіп, түйелерді қайтарып әкелмек. Осы мақсат-тілек мінген атына қамшы бастырды, бұлаңшыларды састырды. Тебінгі терге көміліп, тұлпар талыққан кезде басқалардан бұрын жеткен Дөненбай түйе бұлаушыларымен жалғыз айқасты. Апыр-топыр айқаста бұлаңшылардың алтауы аттан құлап, қалған екеуі қаша соғысты. Сойыл жетпес аралықтан Дөненбайға зуылдатып садақ жебесін жұмсады. Дөненбай сауыт-саймансыз от кеуделі жүрегін садақ оғына тосып, сол майданда жан үзді. Осы бір шайқас болашақ күйшіні сормаңдай жетім етті. Бекең әке арманына арман қосып, бір жаңа күйдің көзін ашты. 14 жасында «Жеке батыр» атты күйін әкесі Дөненбайға арнады.

«Жеке батыр» күйінде әкесінің ел тілегі жолындағы ерлігіне, өзінің әкеден жас қалған жетімдік көңіл-күйі қосыла күмбірлеп, бізге жетті.


Пікірлер (2)

Айша

қызық

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз