Өлең, жыр, ақындар

Жығылған үстіне жұдырық

Кейін сол Хорбатель басқарған «Юнский» шахтасында шанашы болып істедім. Қазіргі жас шахтерлерге «шахтада шанашы болып істедім» деген сөз біртүрлі жат естіледі. Біз ол кезде қара жерге көмір тиелген шана тарттық, еңбектің ең ауыр зардабын шектік.

Жұмыста мерзімді уақыт болмайтын. Шахтаға таң қараңғысынан түсіп, одан қас қарая шығатынбыз. «Юнский» шахтасының бастығы Хорбатель байдың қолында қайқы қайың таяғы болатын. Ол көңіліне жақпаған жұмысшыны осы таяқпен ұрып жіберетін.

Жұмыс киімді, құрал-сайманды өз жалақымызға сатып алатынбыз. Онда киім дейтін киім де жоқ еді, аяғымызға киетініміз шәрке болатын. Жер астындағы тізеден келетін суда біраз жүргеннен кейін шәрке былбырап, оның ешқандай лыпасы болмай қалатын. Дертке шалдықпаған жұмысшы кемде кем-ақ болатын.

Бір күні жұмысқа түсейін деп тұрғанда, Хорбатель мені шақырып алып:

— Баламды жегулі атпен серуенге шығарып келесің, — деді. Қарашолақ ат жегілген жеңіл арбаға Хорбательдің кішкене баласы екеуміз отырып алып, тартып бердік. Көргені жаман ерке бала арба қатты шайқап кетсе болғаны, ағылшын тілінде міңгірлеп, мені балағаттап қояды. Ақөр дейтін жерден төмен түсіп зымырап келе жатқанымызда, арба аударылып кетті. Бала да, мен де анадай жерге ұшып түстік.

Сол күні үлкен пәлеге қалдым. Хорбатель баласын жығып алғаным үшін мені таяқтың астына алды. Және айып салып, екі апталық жалақымды ұстап қалды...

Бір күні пештен стволға қарай вагонетка сүйреп келе жатқанымда, екі вагонетка соқтығысып, қапылыста қолым сынып қалды. Осы кезде Хорбательдің қайдан кез болғанын білмеймін, «жығылған үстіне жұдырық» дегендей шекемнен таяқпен салып-салып жіберді. Талып қалыппын. Қасымда жан жоқ еді. Шығыс штректе жұмыс істейтін Елегенов Етекпай деген жұмысшы жұмыстан шығып келе жатып, менің соққыға жығылып жатқанымды көріпті. Әлуетті жігіт еді, мені арқалап қыр үстіне шығарды...

Ол кезде таңның атысы, күннің баттысы жұмыс істегенде күніне алатынымыз 20 тиын ғана. Ішсек асқа, кисек киімге жарымайтын едік. Бірақ жұмысшылар да олардың қара құлы болып отыра берген жоқ. Тіпті ұйымдасқан түрде талай рет жұ- мысқа да шықпай қойдық. Төбелес те, жанжал да жасадық...


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз