Өлең, жыр, ақындар

Қалтадағы қайық

Бір күні Азамат пен Болат екеуі асыр салып ойнап жүр еді, тау жақтан пырылдап ұшып келе жатқан тікұшақ көрінді. Олар алақайлап, тікұшақ қонатын жерге қарай жүгіре жөнелді.

Аспан сатысымен абайлап түсіп келе жатқандай, тікұшақ төмен сырғып, сауысқандай сақ қона қалды. Жұрт біртіндеп есігінен шыға бастады. Ең соңынан Азаматтың Алматыда оқитын ағасы Арман көрінді. Азамат пен Болат Арманның алдынан шығып, үлкен кісілерше қол беріп амандасты. Біраз жүрген соң Азамат шыдамады білем:

— Аға, чемоданыңызда не бар? — деп сұрады.

Болаттың ойы осы чемоданда еді, ашса екен деп келеді.

— Бұл чемоданның ішінде сендер көрмеген көп нәрсе бар, үйге барған соң берем, — деді ағасы.

Бірақ мына екеуі үйге жеткенше шыдайтын емес.

— Аға, қазір-ақ көрейікші, — деп Азамат қыңқылдап болмады.

Арман інілерінің көңілін қимай, сары чемоданын ашты да, Азаматқа өзі аппақ, өзі жеп-жеңіл, әрі жұп-жұмсақ бір қызық нәрсе берді.

Азамат мұндай затты бұрын көрмеген еді.

— Бұл не, аға? — деп сұрады.

— Мына буып қойған жібін шешсең, не екенін көресің, — деді ағасы. Азамат әлгі кіп-кішкене заттың жібін тарқатып алып еді, құшақ жетпес үп-үлкен жастық болды да қалды.

— Иә, жастық, — деп құптады Арман. Азамат әлі аң-таң боп, аңқиып тұр. Жастық дегенге сенбей Болатқа берді. Ол бұл екеуінің қылығына мәз болып чемоданнан тағы бір қаттап-қаттап қойған затты алды да:

— Ал, балалар, мынау қайық, — деді. Бұған екеуінің сенетін түрлері жоқ.

— Қайық сондай бола ма екен? — деп екеуі мазақтай күлді.

— Мұндай да қайық болады, балалар. Бұл қайықтын ең әдемісі — судан өтерде мініп алып, судан өткен соң бүктеп-бүктеп алып қалтаға салып алуға болады. Сенбесеңдер қарап тұрыңдар, — әлгі затты бір түтігінен үрлеп-үрлеп жіберіп еді, бұлтиып барып, кәдімгі қайық болды да қалды.

— Ой, керемет-ай! — деді Азамат. Болат та таңғалып, не дерін білмей тұр.
Арман екеуіне осындай екі қайық берді де:

— Енді Ақтолқын өзенінен оп-оңай өтесіңдер. Қайыққа жастықтарыңды қойып, жамбастап жатасыңдар да, қандай өзен болмасын жүзіп өте шығасыңдар.

Азамат пен Болат ағасының әкелген базарлығына да, қызықты әңгімесіне де риза еді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз