Өлең, жыр, ақындар

Хаяо Мядзакидің қиял-ғажайыпқа толы реализмі: аниме генийнің фильмдері неден құралады

Оны данышпан, классик, ұлттық қазына деп атап, Куросавамен қатар қояды. Оның фильмдері феномен деп есептеледі, тіпті, кассалық жинақ бойынша барлық уақыттың сатылым лидерлерімен белсене бәсекеге түседі. Алайда қолдан салынған анимацияның ұлы практигінің мәшһүр болу дәурені бұл өнердің алтын ғасырын компьютерлік технологиямен ысыра бастаған сәтке келді.

Хаяо Миядзаки оқиғаларды баяндағанды жақсы көреді, олар оның көзқарастары, үміті мен тәжірибесінен пайда болады. Ол анимациялық кино жасайды, алайда, эмоционалды тұрғыдан бұл ойналатын кинодан кем түспейді. Бар болғаны оған тірі актерлерді түсіргеннен гөрі, импрессионистік тұрғыда салынған акварельді пейзаждар көбірек ұнайды. Кино жаппай индустрияға айналған күннің өзінде Миядзаки нағыз суреткер болып қала білді.

Бір айта кетерлігі, жапондық аниматорлар мультфильм мен 3Д-анимация жасау үшін таптырмас ыңғайлы құралға айналған компьютерлік технологияларды шектей отырып, қаупі жоғары деп топшылайды. Десе де, Хаяо Миядзакидың өзі, бұл жайтқа философилық тұрғыдан баға береді:

«Егер бұл өнер жойылып бара жатқан өнерге айналған болса, онда қолдан келер қайран жоқ. Цивилизация алға қарай жылжи бермек. Фреска жасаушылар қайда? Пейзажистер қайда? Олар немен айналысуда? Әлем өзгеруде. Қайта 40 жыл бойына бір іспен айналысқандығым үшін менің жолым болды деуге болады. Менің дәуірімде бұл сирек жағдай»

Батыста көбінесе оның балаларға арналған толық метражды фильмдері танымал екені рас, алайда бұл фильмдер өте кұрделі мәселелерді көтереді, дегенмен режиссердің қоржынында қысқа метражды фильмдер де бар, мұның кейбірі арнайы Ghibli мұражайы үшін жасалған, одан бөлек телехикаялар да бар.

Өмірбаян

Хаяо Миядзаки Сан-Диегодағы Comic Con-да, 2009 жыл

Бүгінгі таңда аты әлемге танымал жапондық режиссер Хаяо Миядзаки 1941 жылы 5 қаңтарда дүниеге келді. Оның әкесі ұшақ бөлшектерін шығаратын авиациялық зауыттың директоры, ал ағасы зауыттың иесі болды. Оның мектеп жылдары суретші Осама Тедзуканың бастауымен жапондық «манга» комикстеріне әуестің артқан кезіне тап келді. Университетте Миядзакидің марксизмге деген қызығушылығы жоғары болды, сондай-ақ, сол уақытта әлемдік балалар әдебиеті клубының да мүшесі болды. Саясаткер мен қаржыгер мамандығынының дипломын алған соң, «Тоей» киностудиясының аимация бөліміне жұмысқа тұрады. Бұл жерде екі маңызды танысу орын алды — соның бірі араға екі жыл салып үйленген суретші-аниматор Акэми Отамен жүздесу болса, екіншісі мол үміт күттірер режиссер Исао Такахатамен кездесу еді. 1971 жылы олар «Тоей»-мен біржола қош айтысып, еркіндікті молынан беретін шағын студияларда жұмыс істей бастады.

1979 жылы Миядзаки өзінің алғашқы кинофильмі «Lupin III: Cagliostro no Shiro»-ны түсірді, ал, бұған дейін ол аниматор, қоюшы-суретші, сценарист қызметтерін атқарды. 1982 жылдың ақпан айында «Анимэйдж» журналыда «Kaze no tani no Naushika» суретті роман жаза бастады, ал 1984 жылы аттас фильмі де жарыққа шықты.

Миядзаки мен Такахатаның бірлескен күш-жігерінің арқасында 1985 жылы Ghibli («Джибли» немесе «Гибли») атты аты аңызға айналған студия пайда болды, оның атауы жапондардың құлағына жат келетін, екінші дүниежүзілік соғыста пайдаланған итальялық барлау ұшақтарынан шыққан. Ghibli-де режиссердің толық метражды туындыларының барлығы дерлік түсірілген. Кейіннен «Sen to Chihiro no kamikakushi» деп аталатын фильм Жапонияда және оның сыртында да үлкен танымалдыққа ие болды: Берлиндік кинофестивальдің премиясын (2002), (2003) «Үздік анимациялық фильм» номинациясында «Оскар» алды. Сондай-ақ, «Hauru no ugoku shiro» атты фильмі 61-інші Венециялық кинофестивальде техникалық шеберлігі үшін марапатқа ие болды. Венециядағы 62-ші кинофестивальде Миядзакидың өзі де әлемдік киноөнерге қосқан үлесі үшін «Алтын Арыстан»-мен марапатталды.

Шығармашылық ұстаным: елестете алмайтын нәрселерді салу

«Sen To Chihiro No Kamikakushi» (2001)

Кинода елдің бәрі көрген немесе ешкім көрмеген дүниені көрсетуге болады. Хаяо Миядзаки екінші жолмен жүреді. Ойналатын (кәдімгі) кино тәсілі үшін орындауға қиынға соғатын нәрсені сурет түрінде салынған кино үшін оңай бейнелене алады(компьютердің пайда болуымен бұл өзгерді). Ол жерде шынайылықтың шегінен шығып, аңыз бен армандарға жан бітіруге болады. Миядзаки шындықты көшірмейді, оның ұқсастығын жасауға тырыспайды, бірақ нақты әлемнің мәні туралы өзінің түсінігін білдіретін жаңа сапаны жасайды. Қиял-ғажайыптар салынған фильмнің табиғи мазмұны болып табылады.

Режиссердің ойынша:

«Фантастика бізге қажет. Балалар өздерін дәрменсіз және көмекке мұқтаж сезінгенде, көркемдік қиял олардың өмірін жеңілдетеді… Менде көркем әдебиеттің құдіретіне деген ешқандай күмән жоқ. Бірақ, кейде қиял-ғажайып жасаушылар сендіру қабілетін жоғалтады. Қалың бұқараның «Мен бұған сене алмаймын» деуінің артуы бар. Бірақ, меніңше бар мәселенің төркіні заманауи күрделі әлемге төтеп бере алатын фантастикалық туындының жасалмауында жатыр»

Шынайы және ойлап табылған - байланыспайтын байланыс

Сиқырлы Тоторо автобус аялдамасында «Тоторо біздің көршіміз» (1988)

Кинодағы қиял-ғажайып әр түрлі қабылдана алады. Біз таңдана қарайтын дүние мен кейіпкерді таң қалдыратын жайттар бар, және бұлар үнемі бірдей бола бермейді. Біздің топшылауымызда ең ерекше болған әлем, өз (шығарманың) тұрғындары үшін қарапайым болып көрінуі мүмкін, ал қиял-ғажайып біз көрермен үшін болмақ. Маядзакидің фильмдерінің басым көпшілігінің сипаты осындай. «Мыстанның жеткізу қызметі» / «Majo no takkyûbin» (1989) фильмінде қаланың тұрғындары сатып алған базарлықтарын сыпырғының үстіне отырып жеткізетін сүйкімді 13 жасар мыстан қыздың қызметіне жүгінеді, немесе оның сиқыршы анасының ревматизмге қарсы дәрі-дірмегін де қолданады. «Порко Россо» фильмінде де кәдімгі адамдар арасында шошқа бетті ұшқыш жүретіні де ешкімді алаңдатпайды. «Хауру но угоку сиро»-да бақша қарауылы (пугало) мен сөйлейтін оттың өзі ақылға қонымды болып табылады. Тіпті сиқырлы тіршіліктің өздері де адамдарға ұқсас. Оларда да қиындық, алаңдау, күрмеуі шешілмеген мәселелер бар. Мәселен, сиқыршы Хоул көп нәрсені жасай алады, бірақ табиғатынан қорқақ, шашы қара түстің орнына жирен түске бояла қалса, айтарлықтай қобалжуға беріледі. Ал, Кики мыстан болса, күйзеліс пен толқудың әсерінен сыпыртқымен ұша алмайды (үнемі картина жаза алмайтын оның суретші құрбысы сияқты), ал «Сэн то Тихиро но камикакуси»-да құдайлар еш қиындықсыз моншаға барады.

«Мыстанның жеткізу қызметі»-ндегі сияқты, реалды әлем ирреалды әлемнің ажырамас бөлігі, «Тэнку: но сиро Рапюта»-дағы сияқты, көне сиқыр техниканың жетілуімен көршілес, орта ғасыр — футурологиямен, ал еуропалық пейзаж — жапондықпен көршілес. Навсиякая — көне грек мифологиясындағы феак патшаның қызының есімі. Мәселен, «Тэнку: но сиро Рапюта»-дағы Пазу (негізгі қаһарман)  есімді бала тұратын ауыл Уэльс (ұлыбритания) атты шахтерлер қаласынан «көшірілген» болатын, ал ұшатын арал Лапутаның өзі Джонатан Свифтте (шығармасында) бар. Бір нұсқаға сәйкес, «Тоторо» («Тоторо біздің көршіміз» атты Миядзакидің фильмінде)  — тролль cөзінің бұрмаланған түрі. Ал, «Хауру но угоку сиро» болса, Дайана Джонс есімді ағылшын ертегі жазарының кітабынан алынған. Миядзакидың барлық туындылары еуропа мәдениетінің жаңғырықтарына толы.

Механизмдер

Хаяо Миядзаки ұшатын техникалар арасында өсті, сондықтан болар, сыпыртқыдан бастап қозғалтқышы бар дельтапланға дейін және әуеде айналатын аспан кемелері — мұның барлығы дерлік оның фильмдерінде көптеп көрініс табады. Біресе шыбынды, біресе құртты, тіпті, нағыз әуе кемесін және этажеркаларды бейнелейтін ғажап құрылымды ұшатын аппараттардың керемет, егжей-тегжейлі салынғаны соншалық, әуеде қозғатынына қиындық тудырмайтынына қалай сенгеніңізді білмей қаласыз. Өзінің ұшақтарға деген махаббатын Миядзаки әлбетте «Порко Россо»-да көрсетті, мұнда шошқалар жоғары пилотажды көрсетеді, ал әуе қарақшылары болса, аспанда нағыз балет ұйымдастырады. Өнертабыс тек ұшатын аппараттармен ғана шектелмейді. Техниканың неғыз кереметі — «тауық сирағымен» жүретін бекініс, сондай-ақ ол бумен жұмыс жасайтын көрінеді. Сонымен қатар, экранда фантастикалық машиналардан бөлек, трамвайлар, поезд, велосипедтер мен басқа да шынайы техникалық жабдықтар да көптеп кездеседі.

Табиғат және экология тақырыбы

Сонымен бірге Миядзакидың әр фильмінде табиғаттан таза ләззат аларлық сәттер бар. Пейзаждың сұлулығына таңдану көбіне сюжеттік мотивтен айырылып қалатыны рас, десе де, бұл әдемі көрініс. Хаула Софи қамалынан шыққан Кики алдынан гүлді шалғын, қарлы тау мен теңіз көрінісін кездестірген кезде таңдана ұйып қалып қарайды. Ал «Калиостро Қорғаны»-нда кейіпкер табиғатқа сүйсіне қарап отырады. «Лапута»-да тіпті, қуа жөнелуге қарамастан кейіпкер бұлттардың сұлулығына назар аударады, картинаның ұмытылмас бір бөлігі ретінде Аситака ханзаданың «Монако Ханшайым»-ға қарай батысқа жол тартуын айтуға болады. «Біздің көршіміз Тоторо» — да Миядзаки өз отандастарына Жапониядағы экзотикалық пейзажға көңіл бөлуге, көрерменді бұрын байқамаған немесе бағаламаған нәрсеге назар аударуға шақырады. Табиғат әрқашан тірі, ол сезеді, қайғырады, біресе мұңаяды, біресе қуанады. Тиісінше, экран біресе, қайғылы көк-сұр реңктерге айналады немесе қуаныштан сюрреалды түске боялады.

Табиғатқа деген сүйіспеншілік, оған бас ию режиссердің барлық фильмдерінде көрініс табады, — көбінесе «Kaze no tani no Naushika» фильмінде болса керек, адамдардың кесірінен уланған ағаштар әлемді тазарту үшін өздерін құрбандыққа береді. Дегенмен табиғат адамдарға жақсылық тілейтінін барлығы бірдей түсіне бермейді.

Негізі Миядзакидің шығармашылығында гуманитарлық және жалпы адамзаттық құндылықтар маңызды рөлді атқарады, сондай-ақ табиғат тақырыбы да соңғы орында емес.

Сонда да Хаяо Миядзаки фильмдерді бірінші орында балалар үшін жасайды, сондықтан да онда мейірімділік үнемі жеңіске жетеді, ал зұлымдық болса, соншалықты қорқынышты емес келеді. Егер жағымсыз кейіпкерге түсіністікпен, мейірімділікпен қаралса, зұлым мыстан сүйкімді, зиянсыз әжейге айналады, қарақшы болса, қызға қамқорлық жасай бастайды. Егер, зұлымдыққа зұлымдықпен, соққыға соққымен жауап берілмесе, өмір сүру барлығы үшін әлдеқайда жеңіл болмақ. Кейбіреулер үшін мұндай философия тым мүләйім, аңқау көзғарас болып көрінуі мүмкін, бірақ Миядзакинің шығармаларында бұл нәрсенің шынайы әрі қарапайым болғаны соншалықты, адамды баурап алады. Сонымен қатар, бұл балаларға қол жетімді айсбергтің ұшы ғана, ал ересектер болса, шебердің символизмінің көптеген экзистенциалды, пантеистік, экологиялық және басқа түсіндірмелерін іздеп, таба алады.

Детализация

«Сэн и похищенная ками Тихиро» (2001)

Режиссер ғаламды сүйіспеншілікпен және егжей-тегжейлі жазады. Егжей-тегжейлі жазылған үлкен сахналары оның «жеке стилі» болып табылады. Миядзакидың ойынша тек басты кейіпкерлерді ғана әдемі әрі жанды етіп, ал қалғандарын жай ғана бос кеңістікті толтыру үшін қолдану дұрыс емес. Және шынында да, Миядзакиде адам ешқашан декорацияның жәй ғана бір бөлігі болып қалмайды. Мысалы, алдыңғы пландағы кейіпкер балық сатып алып жатқан кезде, артқы пландағы екеу шай ішіп отырады, ашық аспан астындағы үстел басында әйелдер саудагермен қызу саудаласып жатады, ал басқа біреу газет оқып отырады. Архитектуралық құрылым тек жәй ғана фон ғана емес, өздері де, олардың олардың ішкі интерьері де шын мәнінде бардай көрінеді. Кейде қабырғадағы кішкентай жарықтарына дейін дейін салынған, ал, кейде әдейі шындыққа жанаспайтындай етіп.

Негізгі сюжетке қатысы жоқ қызықты персанаждар, ұсақ детальдар қайталанбас ғажайып атмосфераны тудыра отырып, Миядзакидің фильмін өзге фильмдерден даралайды.

Жас қаһармандар мен қайталаулар

Оның кейіпкерлері — әдетте кішкентай қыздар. Ерекше ерлік жасау керек болған қорғансыз нәзік жандар. Кейде олар дәрменсіздік пен қорқыныштан жылап та жатады, соған қарамастан, еш берілмейді, өз жақындарын құтқару жолында батыл әрекеттерін жалғастырады. Бір қызығы, олардың сырт келбеттері де бір біріне ұқсас келеді. Кейде барлық фильмде түрлі жағдайда, түрлі жастағы бір ғана қаһарман бар ма деп күмәнданып қаласың.

Миядзакиде қайталанатын образдардың болуы сирек емес. «Тоторо» мен «Мыстанның жеткізу қызметі» («Majo no takkyûbin») ндегі әкелер бір біріне егіздей ұқсас. Лапутадағы планердің құс ұясына қонуы мен «Мыстанның жеткізу қызметі»-ндегі сыпыртқыдағы Кики әрекеттері аздап өзгеріске ұшырай отырып, қайталанады. Тағы басқа да ұқсастар кездеседі.

«Поньо балығы» фильмінде «Күнбағыстар» деп аталатын қарттар үйінің мектеппен көршілес болуы қызық көріністердің бірі. Бастауыш сыныптағылардың беймаза жүгірісі, автомобиль қозғалысының серпіні мүгедектер арбасына таңылған үш қарт әйелдің қозғалыссыздығымен кереғар сезім ұялатады. Соның ішіндегі ең секемшіл әрі міңгірлегін Миядзаки өзінің анасына қарап жазған деген сыбыс бар. Ал, Миядзакидің інісінің айтуы бойынша, фильмдердегі ақылды және айлакер кемпірлердің өз аналарына ұқсап кететінін мәлімдейді.

***

Бір сұхбатында «Режиссерлерден сізді кім тәнті етеді?» деген сұраққа, Хаяо Миядзаки Юрий Норштейнді («Тұмандағы кірпі») керемет суретші санайтындығын мойындады.

Миядзаки өзі үшін анимация әлемінде ең беделді тұлға ретінде мультипликациялық киноның совет режиссеры Лев Атамановсты («Қар патшайымы») есептейтіндігін айтады. 2013 жылдың қыркүйегінде Миядзаки өз мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағанын жариялады. Оның сөзіне сүйенсек, «Жел күшеюде» Миядзакидың соңғы режиссерлік жұмысы болмақ. 2014 жылы қарашада кинематограф саласына қосқан үлесі үшін «Оскарға» ие болды.

Манга және басқа графикалық жұмыстар

— Етік киген мысық (長靴をはいた猫 Нагагуцу о хаита нэко) — 1969

— Шөл адамдары (砂漠の民 Сабаку но тами) — 1969—1970 (Сабуро Акицу)

— Жанаурлардың қымбатты аралы (どうぶつ宝島 До:буцу такарадзима) — 1972

— Менің сіңіліме (妹へ Имо:то э) —поэма, 1982

— Жел алқаптарынан Наусикая (風の谷のナウシカ Кадзэ но тани но Наусика) — 1982-1994

— Хаяо Миядзаки коллекциясы (宮崎駿イメージボード集 Миядзаки Хаяо имэ:дзи бо:до сю:) — 1983

— Сюна саяхаты (シュナの旅 Сюна но таби) — 1983

— Ұшатын қайықтар ғасыры (飛行艇時代 Хико:тэй дзидай) — 1990

— Хаяо Миядзакинің жазба кітабы (宮崎駿の雑想ノート Миядзаки Хаяо но дзассо: но:то) —1992

— Батпақпен жабылған жолбарыстар (泥まみれの虎 Доромамирэ но тора) — 1998-1999

— Ганстың қайта келуі ( ハンスの帰還 Хансу но кикан) — 1994.

Фильмдер

— Конан (未来少年コナン Мираи сё:нэн Конан) – 1978

— Люпен III: Калиостро сарайы (ルパン三世カリオストロの城 Рупан сансэи Кариосуторо но сиро) - 1979

— Жел алқаптарынан Наусикая (風の谷のナウシカ Кадзэ но тани но Наусика) – 1984

— Ұлы детектив Холмс (名探偵ホームズ1 青い紅玉(ルビー)の巻) – 1984

— Аспан сарайы Лапута (天空の城ラピュタ Тэнку: но сиро Рапюта) – 1986

— Менің көршім Тоторо (となりのトトロ Тонари но Тоторо) – 1988

— Кикинің жеткізу қызметі (魔女の宅急便 Мадзё но таккю:бин) – 1989

— Порко Россо (紅の豚 Курэнай но бута) - 1992

— Sora Iro no Tane (そらいろのたね) - 1992

— Nandarou ( なんだろう) – 1992

— Мононокэ ханшайым (もののけ姫 Мононокэ Химэ) – 1997

— Елестер алып кеткендер (千と千尋の神隠し Сэн то Тихиро но Камикакуси) – 2001

— Koro no Daisanpo (コロの大さんぽ) – 2001

— Kujira Tori (くじらとり) – 2001

— Хаулдың кезбе қамалы ( ハウルの動く城 Хауру но Угоку сиро) – 2004

— Балық Поньо (Ponyo on the Cliff by the Sea) (崖の上のポニョ Гакэ но уэ но Понё) – 2008

— Кокурико бөктерінен (Kokurikozaka kara) (コクリコ坂から Кокурико-Дзака Кара) – 2011

— Жел нығаюы (Kaze tachinu) (風立ちぬ Кадзэ: тачину) – 2013

Оқуға кеңес береміз:

Үрей патшасы – Альфред Хичкок

Әлемдегі ең жаны сірі актер — Джеки Чанның өмірі мен тағдыры

Уолт Дисней жетістігінің тарихы

Коносуке Мацуситаның өмірі мен жетістікке жету тарихы

Неміс дәріханасынан әлемдік косметика империясына дейін: Schwarzkopf тарихы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Арман

Мультфилмдерін көрдім керемет! Ең қатты ұнағаны Ходячий замок, Унесённые при́зраками
Жалпы жапондардың анимациясы ұнайды. Призрак в доспехах пен Акираның орны мүлдем ерекше! One-Punch Man да қызық!

Erqanat

Onyń shyǵarmalary kórgende oǵan týra túsesin. Sondaı ǵajap adamnyń bala-shaǵanan saqtaǵan armany. Erekshe beıneleıtin fondy artta turatyn.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз