Өлең, жыр, ақындар

Қай елдің азаматысыз?

Еліміздің заңы бойынша шетелден немесе басқа мемлекеттен келген азамат тарихымыз бен дәстүрімізден хабардар болмай-ақ азаматтыққа бар-жоғы 3 жыл ішінде қол жеткізе алады. Өзі тұрып жатқан елдің мәдениеті мен тілінен хабары болмаған адамнан болашақта елін сүйген қандай ұрпақ шығады?

Еліміз Тәуелсіздік алып, егемендікті ұрандағанына осымен 28 жыл. 130-дан астам ұлт өкілдерін бір ошақтың басына тоғыстырған байтақ даламыз әр күнге жаңарып, даму үстінде. Бірақ идеологиялық қарым-қатынас пен заңдық іс-әрекетімізде әлі күнге дейін кемшін тұстар кездеседі. Ол қандай кемшіліктер? 

Мемлекеттің басты тірегі – халық. Әрине, демократиялық мемлекет болғандықтан біз үшін халық – басты қазынамыз. Ал халықтың әр басқан қадамы мен атқарған тірлігі мемлекеттің дамуы мен тағдырын реттеп, мемлекет өміріне тікелей әсер етеді. Мемлекет – халық, халық мемлекет. Сол себепті де, азамат мәселесін реттейтін әрбір заң өте тиянақты атқарылуы тиіс. Оның бір тармағы ретінде азаматтық алу мәселесін алып көрелік.

Азаматтық – тұлғаның нақты мемлекетпен берік құқықтық байланысы. Қазақстан Республикасында азаматтардың құқығын 1991 жылғы 20 желтоқсандағы № 1017-XII Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңы реттейді. Осы заңда көрсетілген азаматтық алу мәселесіне қатысты біршама журналистер мен қоғам қайраткерлері пікірталас тудырды. Оны журналист Есенгүл Кәпқызының «Қай елдің азаматысыз?» деп аталатын 2005 жылғы 10 наурызда «Түркістан» газетінде жариялаған публицистикалық сараптамалық мақаласынан байқаймыз.

Егер азаматтың мемлекет тілі мен тарихынан хабары болмаса, ол іргетастың бір кірпішінің кетік болғанымен тең. Ойлап қараңыз, іргетас дұрыс қаланбаса, одан алып, сәулетті ғимараттың жасап шығарылуы екіталай. Заң бойынша, әрбір Қазақстан азаматы қазақ тілін жетік меңгеріп, тарихын толық біліп тұруы тиіс. Мақаладағы басты айтылатын ой осы.

Еліміздің табиғаты болсын, кені болсын, руханияты болсын қай тұстан алып қарастырсақ та,өте бай екені бәрімізге мәлім. «Байлыққа жету үшін періште жолдан тайыпты» деген мәтел де есімізде. Даламызға өз кәсібін орнатып, табыс көзін нығайту үшін шет елден келген кәсіпорын иелері мен жұмысшылар саны күннен-күнге артып келеді. Мәселен, отандық сайттардың деректеріне сүйенсек, «жыл басынан бері шекаралас елдердің 9379 адамы Қазақстан азаматтығын алған екен. Биыл осы күнге дейін 451 адамға, 2018 жылы 770 адамға Қазақстан азаматтығынан шығуға рұқсат берілді. Негізінен Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан және Қытайдың қазақ азаматтары біздің еліміздің азаматтығын алды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 28 794-ге жетті, - деді Ішкі істер министрлігі редакцияның сауалына жауап ретінде.

Осылайша, шет ел азаматтары елге бір жыл үйреніп, жағдайын жасап алған соң, азаматтық алуды көздейді. Шыдамдылықты да қажет етпейді. Жай ғана екі-үш жыл ішінде еш қиындықсыз мемлекет азаматы атана алады. Егер сол азаматтарға қазақ тілін үйреніп, сонау түркі дәуірінен бастау алған қазақ тарихын білуді талап етсе, 3 жыл бұл кісілер үшін тым қысқа мерзім болар еді. Мектепте 11 жыл санамызға сіңірген руханиятымызды 3 жылдың ішінде меңгере салу ақылға сыймайтын нәрсе. Онда, заңға тағы 3 немесе 5 жыл қосу дұрыс болар еді. Тек мерзімді ғана ұзартпай, қажетті талаптарды да ескеру керек. Талапқа көнбеген, қиындық деп түсінген жан қызметін, атқарар жұмысын бітірсін де, отанына қайта берсін. Сол кезде ғана «Қазақстан» туралы жеңіл ойлайтын басқа елдер ойын өзгертіп, біздің азаматтығы «қолжетімді» мемлекет емес екенімізді түсінетін болады.

Мәселен, өз жеті атасы түгіл әулеті кім екенін білмейтін, қаны аралас америкалықтар азаматтыққа қол жеткізу үшін 10 жыл бойы тарих пен тілді меңгеруге тырысады. Ал, біз жеті атадан аспаған, қаны таза, рухы мықты ұлтпыз. Бірақ бар-жоғы үш жыл ішінде азаматтықты оп-оңай бере салу өкінішті жағдай екендігі баршаға аян!

Татыгалиева Айгерим


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз