Өлең, жыр, ақындар

Мергенім-ай

Көл беті айнадай жалтырайды. Шығыстан баяу самал еседі. Қалың құрақ сыбдыр қағады. Мұрат мылтығын қыса ұстап, қамыс арасына тығыла түседі.

Ол орнынан тұрып, маңайды шолып өтті. Ештеңе көрінбеген соң, тізеден су кешіп, алаңқайға шықты. Оңды-солына көз тастап, құлақ түреді. Ойы қамыс арасындағы жалғыз аяқ жолға түсіп арғы бетке өтпек. Солақ-ақ екен, қаңқылдаған қаздың даусы естілді. Екі қаз ұзаңқырап барып көл ортасына қалықтай қонды.

Мұраттың күткені осы еді. Мылтықтың, шүріппесін басып қалды. Меңіреу тыныштықта мылтық даусы гүрс етті. Қаздың бірі қаңқылдап ұша жөнелді де, екіншісі көтеріле беріп суға құлады.

Мәз болған ол киімін де шешпестен белуардан су кешіп, жаралы қазды жиекке алып шыкты. Қанша бұлқынып, сабаласа да жіберген жоқ. Қуанышы қойнына симай, үйге келіп, есік алдында отырған әкесінің алдына олжасын тастай салды. Оның мақтанып тұрғаны беп-белгілі еді.

Сөйткенше қаздың аяғындағы қызыл шүберектен жасалған белгіні көзі шалып қалған әжесі:

— Мұрат, қарағым-ау, мынау үй қазы ғой, белгісін көрмейсің бе, - деді ренжіп.

Мұраттың жүрегі су ете түсті. «Масқара үй қазын атып алыпты». Не айтып тұрғанын өзі де түсінбей: «Мүмкін емес, мүмкін емес», — дей берді күбірлеп.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз