Өлең, жыр, ақындар

Шет тілі пәнін оқытудағы жаңашыл бағыттың маңызы

Қазіргі таңда ағылшын тілі пәнінің оқытылуы білім мазмұнының жаңартылуына, жаңа жүйеге көшуіне орай мектеп қабырғасында жаңаша тұрғыда орындалып жатқаны барлығымызға белгілі. Себебі, жаңартылған білім мазмұны бойынша мұғалімге де оқушыға да қойылар талаптың маңызы зор деп ойлаймын. Мектеп мұғалімінің алдында тұрған өзекті мәселе — оқушының өзінің ізденіп,білімге ұмтылыс жасауына үйретуі. Батыл да жігерлі ұрпақтың өз ана тілінде еркін сөйлеп білім алуымен қатар өзге тілдің қыр-сырын терең меңгеруіне, грамматикасын толық игеруіне ықпал ету — шет тілі пәнінің мұғалімінің алдында тұрған үлкен жауапкершілік міндеті болмақ. Өзі де үнемі ізденіс үстінде жүретін мұғалім оқушысының шығармашылықпен айналысуына, қызығушылығы мен белсенділігін арттыруына жағдай туғызады.

Баланың шығармашылық қабілетін дамытуда — дамыта оқытудың алатын орны ерекше. Оқушының сөйлеу тілін ширата отырып, тіл байлығын, сөздік қорын байытуда сабақта және сыныптан тыс шараларда берілетін тапсырмалардың рөлі зор. Шығармашылыққа үйретуде әрбір жеке тұлғаның интеллектуалдық аспектісін және психологиялық көңіл күйіне орай мінез-құлық ерекшелігін қалыптастыруды басшылыққа алған дұрыс. 20- ғасырдың басында алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов былай деген екен: «Сабақ беру — үйреншікті жай ғана нәрсе емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер». Жаңашылдыққа талпына отырып, әлемнің озық тәжірибе әдістерін, жаңа стратегияларды орнымен пайдаланса, оқушының білімге деген құштарлығын оятуда мектеп мұғалімінің сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуда шеберлігінің жоғары дәрежеде екені көрінеді. Мектепте ағылшын тілін оқыту барысында ең бірінші грамматиканы үйретуге көп көңіл бөлінуі керек. Оқушы ең алдымен грамматиканы жақсы білсе, шет тілін еркін меңгеруге, сөйлемді, сөзді құрап айта білуге дағдыланады. Еске сақтауда, тақырыпты меңгеруде оқушы жақсы дағдыланса да  талпынысы оянады, қызығушылығы артады.

Грамматиканы меңгертуде мұғалім түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, мысалы тест, ойын түрлерін, мақал-мәтел, жұмбақ шешуде оқушыны тақырыпты тез қабылдап үйренуге қызықтыра алады. Тапсырманы жеке де, жұппен де, топпен де орындата беруге болады. Шет тілінде көркем сөйлеуге баулуда ана тіліндегі мақал-мәтелдерді көбірек жаттатқызып, оны шет тіліндегі баламасымен айтқызатын болсақ, баланың әдемі де көркем тілде сөйлей білу дағдысын қалыптастырған болар едік. Өйткені ағылшын тіліндегі айтылған мақал-мәтелдерде қазақ тіліндегі поэзияға тән ырғақтылық, үн әуезділігі байқалады. Мен мұны мектепте іс-тәжірибеден өту кезінде өзім қатысқан сабақтарда анық байқадым. Сабақ барысында оқушыға түрлі ойын элементтерін көрсету ғана емес, сол сабақтың мақсатына орай алынған әдіспен оқытудың тиімділігін көрдім. Мұғалім сабаққа кігенде оқу мақсатын оқушының тақырыпқа сай орындауына, меңгеруіне,қызығушылығына, біліміне сай құруға әрекеттенеді. Бағалау критерийі сол сабақтағы оқушының біліміне, қабілетіне оқу мақсатына сай құрылады.

Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқушының білімі қалыптастырушы бағалау кезіндегі тапсырмаларды жақсы орындап, білім деңгейін көрсете алуына да байланысты. Сабақ барысында оқушы шет тілінің  өзі үшін күрделі екендігін ескере отырып, зор ынтамен жұмыс жасауға дағдылануын, сыни тұрғыда ойлана отырып, өзін-өзі дамытуға талпынуын қалыптастыруда мұғалім әрдайым көшбасшылық жасап отыруы керек. Өйткені, мұғалімнің өз тәжірибесінде оқытудың тиімді әдіс-тәсілін орнымен қолдана отырап оқушының өз ойын еркін жеткізіп, шет тілінде мүдімей сөйлеуге, нәтижесін жақсартуға өз бетімен ізденуге бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп отыруының маңызы зор. Сабақта мұғалім оқушыға  белгілі бір тексті ұсыну барысында оқушының мазмұнын түсініп қана қоймай, оның негізгі идеясын мазмұндап айту машығын қалыптастырса ауызекі сөйлеу тілі жақсы қалыптасады. Тексті мәнерлеп оқуға дағдыланған кезде тілі ширайды, дикциясы қалыптасады, ішінен қажетті ақпаратты іріктеп алуға үйренеді. Сонымен қатар өзіндік ой-пікірі қалыптасады.

Ағылшын тілі пәнін оқыту, үйрету барысында оқушының ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруда диолог пен монологқа үйретудің артықшылығы бар. Ол дегеніңіз оқушының сөйлеу мәдениетін, тыңдай білу қабілетін жетілдіреді. Логикалық ойлау жүйесін тұрақтандырады. Оқушыларды бір-бірін тыңдай білуге, пікір алысуға, сұхбаттасуға үйретіп шыңдайды. Сауатты сөйлей білуге, сөзді жүйелі, орынды қолдануға дағдыландырады, тыңдай білу мәдениетіне төселдіреді. Жалпы, диолог — екі немесе одан да көп адамның сөйлеу кезіндегі қарым-қатынасы болса, монолог — бір адамның ұзақ сөйлеген сөзі болып табылады. Рөлдік ойындар арқылы оқытуда бұл ойын түрін қолдану оқушының бірі —тыңдаушы, бірі — сөйлеуші рөліндегі қызметін арттырады. Сөзді, сөйлемді логикаға құра білу қабілеті артады, шыңдалады, шебер сөйлеуге талпынысы артады. Және икемділік дағдысы оянады. Өз өмірімен байланыстырып алуға үйретсе де артық болмайды.

Mысалы, — Who is your friend? What is his/her name? тағы басқа. Мұндай жұмыс түрі шет тілін меңгеруге,қызығушылықпен оқуға баулуда ерекше әсер ететіні сөзсіз.

Ақын Қадыр Мырза Әли былай деген:
— Ана тілің- арың бұл,
Ұятың боп ,тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! Өз ана тілінде еркін сөйлеп,шет тілін терең білсе оқушының білім көкжиегінің кеңейері анық. Мына қанатты сөздің бүгінгі күнмен үндестігі зор. Тәрбие — ұлттық, білім — әлемдік. Өте орынды айтылған ұлағатты сөз. Мен де болашақта өз ісімнің шебері болып, жас ұрпаққа білім беруде, шет тілінің қыр-сырын үйретуде талмай ізденіп, талабымды ұштасам деймін. Жаңа ғасырдың жаңашыл ұстазы атану — басты парызым.

Қайратқызы Гүлназ Нұр-сұлтан қаласы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз