Өлең, жыр, ақындар

Ұлы жолға бастаған - ұлағатты ұстазым!

Әрбір пенде дүние есігін шыр етіп аттағаннан бастап көрер күні мен атар таңына үкілі үміт артып, шыңға шығу жолында аянбай тер төгеді. Ал осы бір сара жолға тастай берік қамалдың іргетасын салып, оң мен солыңды танытып, білім көкжиегіңіді кеңейтіп, көкірек көзіңді ашатын-аяулы ұстазың! Шәкіртінің бойына асыл қасиеттерді құйып, игіліктің қайнар бұлағымен сусындатып, жақсы мен жаманның парқын ажыратуға үйретіп қана қоймай, биік бастамаларыңа себепші болар жандардың қамшының сабындай қысқа ғұмырымыздан алар орны бір төбе. Өзгелерден тұңғиық ойларымен қатар, асқан мейірімділігімен ерекшеленетін ұстаздарымыз-біздер аңсаған арманымызға жетсек, жылы жүрегімен барынша қуанып, ыстық лебізін білдіреді. Күндей күлімдеген жанарларынан мақтаныш сезімі жарқ етіп, шәкірттерін сиқырлы нұрға бөлейді. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап еркелігімізді көтеріп, білім алуға деген құлшынысымызды қолпаштап, құлаған сәттерімізде қолдап, сынақтарға қарсы тұруды көрсете білді. Егемен еліміздің тұңғыш Президенті:"Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса-ол елдің еңсесі де биік болады",- деп өзге мемлекеттерден оқ бойы озық болу үшін саналы ұрпақты жақсылыққа кенелтіп, адамгершілік пен адалдықты астастыратын ой-өрісі кең тәлімгерлерімізді еліміздің ертеңі үшін еңбек етуге шақырды. Осыдан болар, халқымызда:"Адамның жақсы болмағы-жақсы ұстаздан" деген асыл сөздің белең алуы. Шәкірттерін білім көгіне жетектеген кең пейілді, ақ жүректі, терең ақыл иелері бізге сандаған жылдар бойы сенім артып, жығылсақ-тіреу, құласақ-сүйеу бола білген, қанатымызды қатайтып, зеңгір көкте самғауға тәрбиелеп жатқан жарқын жүзді ұстаздар Бәйдібек ауданы, Орынбай Тайманов атындағы мектеп мекемесінде жемісті қызмет атқаруда. "Шәкіртіне қарап, ұстазын таны", "Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы" сынды астарлы сөздердің ақиқаттылығына баршамыздың көзіміз жетті. Иә, кемеңгерліктің кемеліне, мәдени құндылықтардың шыңына тек талмай еңбек еткен жандар ғана шыға алады. Менің ойымша, алтын ұямдағы әрбір ұстаз-ерте кезде қолына найза ұстап, қасық қаны қалғанша беріспеген рухы биік батырлармен іспеттес. Себебі, кемел келешекке айқын бағдарды көрсетіп, сара жолды салып беру де екінің-бірінің қолынан келе бермейтін ұлы іс. Ұстаздарымның айтқан мәнге толы ғибратты сөздері жадымда мәңгілікке сақталады. Алтын берсе де алынбайтын, адамға ерекше көрік беріп, жүзін нұрландыратын нәрсе-білім екенін ұғынып, бұл сөздің түбіне тереңінен бойлай түстім.

"Ұстаз болу-жүректің ақылдығы.

Ұстаз болу-сезімнің ақындығы.

Ұстаз болу-мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы",- дей келе, шәкірттерін өз перзенттерінен кем көрмейтін тәлімгерлеріме көктемнің жадыраған, жаздың жайнаған күніндей құлпыруды, еңбектеріне сәттілік пен берекені тілегім келеді. Қазақ сахарасына елеулі жемістеріңіз сіңіп, біртуар тұлғаларды тәрбиелеп, нұры өшпейтін із қалдырыңыздар!!!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз