Бір қыстақта екеуі де Клаус деп аталатын көршілер өмір сүріпті. Олардың бірінің төрт аты, ал екіншісінің жалғыз аты бар екен. Оларды бір-бірінен ажырату үшін жұрт төрт аты барын Үлкен Клаус, ал жалғыз аты барын Кішкентай Клаус деп атапты. Ал, енді олардың арасында қандай оқиға болғанын баяндайық, бұл өзі бір ұзақ әңгіме!
Өзара келісім бойынша, Кішкентай Клаус бір апта бойы өз атымен Үлкен Клаустың егістік жерін жыртуы керек еді. Бір айта кетерлігі, Үлкен Клаус Кішкентай Клаусқа төрт атын аптасына бір рет, тек жексенбі күні ғана жұмысқа жегуге беретін. Кішкентай Клаус бұл күні аттардың барлығын тап бір өз меншігі сияқты көріп, олардың арқасында шыбыртқысын рақаттана ойнататын. Күн шайдай ашық, сәске түске таман қоңыраулар күңгірлей соғылып, қолына дұғалықтарын ұстап, сәнді киінген адамдар пірәдардың уағызын тыңдау үшін шіркеуге беттеп келеді. Барлығы да Кішкентай Клаустың өмірге дән риза болып, бес бірдей атты соқаға жегіп жер жыртып жүргенін көрді. Ол болса, адамдар таяп қалғанда:
— Әйт-шу, менің аттарым! — деп, қаттырақ дауыстап қойып шыбыртқысын үйіре жөнеледі.
— Олай айтатын жөнің жоқ! — дейді мұны естіп қалған Үлкен Клаус. — сенің жалғыз атың бар емес пе!
Бұл ескертуді сәл тыңдағанымен, тағы біреулер таяп қалғанда Кішкентай Клаус олай меншіктеп айтпауға тиіс екендігін ұмытып кетіп:
— Әй, жануар аттарым-ай! — деп тағы да айқай салады.
— Мұныңды енді тоқтат! — дейді шыдамы таусылған Үлкен Клаус. — Егер тағы да бір рет осылай айтады екенсің, мен сенің атыңды маңдайынан бір қоямын. Атың сеспей қататын болады!
— Ендігәрі айтпайымын! — дейді Кішкентай Клаус. — Дұрыс айтасың, міне қойдым!
Қайдан уәдесінде тұрсын, тағы біреулер жанынан өтіп бара жатып амандасқан кезде, ол бес атқа қарап мақтаныш билеген кейіппен:
— Шүу, мен аттарым! — деп шыбыртқысын шартылдатып, айқай салады.
— Ал ендеше мен саған аттарыңды тізгіндеп, уәдемді орындап берейін! — дейді Үлкен Клаус.
Сөйтіп ол егістік алаңында аттарды матап бекітуге арналған жуан ұңғыны алады да, Кішкентай Клаустың атын басқа бір салып, сеспей қатырады.
— Әттең-ай, не істедің! Енді менің жалғыз атым да жоқ! — деп күбірлеген Кішкентай Клаус жылап жібереді.
Содан кейін ол атының терісін сыпырып алады да, оны желге жақсылап кептіріп, қапқа салып алады. Қабын арқасына салып алады да, терісін қалаға апарып сату үшін жолға шығады.
Бір жалпақ ну орманның ортасымен ұзақ жүруге тура келеді, сөйтіп келе жатқанда күн райы бұзылып, Кішкентай Клаус жолдан адасып кетеді. Жолды әрең тауып алып түскен кезде әбден қас қарайып кеткен еді. Қалаға дейін әлі алыс, кері қайтуға және ұзақ. Түн ортасына дейін олай да, былай да жете алмайтын болды.
Сөйтіп келе жатқанда жолдың шетінде шаруа үйі тұрғанын көреді. Терезелері жабық екен, бірақ саңылаудан көз салса, от жылтырап тұр екен. «Ендеше, қалай болған күнде, мен мұнда кіріп паналауға тиіспін», — деп ойлаған Кішкентай Клаус қақпаның есігін қағады.
Үй иесі әйел қақпаны ашып, мұның мән-жайын білгеннен кейін: күйеуінің жол жүріп кеткенін, сондықтан оның рұқсатынсыз қабылдай алмайтындығын айтып, кетіп қалуын өтінеді.
— Жарайды, ендеше, онда аулада-ақ қонып шығайын! — дейді Кішкентай Клаус. Үй иесі әйел есікті тарс еткізіп жауып алады.
Үйдің жанында биік үйілген бір мая шөп бар екен. Үй мен маяның ортасында төбесіне қамыстан жайдақ шатыр төсеген қора барын көреді.
— Осында жатып ұйықтап шығайын! — дейді Кішкентай Клаус шатырды көрген соң. — Ғажайып жайлы төсек! Тек, ләйлектер ұшып келіп аяғымды шоқып тастамаса болғаны!
Оның мұны айтқан себебі, үйдің шатырындағы өз ұясында ірі ләйлек тұрғанын көрген еді. Кішкентай Клаус қораның шатырына шығып алып, ыңғайлаып жату үшін қол-аяғын жазып, ары-бері аунай бастайды. Қақпақ терезенің тек төменгі бөлігін ғана жауып тұрғандықтан, бұл арадан қонақ бөлменің іші түгел көрініп тұр еді. Қонақ бөлмеде мол дастарқан жайылып тұр екен: үстел үстінде не жоқ дейсіз: шарап та, қуырдақ та, балық та — бәрі бар. Үстелде үй иесі әйел мен дін қызметшісі ғана отыр екен. Үй иесі әйел қонаққа шарап құюда, ал ол болса балық етін асықпай жеп отыр. «Бұлардың жанына қалай барсам екен ә!» — деп ойлайды Кішкентай Клаус, сөйтіп мойнын созып терезеге үңіледі. О, құдай, қандай дәу бәлішті көрді десеңізші! Аста-төк дастарқан деген осы болар!
Ол осы кезде үйге таман біреудің жақындап келе жатқан дыбысын құлағы шалды. Сөйтсе, бұл үйдің қожайыны екен. Ол өте мейірімді адам еді, тек ежелден бері келе жатқан бір қызық әдеті: дін қызметшілерін мүлде жақтырмайды екен. Дін қызметшісін көрсе болды — ашуланып, өзін өзі ұстай алмай кететін әдеті бар екен. Сондықтан дін қызметкері үй иесі жоқта қонаққа келген соң мейірбан әйелдің оны жақсылап күтіп қонақ болдыруға тырысып жатқан беті екен. Қожайынның қайтып келгенін біліп, олар қатты қорықты. Үй иесі әйел қонағына ішінде ештеңе жоқ бос тұрған сандыққа жылдам тығылуын өтінеді. Дін қызметшісі келіседі — үй иесінің дін қызметшілерін көрсе өзі өзі ұстай алмай қалатынын ол да жақсы білетін, — ал үй иесіәйел болса үстел үстіндегінң бәрін жылдамдатып пештің ішіне тыға бастайды: егер күйеуі мұны көріп қойса, кімді күтіп жатырсың деп міндетті түрде сұрайды емес пе.
— Ап бәлем! — деп Кішкентай Клаус терең тыныстап тамсанады тамақтар мен шарапты асығыс-үсігіс жасырып жатқанын қарап отырады.
— Мұнда кім бар? — деп сұрайды шаруа Кішкентай Клаусқа назарын аударады.
— Мұнда неғып жатырсың? Кеттік онан да, біздің үйдегі қонақ бөлмеге! — дейді қожайын. Кішкентай Клаус адасып кеткенін және қонып шығу үшін рұқсат сұрайды.
— Мақұл, — дейді шаруа, — қона бер. Тек алдымен екеуіміз ауқаттанып, әл жинап алмасақ болмас.
Әйелі бұл екеуін өте бір жылы қарсы алып, дастарқан жайып, пештен үлкен құмырамен ботқа алып шығады. Жолда қарны әбден ашқан шаруа алдына келген ботқаны аса бір тәбеттенген қалыппен жей бастайды, ал Кішкентай Клаустың ойы пешке жасырылған дәмді қуырдақ пен балықта, бәліште еді.
Үстел астында, Кішкентай Клаустың аяғының жанында әлгі сатуға алып бара жатқан жылқының терісі салынған қапшық жатыр еді. Ботқаны жеуге тәбеті тартпаған Кішкентай Клаус қапты аяғымен үйкелей бастайды. Қатқан теріден шиқылдаған дыбыс шыққан кезде:
— Тсс! — дейді Кішкентай Клаус. Сөйтеді де теріні қайтадан үйкелей бастайды: тері де бұрынғыдан да қатты шиқылдайды.
— Мынау қабыңда не бар? — деп сұрайды қожайын.
— А, бұл ма, бұл менің — сиқыршым! — дейді Кішкене Клаус. — Бұл бізге мына ботқаны жеудің қажеті жоқтығын айтып отыр. Ол біз үшін әлдеқашан сиқырлық жасап, бәрін пештің ішіне жасырып қойыпты: қуырдақ та, балықта, бәліш те бар дейді.
— Міне, керек болса! — деп айқайлап жіберген шаруа жүгіріп барып ашып жібергенде, пештің ішінен айтылған дәмді тамақтарды көрді. Біз бұл тамақтарды мұнда әйелі тыққан білеміз, ал қожайын болса барлығын сиқыршы сиқырымен әкелді деп ойлайды.
Әйелі бірде бір сөз айта алмастан, бәрін үстел үстіне қойып жатты. Ал күйеуі қонағымен бірге балық, қуырдық пен бәлішті рақаттанып жеуге кірісті. Сөйтіп отырғанда Кішкентай Клаус қапшығын тағы да басып шиқылдата бастайды.
— Ал, ол қазір не деп айтты? — деп сұрады шаруа.
— Иә, бұдан өзге үш құты жүзім шарабын сиқырлап әкеліп едім, олар да пештің ішінде жатыр дейді, — деп жауап береді Кішкентай Клаус.
Үй иесі әйелдің шарапты да пештен алып шығуына тура келеді. Шаруа шараптан бірінен соң бірін, бірнеше стаканын ішкен соң, көңілденіп сала берді. Кішкентай Клаустың сиқыршысынан қандай зат болсын алып қалудан кет әрі емес еді.
— Мүмкін сайтанды шақырармыз а? — деп сұрайды шаруа. — Менің көргім келгені осы, мен үшін бұл қызықты болып тұр.
— Мүмкін, — дейді Кішкентай Клаус, — менің сиқыршым өзім қалаған нәрсенің бәрін жасайды. Рас па? — деп сұрайды ол қапшығынан, ал өзі оны аяғымен үйкелегенде, тері шиқылдайды. Естимісің? Ол «иә» деп жауап берді. Тек шайтан өте ұсқынсыз, оны көрудің мүлде қажеті жоқ ау!
— Қанеки, мен одан титтей де қорықпаймын. Оның түрі қандай өзі?
— Иә, дін қызметшісіне құйып қойғандай ұқсайды ғой.
— Тфу! — деп түкірінеді шаруа. — Мінеки, жексұрындық! Саған дін қызметшісін көргім де келмейтінін айтуым керек! Бірақ, маған бәрі бір, мен мұның сайтан екенін білем ғой, сондықтан соншалықты жиіркенішті болмас! Айтпашқы, мен сондықтан да біршама батылданып алдым ғой! Тек ол маған тым жақынырақ келмесінші!
— Ал мен онда мұны сиқыршыма айтайын! — деп күбірлеген Кішкентай Клаус қапшығын басып, оны тыңдайды.
— Иә, сонымен не дейді?
— Ол саған анау бұрышта тұрған сандықты барып ашсын: сонда сайтан тығылып отыр дейді. Тек қақпағын ұстап тұр, әйтпесе ол секіріп шыға қашады.
— Ендеше сен ұстап тұруға көмектес! — деп шаруа дін қызметшісін жасырған сындыққа қарай беттейді.
Дін қызметшісі қорыққанынан жүрегі аузына тығылып жатады. Шаруа қақпақты жартылай ашып сандыққа үңілді.
— Тфу! Көрдім, көрдім! — деп айқай салады ол кері қарай секіріп. — дәл дін қызметшісінің өзіне ұқсайды екен. Қандай жиіркенішті еді!
Мұндай сүйкімсіз түрді көргеннен соң, әсерден айығу үшін екеулеп түнімен шарап ішумен болды.
— Сен маған мынау сиқыршыңды сатшы! — деп жабысады шаруа. — Қанша сұрасаң, сонша беремін, аузыңды толтырып сұра!
— Жоқ, сата алмаймын! — дейді Кішкентай Клаус. Ойласаңшы, сол арқылы қанша табыс тауып жүргенімді.
— Сатшы! Оны сатып алуға әбден құмартып отырмын! — деп шаруа Клаусқа жалына бастайды.
— Жарайды, ендеше, — деп жауап береді ақыры Кішкентай Клаус, — сенің айтқаның-ақ болсын! Сен маған мейірбандық таныттың, мені үйіңе қондырдың, сондықтан менің сиқыршымды берейін.
— Жақсы! — дейді шаруа. — Бірақ сен сандықты шығарып әкетуің керек, мен оны бір сәтке де үйіме қойғым келіп отырған жоқ. Қайдан білейін, мүмкін, сайтан онда әлі отырған шығар, қайдан білейін.
Кішкентай Клаус өзінің қабын шаруаға беріп, ақысына одан қомақты ақша және ақша мен сандықты тасу үшін үлкен арбасын қоса алды.
— Қош, сау бол! — дейді Кішкентай Клаус арбаға ақша салған қапшығына қоса, ішінде әлі күнге дейін дін қызметшісі отырған сандықты салып алып сүйрей жөнеледі.
Орманның жиегінде ағысы қатты, терең, үлкен өзен ағып жаты, ағысының қаттылығы соншама, әрең-әрең тоқтайтындай екен. Өзеннің үстінде жаңа слынған көпір. Кішкентай Клаус көпірдің ортасында тұрып алып, әлі күнге дейін сандықта отырған дін қызметшісі еститіндей етіп әдейі былай деп қатты даауыстап сөйлейді.
— Маған бұл абажадай сандықтың не керегі бар? Ішіне тас толтырып қойғандай, зілдей ауыр екен өзі! Әбден әуре-сарсаңға түстім-ау. Бүйтіп әуре болғанша, өзегне лақтырып жіберейін, жете алса, өзі жүзіп жетер, жете алмаса — қажеті де жоқ!
Ол сандықты бір қолымен жеңіл қозғалтып, суға лақтырып жіберуге айналады.
— Тоқтай тұр! — дейді сандықтың ішінен дін қызметшісі. — Алдымен мені босат!
— Ай! — деп айқай салады Кішкентай Клаус, өтірік қорыққан болып. — Ол әлі мұнда отыр екен ғой! Тезірек суға лақтырайын! Су түбіне кете берсін!
— Жоқ, жоқ! Бұл — сайтан емес, менмін! — деп айқайлайды дін қызметшісі. — мені босатшы, ақысына саған қанша қаласаң, сонша ақша берейін!
— Онда мәселе басқаша болмақ! — деп Кішкентай Клаус сандықтың аузын ашып жібереді.
Дін қызметшісі ішінен атып шығып, бос сандықты суға итеріп лақтырып жібереді. Содан кейін олар дін қызметшісінің үйіне барып, Кішкентай Клаус қомақты ақшаға қол жеткізеді. Енді арбасы ақшаға лық толады.
— Атым маған жақсы түсім әкелді емес пе! — дейді өзіне өзі Кішкентай Клаус, үйге келген соң еденге ақшаларын шашып тастады. — Үлкен Клаус болса менің жалғыз атымнан қалай байығанымды білгенде қандай ызаланар екен, бәлем! Ол мұны білем деп күтіп отырғанша, барлық шындықты өзім айтып берейін!
Ол сөйтеді де Үлкен Клаусқа дән өлшейтін таразысын берсін деп бала жұмсайды. «Бұл оған неменеге керек болды екен ә?», — деп ойлаған Үлкен Клаус таразысының түбін қара маймен жұқалап майлап қояды, — көреміз, бұған не жабысып қалатынын. Оның ойлағанындай болып шықты: таразыны кері қайтарғанда, Үлкен Клаус оның түбіне судай жаңа күміс тиындар жабысып тұрғанын көреді.
— Мәссаған, мынаны қара! — деп көзі шарасынан шыға таңданған Үлкен Клаус бірден-ақ Кішкентай Клаусқа жүгіріп жетеді.
— Мұншама көп ақшаны қайдан алдың?
— Кеше кешке өлген атымның терісін сатып, пайда таптым.
— Пайдаға батқан екенсің! — деп айтып үлгерген Үлкен Клаус үйіне жүгіріп барып, қолына балтасын ала сала, төрт атын бірдей ұрып өлтіріп, терісін сыпырып алып қалаға сатуға кетеді.
— Тері сатамын! Тері сатамын! Кімге тері керек! — деп ол көшелерді бойлап айқайлаумен болады.
Мұның даусын естіген барлық етікшілер мен тері илеушілер жанына келіп, қанша сұрайтынын білмек болады.
— Бір теріге бір таразы ақша сұраймын! — деп жауап береді Үлкен Клаус.
— Есің дұрыс па? — деп реніш білдіреді сатып алушылар. — таразыға тартып толтыру үшін біздің бәріміздің ақшамызды қоссаң да жетпейді!
— Тері сатамын! Тері сатамын! Кімге тері керек! — деп айқайлайды ол тағы да, сөйтеді де, сұрағандарға: — Таразы табағына тең ақшаға дейді.
— Бұл бізді ақымақ қылғысы келген екен! — деп айқайға басады етікшілер мен тері илеушілер кейбірі белбеулерін, кейбірі былғары алжапқыштарын қолдарына ала салып Үлкен Клаусты төпелеп ұра жөнеледі.
— «Тері алыңдар! Тері алыңдар!» — деп кекете күледі олар, — көрсетейік біз саған теріні! Кет, жоғал бұл қаладан!
Сөйтіп Үлкен Клаус зытып береді. Туғаннан бері ол осылай таяқ жеп көрмеген еді.
— Бәлем тұра тұр, — дейді ол, үйіне келіп жеткен соң, — Кішкентай Клаус, мұның үшін жақсылап жауап беретін боласың! Өлтіремін оны!
Кішкентай Клаустың осы кезде кәрі әжесі қайтыс болып жатқан еді. Ол тірісінде балаларымен де онша тіл табыса бермеген, қыршаңқы кемпір еді. Ашушаң әрі сараң болатын. Кішкентай Клаус қалай болғанда да оны аяды. Бәлкім жылынып тіріліп кетер, — деген оймен, өзінің жылы төсегіне жатқызып, қымтап жауып қояды. Ал өзі бұрыштағы орындыққа отырып қалғып кетті. Ол осылай талай рет түнеп шыққан болатын.
Түнде есік сықыр етіп ашылып, үйге қолына балта ұстаған Үлкен Клаус кіріп келеді. Ол Кішкентай Клаустың кереуеті қайда тұратынын білетін. Таяп келді де, төсекте жатқан адамның басынан балтамен соғып-соғып жіберді. Бұл Кішкентай Клаус деп ойлады, ал онда өлген әжесі жатқанын ол білген жоқ.
— Мә саған! Енді мені ақымақ етіп әуре етпейтін болдың! — деп айтып, Үлкен Клаус үйіне кетіп қалды.
— Бәлем сені ме, қанішер! — дейді Кішкентай Клаус. — Ол мені өлтіргелі келген ғой! Әжемнің өліп жатқаны дұрыс болды, әйтпесе бәрібір тірі қалмайтын еді!
Содан кейін ол әжесіне мерекелік көйлек кигізіп, көршісінен ат сұрап алып, оны арбаға жегіп, кемпірдің мәйітін арба жүргенде құлап кетпейтіндей етіп, артқы орындыққа жайғастырып отырғызып алып орманға қарай жүріп кетті. Күн көтерілген кезде олар үлкен бір керуен сарайға келді. Кішкентай Клаус тоқтап тізгін тартқан соң ауөқаттанатын не барын сұрау үшін сарайға кірді.
Керуен сарай иесінің қаражат байлығы мол, өзі де мейірімді, бірақ тап бір бұрыш пен темекі толтырылған сияқты, бұрқыраған өте қызу қанды адам болатын.
— Сәлеметсіз бе! — деді ол Кішкентай Клаусқа. — таң атпай неғып сәнденіп алғансың?
— Иә, солай, — деп жауап береді Кішкентай Клаус, — әжеммен бірге қалаға бара жатыр едім. Ол анда, арбада қалды. Түссеңізші десем, түспейді. Оған бір стакан бал апарып бересіз бе. Тек оған қаттырақ дауыстаңыз, құлағы кереңдеу еді!
— Мақұл! — деп қожайын келіседі. Үлкен стаканға бал құйып алып, кемпірге апарып береді, ал ол болса қаққан қазқытай болып арбада отыр.
— Мінеки, неремеңіз сізге стаканмен бал беріп жіберді! — дейді қожайын, арбаға таяп келіп. Бірақ кемпір оның сқұарғына жауап бермек түгілі, қыбыр еткен де жоқ.
— Естідіңіз бе? — деп айқайлайды қожайын тамағын жырта. — Немереңіз сізге менен бір стакан бал беріп жіберді!
Ол тағы осылай айқай салады. Және тағы айқай салады. Кемпір болса қыбыр етпейді. Осы кезде ашуы келген қожайын бал толы стаканды кемпірдің бетіне лақтырып қалды. Бал бетінен сорғалаған кемпір етпетінен құлап түсті. Кішкентай Клаус өлікті байламай, тек орындықтың арқалығына сүйей салған еді.
Осы кезде есікті серпе тастап жүгіріп жетіп қожайынның жағасынан ала түсткен Кішкентай Клаус:
— Сенің бұл қайткенің? — деп бажылдап, ойбайлай бастады. — Сен менің әжемді өлтірдің! Қарашы өзің , маңдайы ойылып қалыпты ғой!
— Қап, қырсық ай ә! — деп аһлап-уһлеп, қолын сермеп қиналады қожайын. — бәрі де менің қызуқандылығымнан болды. Кішкентай Клаус, досым менің, мен саған таразы тола теңге берейін, әжеңді өз анамдай құрметтеп жерлеймін,тек мұны ешкімге айта көрме, білсе менің басымды шабады ғой, бұл дегенің қорқынышты емес пе!
Сөйтіп Кішкентай Клаус таразы тола ақша алды, ал қожайын оның кәрі әжесін өзінің ааысындай құрметтеп жерледі. Кішкентай Клаус үйіне бұл жолы да мол ақшамен келеді. Сөйтеді де Үлкен Клаустан таразы сұрату үшін бала жібереді.
— Бұл қалай болғаны? — деп таңданады Үлкен Клаус, — мен оны өлтіріп тастаған жоқ па едім. Өзім барып көзіммен көрмесем болмас!
Ол Кішкентай Клаусқа мән жайды білмек болып тағы келеді:
— Сенің ақшаң қандай көп еді, — деп деп сұрайды таңданғанынан көзі бақырайып кеткен ол.
— Сен мені емес, менің әжемді өлтірдің, — дейді, — Кішкентай Клаус, — мен оны ақшаға саттым.
— Мол қаржыға сатқан шығарсың, — дейді Үлкен Клаус. Мән-жайды түсінген соң ол үйге жүгіре жетіп, өзінің кәрі әжесін балталап өлтіреді. Содан кейін оны арбаға салып қаржы таппақ ниетпен қалаға, дәріханаларға сөйлесіп, олардан мәйітті сатып алуларын өтінеді.
— Сен оны қайдан алдың? — деп сұрайды дәріханашы.
— Бұл менің әжем! — деп жауап береді Үлкен Клаус. — Мен оны таразы тола ақша ақшаға сату үшін алып келіп отырмын.
— Қараңдаршы, құдай сақтай гөр! — деп айғай салады дәріханашы. — Не айтып жатқандарыңды өздерің де ұғып тұрған жоқсыңдар. Бұл үшін әлі жауап беретін боласың.
Ол сөйтіп Үлкен Клаусқа бұл ісінің қандай қылмыс екенін және осы қылығы үшін қалай жазаланатындығы туралы түсіндіреді. Үлкен Клаустың мұны естіп зәре-құты қалмай қорқады. Дәріханадан атып шығып, арбаға отыра бере, аттарды шықпырта айдап үйіне қарай зулайды. Дәріханашы да, өзге жұрт та мұны есі ауысқан адамға балап тоқтатпапты.
— Мұның үшін жауап бересің маған, Кішкентай Клаус! — деп айқайлайды Үлкен Клаус жол бойы. Үйіне келе сала үлкен қап алып, Кішкентай Клаустың үйіне келіп оған айтады:
— Сен мені тағы ақымақ қылдың ба? Алдымен аттарымды өлтірдім, енді әжемді өлтірттің! Осының бәрі сенің кесіріңнен. Бірақ енді сен мені ақымақ қыла алмайсың!
Ол Кішкентай Клаусты қолынан шап беріп ұстап алады да дәу қапқа салады. Қаптың аузын байлап алады да, арқасына салып алған соң:
— Сені ме, бәлем! Суға тұншықтырып өлтірем! — деп ашулана айқай салады.
Өзен алыста еді. Үлкен Клаусқа Кішкентай Клаусты арқалап алып жүрудің өз оңай болмады. Өзенге баратын жол шіркеудің қасынан өтетін еді. Шіркеуден орган үні естіліп, мінәжат етушілер хормен тамаша шырқап жатыр екен. Үлкен Клаус Кішкене Клаусты салған қабын жолдың шетіне қойып қойды да: «Шіркеуге кіріп шықсам, біраз уағыз тыңдап алып, содан кейін ары қарай кетсем дұрыс болар еді», — деп ойлады. Сөйтіп Үлкен Клаус шіркеуге қарай беттеп кете барады. Қап ішінде қалған Кішкентай Клаус өздігінен еш босай алмады, ал халықтың бәрі шіркеуде еді.
— Ах, уһ! — деп күңіреніп, қаптың ішінде тыпырлап жатқан Кішкентай Клаус қанша тырысқанымен мықтап шырмалған қаптан босай алмайды. Осы кезде шашы әбден ағарып, қаусап кәртейген бақташы шал қолында имиген таяғы бар, отардың соңынан ілбіп кетіп бара жатқан еді. Айдап келе жатқан сиырлар мен бұқалары Кішкентай Клаус салынған қапқа келіп үймелеп, оны сүзгілеп жатқан. Адамның таяп келе жатқан даусын естігенде Кішкентай Клаус:
— Аһ! Уһ! Мен әлі жап-жаспын. Осылай болса да ұжымаққа барғалы жатырмын! — деп дабырлайды қап ішінен.
— Ал мен, бақытсыз сорлы, қаусаған басыммен сол жаққа әлі бара алмай жүрмін ғой! — дейді мұны естіген бақташы.
— Онда қаптың аузын шеш, — деп айқайлайды Кішкентай Клаус. — Менің орныма мұнда жат — ол жаққа тірілей бірден жетіп барасың!
— Қуана-қуана барамын! — дейді бақташы қаптың аузын шешіп жатып. Кішкентай Клаус қаптан еркіндікке атып шығады.
— Енді отарды сен қарайтын боласың! — деп тапсырып, шал қапқа кірді. Кішкентай Клаус қаптың аузын мықтап, буып тастайды да малды айдап жүре береді.
Біраз кідіргеннен кейін шіркеуден шыққан Үлкен Клаус қойған орнында жатқан қапты арқасына салып алып көтеріп келе жатқанда, қабы манағыдан әлдеқайда жеңіл болып сезіледі. — Кішкентай Клаус кәрі бақташыдан кемінде екі есе ауыр салмақты еді. «Қарай гөр, біраз жеңілденіп қалыпты! Мұның бәрі жаңағы уағыз тыңдағанымның арқасы шығар!» — деп ойлайды Үлкен Клаус. Сөйтіп ол арқалаған қалпы айдынды да терең өзеннің жағасына жетіп, бақташы салынған қапты тастап жібереді де, онда Кішкентай Клаус отыр деп ойлап:
— Мінеки, сен ендігәрі ешқашан мені ақымақ қылып басымды қатырмайтын болдың! — деп айқай салады. Осыдан кейін ол үйге қайтып бара жатқан жолында... отарды бағып жүрген Кішкентай Клаусты кезіктіреді!
— Мәссаған , тағы да алдымнан тап келдің бе! — деп айқайлайды Үлкен Клаус. — Мен сені суға лақтырып жіберген жоқ па едім?
— Әрине, лақтырып жібердің! — дейді Кішкентай Клаус. — Жарты сағат бұрын сен мені өзенге лақтырып жібердің!
— Ендеше мынадай мол табынды қайдан алдың? — деп сұрайды Үлкен Клаус.
— А, бұл ма, бұл — суасты табыны! — деп жауап береді Кішкентай Клаус. — мен саған болған оқиғаны асықпай баяндайын. Мені суға лақтырғаның үшін, сондықтан байып кеткенім үшін саған рақмет, әрине! Қап ішінде маған алғашында қорқынышты болды! Сен суық суға мені тастап жібергенде, құлағымда жел ызыңдады дерсің! Мен дереу судың түбіне жеттім, бірақ ештеңеге соғылып зақым алмадым — өзен түбінде сондай бір жұмсақ та, жайлы шөп өседі екен, соның үстіне түсіппін. Қап шешіліп кеткен кезде қардай аппақ көйлегі бар, қолына жасыл шөптерден жасалған гүлтәж ұстаған, шашы дымқыл суланған айдай сұлу ару маған қолын созып тұрып былай деді: «Бұл сенбісің, Кішкентай Клаус? Мінеки, мына табынды сен ал, ал бұдан бір шақырым жерде бұдан да көп малы бар табын жайылып жүреді. Бар — соның бәрін саған сыйлаймын».
Мен онда суасты тұрғындары тұрғындары үшін өзеннің қалай болғанда да жол ретінде пайдаланылатынын көрдім: Олар осы өзеннің барып құятын жеріндегі көлдің түбіне дейін сапарлап жүреді екен. Онда қандай ғажап десеңші! Қандай гүлдер, қандай балғын шөптер! Ал балықтар менің құлағымның түбінен, біздегі құстар сияқты суылдатып жүзіп жүрді. Қандай сұлу адамдар қарсы алдымнан тап келгенін айтсаңшы! Қандай үлкен табындар қала маңында, арықтардың бойында жайылып жатыр десеңші!
— Онда неге ол жақтан жылдам қайтып келдің? — деп сұрайды Үлкен Клаус. — Егер онда тамаша болса, мені ол жақпен қызықтырмас едің ғой!
— Мен мұны жайдан жай жасаған жоқпын ғой! — дейді Кішкентай Клаус. — Суасты аруы мені осыдан бір шақырым жерде ғана жайылып жатқан өзге тағы бір табынға ие болу үшін жұмсағанын естідің ғой? Ол жол деп өзенді айтады екен — өзге жолды олар білмейді ғой, — ал өзен бұралаң-ирелең болғандықтан, үлкен бір шеңбер жасап жүріп шығуға тура келді. Мен жердің бетімен, алдағы табыным күтіп жатқан жерге тіке бармақшы болдым. Осылайша, мен жарты шақырым ұтатын боламын!
— Жолы болғыш бәлекет! — дейді Үлкен Клаус. — Қалай ойлайсың, егер судың түбіне түссем мен де отарға қол жеткізе аламын ба?
— Әрине! — дейді Кішкентай Клаус. — тек мен сені өзенге дейін қаппен таси алмаймын, сен өте ауырсың. Ал, егер шынымен де өзің жеткің келіп тұрса, қапқа кір, мен сені суға қуана-қуана тастайтын боламын!
— Рақмет! — дейді Үлкен Клаус. — Егер онда табынға ие бола алмасам, сені быт-шыт қылып ұратын боламын, біліп қой! — дейді Кішкентай Клаусқа доқ көрсетеді.
— Қой-қой, ашуланба! — дейді Кішкентай Клаус. Сөйтіп олар өзеннің жағасына келеді. Шөлдеген табын суды көргенде ішпек болып лап қояды:
— Қарашы, олардың қалай асығып бара жатқанын! — дейді Кішкентай Клаус. — Қарай гөр, суды қалай сағынып қалғанын: судың түбі қанша дегенмен — өз мекендері ғой!
— Ал ендеше сен маған көмектесіп жібер, әйтпесе сенің быт-шытыңды шығарып ұрамын! — деп Үлкен Клаус өгіздердің бірінің арқасына таңылған үлкен қапты алып, соған кіреді.
— Қабымның ішіне тас әкеліп сал, әйтпесе судың түбіне жете алмай қалуым мүмкін! — дейді Үлкен Клаус.
— Жетесің! — дейді Кішкентай Клаус, сөйтті де, қалай боғланда да қаптың ішіне үлкен бір атсты салып, қаптың аузын мықтап байлап , суға тастап жіберді. Күмп! Осылайша Үлкен Клаус судың түбіне бірден кетті.
— Аһ, ол судың түбінен ешқандай сиырды да, өгізді де таба алмай ма деп қорқамын! — деп күбірлеген Кішкентай Клаус табынын үйге қарай айдай жөнелді.
Орыс тілінен аударған Асылбек Байтанұлы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі