І
Байжан батыр жасы елу қараса да, бір балаға зар болыпты. Іштей құса болса да, сыр алдырмай ел қатарлы тіршілігін қылыпты. Содан бір күні ол базарлап жүргенінде, бұйым сатып отырған бір саудагер әйелге кезігеді. Әйел оған: "Менде өткір кездік бар және алтын сырға бар. Екеуінің бірін таңда да, тегін алып кет" – дейді. Батыр ойланып: "Өткір кездік өзімдікінен артық болмас. Ал мына сырға көздің жауын алады екен. Бәйбішеме апарайын, қуанып қалсын" – деп сырғаны алады. Бағалы сыйлыққа бәйбішесі ырза болып, қайда барса да құлағынан тастамай тағып жүреді. Бірер уақытта бәйбіше ақыры бала көтереді. Құдайы беріп, Байжанның төбесі көкке жетеді. Ұл ма екен, әлде қыз ба екен деп тағаты таусыла күтеді. Бір түні оның түсіне ақ киімді ақсақал аян береді: "Құдайың сабырлығыңның сыбағасын берді. Ұл бермеді, тоғыз ұлға татырлық қыз берді" дейді. Тоғыз айдан соң бәйбішесі қыз туады. Қыздың маңдайы жарық болады. Жанымызға дәрі болдың деп есімін Дәріке қояды. Содан жылдар өтеді. Тумысының тылсымдығынан Дәрікенің болмысына нұр бітіп, қолына емдік қасиет қонады. Сынған, шыққан, сыздаған, жырылған, ойылған, күйген, ісінген, іріңдеген, жүрмей қалған, көрмей қалған, естімей қалғанның барлығын айықтыра береді. Кіп-кішкентай шағынан көпшілікке жақсылығы тиіп, сый-құрметке бөленіп өседі. Жасы он беске келгенде, ақ үрпек ару болады. Хан баласының өзі оған ғашық боп қалып, кісі жіберіп айттырады. Қыз оны қабыл етпей, қартайған әке-шешесінің қараушысы болып қала береді.
Күндердің бірінде Дәріке қыз базарлап жүрсе, жол бойында арбасы аударылып, тиегені төгіліп қалған бір арбакеш едірейген бір кемпірмен кикілжіңдесіп тұр екен. Алдына барып араша болады.
– Қараң қалғыр қу кемпір! Алдымнан атып шықпасы бар ма, – дейді арбакеш.
– Балам-ау, екі көзден кеткелі қай заман, қайтейін, – деп кемпір ашынады.
– Қайтейін. Соқыр болсаң, жатпайсың ба үйіңде, әркімнің аяғына оратылмай. Деніне қарамай, салтаңдаған жалмауыз өзі!
Дәріке кісіні сабырға шақырып, арбасын көтерісіп, дүниесін жинап беріп, жөнелтіп салады. Соң кемпірді жиекке шығарып: "Мен сізге жәрдем қылсам. Жанарыңызды қайтарсам" деп пейілін білдіреді. "Құдай жар болсын, қызым! Бірақ қайтесің қаусаған кемпірді, ажалым алыс емес. Одан да, ауыр дертке ұшыраған баламды түзелтсеңші" деп кемпір бұйымтайын айтады. Дәріке келісіп, кемпір оны үйіне ертіп апарады. Үйіне барса, жан баласы жоқ, төрт қабырға тым-тырыс.
– Балаңыз қайда?! – дейді Дәріке түсінбей. Кемпір алауын тұтатып, қыздың қолына ұстатады да, өзі бір шеттегі кілемін көтеріп, жертөлесінің есігін ашады.
– Төмен түсе бер.
Қыз көңілі кірбің тартса да, ісім оң болғай деп, төмен түсе береді. Баспалдақтың жартысына келгенде, қараңғы түптен ырсылдаған күрең дауыс естіледі. Жүрегі тулаған қыз кері қайтайын десе, жертөле аузы тарс жабылады.
– Қорықпа, шырағым, ол күні-түні ұйқыда, жылжи бер, – деп кемпірдің бұлыңғыр даусы шығады.
– Мені қамап қойдыңыз ба? Сіз неге түспейсіз?
– Шырағым, мен сен сияқты тәуіп емеспін ғой. Кесірі тиіп кете ме деп қорқамын.
– Балаңыз... сәл-пәл адам еместеу ме, қалай өзі, – деп қыз біраз күйпекшіп, қорс-қорс еткен дауысқа қарай ақырындап жылжи береді. Қараңғы түпке жеткенде, өз көзіне өзі сене алмайды. Адам айтса нанғысыз: бір үп-үлкен кереуетте үп-үлкен дәудің өзі жатыр екен. Қорс-қорс, қорс-қорс.
– Мынаның қай жерін емдейміз?! – деп Дәріке ал-дал. Төбесіне қолын қойса, буырқана қайнап тұр. Қолын алмай қыз әйтеуір дұғасын оқи береді, оқи береді. Бір мезет қайнағаны басыла кетіп, дәу денесі тартымды бір бозбалаға айналып шыға келеді. Дәріке аң-таң. Бозбала көзін ашқан соң, шешесі екеуі жылап көріседі. Бозбаланың аты Санжар екен. Дастархан басында Санжар бұндай күйге қалай душар болғанын баяндап береді:
"Мен сапарда жүргенімде алдымнан қара жамылған таңсық біреу кезікті. Адам ба деп қарасам, өңі сұп-сұр, көзі жасыл, ұсқыны жантүршігерлік. Кезерген ернінің екі ұшы құлақтарына тартылған күйі, ұзын саусағымен кеудемді түрте қойғанда, мен талып түсемін. Әрі қарай түк білмеймін. Шешемнің айтуынша үйге өз аяғыммен селтең басып келген екенмін. Бірақ денім сау емес, көзім қызарған, өңім бозарған, құдды ішіме жын кіргендей. Келе сала қап-қараңғы жертөлеге тығыла беріппін" дейді. Шешесі артынан хабар алуға барса, ұлының орнында әлгіндей мақұлық жатыр екен. Содан не шара қыларын білмей, соңғы үмітінің артынан еріп, Дәрікені әдейі іздеп барған екен. Енді үміті ақталып, қуаныштан емші қызға алғысын жаудырып, сыбағасын беріп шығарып салады.
Үйіне оралған соң, Дәрікеге хан сарайынан хабар келеді. Бірер күн бұрын жорыққа аттанған хан баласы бір кесірге ұрынып қайтып, өлім аузында жатқан көрінеді. Содан хан Дәрікені алдырып:
– Ұлыма Өлім Себуші тиді. Оны өзіңнен басқа ешкім құтқара алмас, – деп баяндайды.
– Құп тақсыр! Қолымнан келгенін жасаймын! – деп Дәріке бас иеді.
Тірі қайтқан азырақ әскердің сипаттауына қарағанда, хан баласы әлгі тура Санжар айтқан сұр мақұлықтың олжасына айналса керек. Бұл мақұлықпен хан әскері әуелдері бірнеше рет қақтығысқан да екен. Оның бәлесі кімді ұрса, ол сол күйі беті бері қарамай кетеді екен. Сондықтан оны Өлім Себуші деп атап кетіпті. Күндер өтеді. Хан баласының өмірі үшін Дәріке түрлі тәсілдермен күресіп бағады. Өз қасиетімен жасап шығарған ғажайып емдік шөптер мен шәрбаттарын үздіксіз жаратады. Алайда көгереңдеген кеселдің ауыр тыныстауын уақытша созудан басқа, қолынан түк келмейді.
– Ажалдың алдында бәріміз бірдей шарасыз екенбіз, – деп еңсесі түсіп, берілмек болады.
Баласының қиналғанына жүйкесі құрып, хан ақыры есінен алжаса бастайды. Оның бар сенімін арқалаған Дәрікенің де шарасыздығына жынданып, қисынсыз іске қолы барады. Әуелі оған уәсуәс келеді: "Бұл қыздың әрекетсіздігі балама өкпелегеннен болса керек. Хан баласы өзі қатын қылғысы келсе, қызы болсын күңі болсын қайбір есі дұрысы бас тартар еді. Демек бұның тікелей хан әулетіне наразылығы бар" деп сендіреді. Міне осыдан хан ойда жоқта қыздың әке-шешесін тұтқынға алып:
– Сенімен басқаша сөйлесу керегін білгенмін! Бұл сенің соңғы мүмкіндігің! Қолыңнан келмесе баспен өтейсің! Әке-шешеңнің басымен! – деп қаһар көрсетеді. Дәріке тығырыққа тірелгенін түсінеді. Қолынан келмейді, хан баласы азапты халде көз жұмады. Дәріке жерге жығылады.
Әке-шешесінің жазықсыз басы алынған соң, хан қызды зынданға тастап, күңі етпек. Зынданда тізесін құшақтап отырған қыздың құлағына кенет сырттан дүмпіген дүрсіл мен сақшылардың у-шуы естіледі.
Сарайға әлгі жертөледегі Дәу шабуылдап, жерді аспанға төңкеріп жатыр екен. Оған атқан садақтың оғы шөпшектей, шапқан қылыш қылдай екен. Көзді-ашып жұмғанша сарайдың астан-кестеңін шығарып, хан әскерін жайратып болады да, қамалды бұзып кіріп, ішінен Дәрікені шығарып алады. Сонда Дәріке: "Тоқтай тұр. Қайтаратын кегім бар" дейді. Дәу оған сасқалақтап қарасын батырмақ болған ханды ұстап береді. Бейшара хан басын жерден көтермей, жылап-сықтап, рақым өтінеді. "Рақымсыз адамға қандай рақым?!" деп Дәріке оның өз қылышымен өзінің басын шауып тастайды.
Содан Дәу бір иығына қызды қондырып алып, бас сауғалап, алыстарға жол тартады. Олар қарасын батырған соң хан ордасына Өлім Себушінің өзі аяқ басады. Сарайдан қалған қирандаларға тұншыққан мүрделерді көз қиығымен бақылай өтіп, ханның бассыз денесіне тақап тоқтайды. Басын жерден көтеріп алып: "Жарайсың, мен үшін барлығын даяр қылдың" деп үрейлі жымиысы мен ақсиған тістерін паш етеді...
ІІ
Дәу мен Дәріке елді-елден, жерді-жерден, таулы-таудан, көлді-көлден асып өтеді. Жол-жөнекей Дәріке Дәудің жөн-жосығын білгісі келеді. Сөйтсе, бұл – Дәудің кейпіне енген Санжардың өзі екен. Тәніне қонған Алып Руһы мен өз руһы үйлескен соң, жігітке оның тылсымы әшкере болыпты. Ықылым заманнан бері жер бетінде ел аралап, адамдарға өмір силаумен айналысатын Дәріке сынды шипагерлер мекендепті. Кейіннен оларға қарсы әрекет етуші Өлім Себуші пайда болыпты. Ол ғасырда бір туатын ең ерекше шипагерлердің бірінен соң біріне шабуылдап, тәндеріне кіріп алып, олардың сиқырлы күштерінің теріс жағын ашып, керісінше кесел таратып, жан алуға қолданып келіпті. Оның қазіргі иемденген тәні осыдан тура бір ғасыр бұрын өмір сүрген Дарамыс атты ұлы емші екен. Оның басқалардан ерекшелігі – жарық пен қараңғы әлемдердің руһтарын өзіне бағындыра алатын құдіретке ие екен. Санжарға қонған Алып Руһ сол Дарамыспен алғашында жауласып жүріп, кейіннен оның бағынышты қызметшісіне әрі қорғаушысына айналған екен. Қожайыны үшін әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі ауру-сырқаулар жайлы ақпарат жинап, руһтар әлемінен оларға шипа болатын күштерді тасымалдап, шипагердің бойына сіңдіріп отырыпты. Алайда Өлім Себуші оларға келіп жеткенде, Алып Руһтың оған еш шамасы жетпей, қожайынының қалай құрбан болғанын бақылаудан басқа шара қыла алмапты. Ол жылдар бойы Өлім Себушіні аңдып, қалайда оны тоқтатып, қожайынының жанына тыныштық сыйлауға барынша әрекет етіпті. Тура бір ғасыр өткен соң ол Дәріке туралы хабар алып, Өлім Себушінің енді оған қарай оқталатынын ұққан соң, кесаппаттың алдын алуға ұмтылыпты. Бірақ оған зати түрде әрекет ету үшін тән керек еді. Сондықтан да ол Санжарды өлім аузынан құтқарыпты. Бірақ оның жанымен үйлесім таба алмай Санжар содан сырқаттаныпты. Ал енді Дәріке келіп, оны емдеп қана қоймай, Алып Руһтың орнығуына жағдай жасап беріпті.
Дәріке Санжармен осылайша тіл табысады. Санжардың бұрынғы жыртық-жамау мүсәпір киімін Дәріке дәме көрмей, орнына он киіктің терісін жалғай отырып жарғақ тігеді, оны ауыстыратын отыз үйдің жібегінен сұратып кездеме көйлек тігеді. Санжар мұның себебін сұрайды. Дәріке жауап қатады: "Он киіктің терісін жалғауым — сен ұлғайсаң, дәу болсаң жыртылмай қаһарлы күйіңді ұстатар деген сақтық екен, отыз үйдің жібегін сұратуым — отырыста осы сұлу кейпіңмен ойып тұрып төрден орын алсаң, салтанат құрсаң деген жалынды үмітім екен".
Қыздың осы қалауынан Санжар оған жүрегін байлап қойыпты. Қыз да бұдан қымсынбапты. Екеуі ғашықтықты сезініп, сол жерде ант-су ішісіп, ерлі-зайыпты болыпты.
Ғашықтардың ізінен Өлім Себуші де қалмапты. Бұлардың барлық барар жерлерін алдын ала тәпсірлеп, ақ жолдарын қиян-қырқын кедергілерге толтырыпты.
Бір жұма күні бұл екеуі таулы-тасты аймаққа келіп жетеді. Дәу қорс етіп Дәрікені иығынан төмен түсіреді де, өзі Санжарға айналады. Санжар сонда демалмақ болады. Бірақ Дәріке бір пәленің таяғанын сезіп, бас тартады. Сезгені сол-ақ екен, төбеден қарақұйын төніп, ішінен кесапат шығады. Кесапат тырнағы сояудай екен, құдды Өлім Себуші сияқты бірақ тұрпайылау, жабайылау, алыптығы екі есе, тік жүрмиді, бүкірейе айналып ұшқақтап жүреді. Ұшқақтап келгенде сояу тырнақтар, пышақтай кескестеп, орақтай орып өтеді. Содан ол өзін Кескес атаған екен.
"Көп сұрақтың қажеті жоқ. Менің не үшін келгенімді білесіңдер. Жәй ғана беріле салыңдар. Сонда барлығына жақсылық болады" дейді қияқтаған даусымен.
"Армандапсың" дейді Санжар Дәу болып, қос жұдырығын қосарлай дүрс еткізе соқтығыстырып.
"Мұның қаншалық қажеті бар?" дейді Дәріке төбелесті емес, тезірек қарасын батыруды жөн көріп.
"Бұл арамыздағы жеке мәселе" дейді сонда Дәу. Дәріке көніп, жартас ұңғысына жасырынады. Ал Дәу мен Кескес іске кіріседі. Сояу тырнақтар Дәуді әбден абдыратып, жан-жақтан тілгілеп дегбірін қашырады. Сонда да берілмейді. Бірде Дәу ұтады, бірде Кескес Дәуді жығады. Содан бір сәт делебесі қозған Дәу өзінің екі қолымен Кескестің екі қолын қабыстыра батпан алақандарымен қысып алып, шыр айналдырып жартасқа әкеп гүрс еткізіп бір-ақ ұрады. Соққының ауырлығы соншалық, жер жарылып, өзін-өзі жұта бастайды. Дәріке жарылғанның ішіне сырғи бергенде оны Дәу ұстап қалады. Қызды жұдырығына салып үлгерген Дәу артынан өзі де жер астына ғайып болады...
Қараңғы түнекте екеуі жөтеліп оянады. Алдарынан жарық көрінеді. Жұтылған тастарға көміліп қалған екен. Барлығын еңсеріп жарыққа шығады. Жарығы жер бетіндегідей емес күңгірттеу екен. Алдарында бір көгал, бір тамшы су, бір тіршілік көзі жоқ. Қаптаған жарық тастар мен өзен боп аққан қайнарлар. Содан бұлар жер асты әлемінде екенін ұғынады. "Енді қайттік?" деген көкейлерінде осындай сұрақ тұрады.
"Мен сені қорғағым келді. Кешір, бұл тозақтан қалай шығатынымызды енді білмеймін" деп күрсінеді Дәу. Қыз сонда:
"Ештеңе етпес. Амал қылсақ, шешімін өзі берер. Бір жаратқанға тапсырдық" дейді де, енді өзі жол бастап тартып отырады.
"Шешем-ау, "осындай сорлы балам болғанша, мені жер жұтса еді-ау" деп қайталай беруші едің, енді саған құдай көрсетпесін, қанағат қыл деп айта баратын болдым" — деп күледі Дәу.
Олар онда адам жегіш гүлдерден, арбағыш шырмауықтардан, қытықтағыш қаңбақтардан өтеді. Жыртқыш жортқыш жорғалағыш кесіртке-жыландарды да бағындырып алады. Бұның бәрі Дәрікенің қасиетті нұры тұнған ақыл-парасатының арқасында орын алады. Санжар оған қайран қалуын тоқтата алмайды.
"Шешем-ау, "осындай сорлы балам болғанша, мені жер жұтса еді-ау" деп қайталай беруші едің, енді саған құдай көрсетпесін, қанағат қыл деп айта баратын болдым" — деп күледі.
Содан олар бір үп-үлкен қара үңгірге тап болады. Алдарында одан басқа жол көрінбейді. Ал үңгір іші тас қараңғы. Адам шошытарлық. Ішінде не руһтың не жынның сыбдыры. Бірақ руһ та емес жын да емес, ішінен бір мыстан шығады. Шыға сала көзі оттай лаулап, аузындағы жалғыз күрек тісін жұлып алып лақтырып қалады. Тіс жарылып, Алып Айдаһарға айналады. Дәу Дәрікені қойнына салып қаша береді. Айдаһар жолындағының бәрін жалмап, аузынан от үрлей шарпыған күйі қуа береді. Содан бір тас қалашыққа жеткенде ғана Дәу есін жиып, тірі жанға зиян келмесін деп тоқтай қалады да, теріс бұрылады. Бұрылған күйі қос қолын тігінен жазып, Айдаһардың аузынан екі айырған күйі мығым ұстай алады. Солай ұстап, жерге бір соққанда мақұлықтың қарны жарылып өледі. Тас баспаналарына бұға тығылған қала жұрты біртіндеп бас көтеріп шыға береді. Арасында бір қасиет қонған асатаяқты қарт болады. Бойы еңіс, бүкірейген. Қолына қағазын алып шығады. "Мәссаған! Дәл келді!" дейді қағаздағы суретпен салыстыра қарап көзі жәутеңдей. Суретте — Айдаһар аузын айыра ұстаған Дәу бейнесі. Қарт Дәуге жақындап, мән-жайды түгел баяндайды. Бұл Мыстан өзінің төрт тісіне төрт айдаһар жасырған екен. Үшеуі әлдеқашан келіп кетіп, жұртқа зауал салып, үркіткен екен. Бірақ ең зауалдысы — ең соңғысы екен. Қарт өзі пайғамбарлық қылыпты: оны тоқтататын бір Қаһарман келеді-мыс. Міне енді айтқаны дәл келіпті. Енді жұрт байыс тауып, шаттанысып, тойлатады. Дәрікенің уәдесі орындалады. Отыз үйдің жібегінен кездеме киген Санжарды қала халқы төріне шығарып қана қоймай, алашаға көтеріп хан сайлайды. Осылайша бірнеше ай қаланы Санжар өзі билейді. Ал жорық-майданда он киіктің терісінен жамылған Дәу қаһарлы күйімен өктемдігін жүргізеді. Соғыстан жараланып келсе Дәріке өзі емдеп жазып отырады. Дәрікенің өзі болса қасиетімен бұл жұртқа мол пайдасын тигізіп, жақсылығын жасай береді, жасай береді.
ІІІ
Содан жыл өтті дегенде Дәрікеге сырттан бір науқас келеді. Ауруы баяғы хан баласының ауруымен бірдей. Сөйтсе бұған да Өлім Себушінің тажалы тиген екен. Дәріке бұл жолы да қолынан келгенін аянбай барынша тырысады. Бірақ тағы да нәтижесіз. Асатаяқты қарт айтады: "Демек сен де шектен шығып қойған екенсің ғой" деп еңсесі түседі. Кезінде Дарамыс емші де кек алам деп кісі өлтірген екен. Шек дегені осы екен. Содан Өлім Себуші Дарамыстың тәніне кіруге мүмкіндік алған екен. Енді Дәріке де өзінің қауіпті жағдайын аңдап, жанын қоярға жер таппайды. Өзі үшін емес: "Бұл Өлім Себуші менің қасиетімді теріс пайдаланатын болды" деп қайғырады. Бірақ Санжардың өзі де, Алып Руһы да "Бұл жолы бәрі басқаша болады" деп серт беріп, өзінің панасына алады.
Ай өтіп, науқастың иісі аңқып қалған ізін бағдар тұтқан Өлім Себуші Дәрікені ақыры тауып келеді. Келеді де айтады:
— Ерте ме, кеш пе барлығы ажал құшады. Тағдырдан еш жерге қашып құтыла алмайсың! Осыны барлығы ұғынуы керек!
— Жоқ! — дейді Дәріке келіспей. — Сен өзіңнің пайдаң үшін ғана ажалға қызмет қылып жүрсің. Ажал сеппесең сен жәй ғана қуыскеуде болып қаласың!
Оның айтқаны Өлім Себушінің шамына тиіп, ол алыптана ұлғайып, бірден бас салады. Санжар да Дәуге айналып Дәрікені қорғап шайқасқа түседі. Бірде Өлім Себуші қара түтінімен қармап алса, бірде Дәу оны алып ұрады. Екеуі сөйтіп жарты күн алысады. Ал Дәріке тасада бұл жағдайдың шешімін іздеп ойластыра береді. Алайда уақыт тым аз қалады. Ақырында Өлім Себуші үстем шығып, Дәуді түтінімен қоршаған күйі әуеде қалқыта ұстап тұрып, Алып Руһын сорып алмақ болады. Сонда Дәрікеге бір күрделі ой сап етеді де, іске асырады. Ол қонышынан пышағын шығарады да, Өлім Себушінің назарын өзіне аударып ұмтыла береді. Оны көріп дұшпан өз кейпіне қайтқан Санжарды әрі тастай салады. Содан енді Дәрікеге оқталып келгенде, қыз қолындағы пышақты Санжарға қарай айналдыра лақтырады. Өлім Себуші ақыры дегеніне жетіп қызды қармап алып, жүрегіне еніп кетеді. Қыз денесі қалықтап тұрып, көздері Дәуге ымдап жұмылады. Дәу көзінен жас мөлтіп секіріп келіп, қыз жүрегіне пышақты әкеп қадайды. Қыздың да көзіне бір тамшы жас мөлтіп, жаны үзіледі. Дәу нәзік денені аялап ұстап, жерге жатқызады. Тісін қайрап, есі шығады. Бірақ амал нешік. Халық болып күрсініп, Дәрікені арулап көмеді.
Осылайша емші қыздың ерлігі ұрпақтан ұрпаққа дастан болып айтыла беріпті. Ал Санжар жаны Алып Руһпен мәңгілік үйлесіп, жарының атын өшірмей, ғасырлар бойы жер астында билік құрыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі