Бір күшік жолдан үлкен, тәтті қауын тауып алыпты. Ол қауынды жарып, енді жей бергенде, аяқ астынан түлкі жетіп келіпті. Қауынды көргенде ашқарақ түлкінің сілекейі шұбырып:
— Қауынды қайдан алдың? — деп күшікті сұрақтың астына ала бастайды. Күшік жолдың бойын нұсқайды. Сонда түлкі көзін айналдырып:
— Кеше мен осы арада бір қауынымды жоғалтып алып едім, мынау сол болуы керек, — дейді еш шімірікпестен. Дәл осы кезде қастарына балпаңдай басып аю келеді.
— Босқа ренжіспеңдер, қауынды мұнда мен қойып кеткенмін, — дейді ол бір пәлені бастап.
Сәл ойланған күшік:
— Біз бекерге таласпайық. Күн де ұясына батып барады екен. Қауынды бір жерге тығып қояйық та, ертең таңертең келейік. Кім ерте келіп тауып алса, қауын сонікі болсын. Келісесіңдер ме? — дейді.
Түлкі мен аю келіседі. Сонымен олар қауынды бір жерге жасырады да, бұрылып кете барады. Ары таман барған соң түлкі басын көтеріп, аспанға қарайды. Ол төбедегі бұлтты көріп: «Қауын бұлттың астында екен ғой», — деп ойлап, соны есіне сақтап қалады.
Аю бір үзік күн нұрының дәл қауын жасырылған маңға түсіп тұрғанын байқап, соны белгі етеді.
Ал күшік жан-жағына барлай қарап, қауынның өзен жағасындағы ағаштың түбіне жасырылғанын көңіліне бүгіп қояды.
Ертесіне олар келіп, қауынды іздеуге кіріседі. Түлкі мен аю қанша іздесе де, ештеңе таба алмайды. Тек күшік қана қауынды жасырылған жерінен дәл тауып, аман-есен жолына түседі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі