Ерте, ерте, ерте де, береке дарып, бақ қонған ғажайып бір жер болыпты. Басын мәңгі қар шалған заңғар таулары, түгін тартсаң май шыққандай шүйгін далалары, мүлгіген қара орманы мен мөлдіреген өзен-көлдері көрген жанды өзіне ғашық етеді екен. Ал естіген жан өмір бойы бір көруге ынтық болып өтсе керек. Сол жерде кішісін үлкені сыйлаған, үлкені кішісіне қамқор болған Күншуақ деп аталатын бір ел бақытты ғұмыр кешіпті. Күншуақ елінің ғажайып табиғатынанда бұрын, байлық берекесінен де бұрын, ынтымақшыл бірлігінен де бұрын өзге жұртты қызықтыратын бір ерекше қасиеті болыпты. Ол қасиеті: жігіттері шетінен ер көңіл жаужүрек, қыздары ақылына көркі сай аққудай арулар болса, үлкендері ақыл парасатымен қадірін арттырады екен.
Күншуақ елі ешбір жерге қызықпапты. Өткені өз жерінің көрік келбеті ешкімнің жерінен кем емес екенін мақтан тұтыпты. Ешкімнің бақытын қызғанбапты. Өйткені өз еліндегі байлық пен бақытты қанағат етіпті. Осылайша зырғып күндер, сырғып айлар, жылжып жылдар өтіп жатады. К.ндердің бір күнінде Күншуақ еліне жау шабады. Бұл елдің бақытын қызғанған, байлығына қызыққан жау мен мұндалап келмейді. Қапысын тауып ойда-жоқта бас салыпты. Содан батырларының қолы қаруға жетіп үлгермей, қарттары ақыл беріп үлгермей, арулары қанда ала алмай қапа болып Күншуақ елінің үлкен-кішісі жаппай тұтқынға түседі. Қанқұйлы дұшпанның күткеніде осы болса керек Күншуақ елінің кәрі-жасын қойдай шұбыртып, қозыдай көгендеп әкеліп, үлкен тас қорғанға қамап тастайды.
Тұтқын болған қалың ел тас қорғанның ішінде шыққан күн мен туған айға телміре қарап дәрменсіз пендеге айналады. Ұшқан құстан басқа шыға алмайтындай берік қамалдан құтылудың еш жолы табылмайды. Арада бір күн өтеді, екі күн өтеді, үшінші күн дегенде тасқорғанның биік мұнарасынан дабыл қағылып, жай жағының бір елшісі көрінеді:
Уа, тұтқындар — деп әлгі елші саңқылдай үн қатады, — Құдіреті күшті әміршіміздің бұйрығына құлақ салыңдар! Мейірімі шексіз ұлы әмішіміздің жарлығы бойынша Күншуақ елінің тұтқын болған әйелдеріне азаттық беріледі. Қолынан ұстар баласын жетектеп, иығы көтерер жүгін арқалап қорғаннан шығуына болады. Ал ер-азамат атаулы ұлы әміршіміздің қалауы бойынша осы қорған ішінде ажал табуға тиіс.
Күншуақ елінің үлкен — кішісі мына сұмдық жарлықты естігенде теңіздей толқып, кемедей теңселіп, күңіреніп қоя береді. Осы кезде мұнара басынан тағы да дабл қағылып елші тіл қатады: «Уа, тұтқындар, — дейді сұсты дауыспен, — әміршінің жарлығы екі болмақ емес. Маңдайларыңа жазылған екі-ақ таңдау бар. Бірі қолынан ұстар баласын жетектеп, иығы көтерер жүгін арқалапКүншуақ елінің әйел заты мына тас қорғаннан аман-есен бостандыққа шығады. Оған көнбесеңдер екінші таңдайтындарың жаппай өлім. Осы екі жолдың бірін таңдаңдау үшін үш күн уақыт беріледі. Бұл жарлықта дұшпанның іштей есебі болады. Онысы Күншуақ елін жаппай қырып салғаннан не пайда? Онанда ер-азаматтарын ғана өлтірсе, қалған жетім бала, жесір әйелдер өзінен-өзі кіріптар болмай ма?! Сөйтіп, аққудай ару әйелдері халқымыздың шырайын келтірмей ме деген есеп еді дейді. Мұндай сұмдық ниетті тұтқындарда сезеді. Сезгенмен шара бар ма? Қапа болып қабырғалары қайысады, қатал үкімнен құтылудың жолын таппай дал болады. Әрі ойлап, бері ойлап Күншуақ елінің ақылгөй қариялары бір тоқтамға келеді: «Дүние де өлімнен өткен өкініш жоқ дейді қариялар. Жаппай қырылып, із-түссіз болғанша тұяқ жалғар баламыз бен таңдап сүйген жарымыз бостандық алсын! Артымызды оңалтар үміт тілегімізде солар болсын. Басқа жолды таңдаудын қисыны жоқ.Бұл шешіді естігенде тасқорғанның ішіндегі тұтқындар сеңдей соғылысып, күңіреніп қоя береді. Ажал күтіп, артында қалар әкесін құшақтап балалар шырылдайды, сүйгенінен тірідей айрылған, тағдырына лағнат айтып әйелдер зарлайды. Осы кезде тұтқындардың арасынан ақ шашты ананың саңқ еткен дауысы естіледі. Болмашыны үміт етіп, елеңдескен қалың ел су сепкендей басылып, әлгі дауыс шыққан жаққа ошарыла қарап қалады.
— Уа, бір туған бауырлар сабыр етіңдер, — дейді ақ шашты ана, — сабыр етіңдер! Көздің жасы ажалға араша тұрар болса жер бетіндегі өзен мен көл, теңіз бен мұхит атаулы әлдеқашан арманда кеткен боздақтар болып алдыңнан шығар еді. Бірақ өмірдің заңы қатал. Ақыл мен қайрат таусылып, ажал басқа төнсе көздің жасы қорған бола алмайды. Қанқұйлы жау қапысын тауып қайратымызды мұқалтса да ақылымыздан адастырған жоқ. Сондықтан сабыр етіп, ақыл қорытайық. Күзетші арқылы жаудың әміршісіне хабар бергізіңдер. Бізге қояр шартын өз аузынан мәлімдеп, сол шартты бұлжытпай орындайтынына ант етсін! Сонда дегені болады. Ақ шашт ананың не ойлағанын қалың тұтқын білмесе де, үлкенді сыйлайтын дәстүрменен сөзге келместен күзетшіге хабар береді. Кешікпей-ақ тас қорғанның мұнарасы күңгірлеп, дабыл қағылады да, жау жағының әміршісі көрінеді. Сірә, Күншуақ елінің аққудай арулары азаттықтан да бұрын ажалды таңдар деп ойласа керек, тұтқындардың қойған талабына әмірші бәлденбей-ақ құлақ асып, жарлығын қайталай бастайды: — Уа, тұтқндар,-дейді әмірші, — Күншуақ елінің әйел затына азаттық беремін. Қолынан ұстар баласын жетектеп, иығы көтерер жүгін арқалап, мына тас қамалдан шығамын десе, қазір қақпаны ашқызамын. Сол сәт Күншуақ елінен тұтқын болған ақ шашты ана тіл қатады: -Уа, әмірші, — дейді ол, — шартыңды өз аузыңнан естідік. Оны біз қабыл аламыз. Тек енді қолынан ұстар баласын жетектеп, иығы көтерер жүгін арқалап мына тас қамалдан шыққан әйелдерге толық азаттық беремін деп ант бер! Антыңды берген соң қақпаңды аштыруыңа болады.
Бердім уәдемді. Көк тәңірінің атын атап ант етемін, — дейді әмірші. Солай дейді де күзетшілерге белгі береді. Тас қорғанның қақпасы ашылады. Осы кезде ақ шашты ана бас болып балаларын қолына жетектеп, ақ сақалды шалын иығына мінгізіп шғар берген екен дейді. Мұны көріп тұрған әмірші алданғанын сезгендей абдырап: о, бұл қалай десе керек. Сонда ақ шашты ана: — өзің емес пе, қолыңнан ұстар балаңды жетектеп, иығын көтерер жүгіңді арқалап шыңсаң азаттық беремін деп ант еткен депті де қақпадан шығып жүре беріпті. Ақ шашты ананың соңынан басқа әйелдер де күйеулерін арқалап, балаларын жетектеп дұшпанының қорғанынан аман-есен шыққан екен. Осылайша Күншуақ елі құрып кете жаздаған қиын шақта Әйел-Анының ақыл-парасатының арқасында аман қалыпты. Әйелді бұрында қадір тұтатын Күншуақ елінің осы оқиғадан кейін Әйел-Анаға деген сый-құрметі тіпті ерекше болыпты. Содан бастап бұл елде әйелдер ерлерінің оң жағына отыратын болыпты. Ұрпақтарға үлгі болсын деп Күншуақ еліндегі іргелі руларды, олардың ұрандарын әйелдердің атымен атай бастапты. Елдегі ең әсем қалаға, ең биік тауға, ең мөлдір көлге әйелдердің есімін қойыпты. Тіпті халықтың ең асыл мұрасы, қымбат ескерткіші тіл болса, оны да ана тілі деп Әйел-Ананың ақ сүтінен даритын құдірет, қасиетке балапты. Әйел-Ананы айрықша қадір тұтатын Күншуақ елі күні бүгінге дейін бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан көрінеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі