Қызыл қораз қыт-қыттап жүріп, ауыл маңынан ұзап кетті. Ол серуендеп кеткен жоқ, мекиендері мен шөжелеріне жем іздеп, жер шолып кетті. Сөйтіп жүргенде, далада бір бұлаң құйрық қызыл түлкі тап болды. Аңсағаны алдынан шыққан соң, түлкі қуанғанынан ыржаң етіп, бір күліп алды. «Ауылыңнан аулаққа ажалың айдап келсе игі» деп тіледі ішінен. Қоразға бір басып, екі басып, жақындай түсті.
Аңқау қораз алды-артына қарамай, жерден жем іздеп жүре берді. Бұл араға тіміскілеп түлкі келеді-ау деген қаперінде жоқ.
Түлкінің құлқыны білгізбей келіп қоразды бас салмақ та, түтіп жемек. Өз жүрісін өзі тыңдап байқап еді, арт жағында қораз тұрмақ қой үркітетіндей сыбдыр бар екен.
«Қап, осы құйрығымның ұзындығы мен қылшығымның қызылдығынан-ақ тарттым-ау қорлықты!» деп, өзіне-өзі қатты ыза болды. «Қызыл қылшықтан біржола құтылайын деп жылда түлеп тастаймын, сөйтсем ол одан әрмен қызара шығады. Құйрығымды тақымымның арасына қысып алайын десем сыймайды, тастап кетейін десем қалмайды. Қызыл түсіме қызығып аспанда қыран, жерде адам аңдиды. Қоразға жақындай алмай қор болып тұрғаным мынау. Қайтсем екен осы құйрығы түскірді, ә?!» деп, әр аттаған сайын уайым жеп, өкініп келеді.
Қызыл қораз түкті сезер емес. Бір жерден дән қазынасын тапқандай тарпып-тарпып қояды.
Ептеп басып, түлкі де жақындай берді. Бір секіргенде тарпа бас салатын жерді көздеп келеді. Қызыл қораз әлі алаңсыз.
«Иә, сәт!» деп қояды түлкі ішінен. Межелі жерге жуықтап қалды. Түлкі жер бауырлап бұға түсті. Әйткенмен жүрісті тоқтатуға болмайды. Қызыл қораз мұны күтіп тұра бермек пе? Қас қағым сәт кешіксе, дайын астан айырылып қалуы шүбәсіз. Түлкі тағы бір аттағанда, қолақпандай құйрығы шөпті сыбдыр еткізіп, қызыл қораз секең ете түсті. «Қо-қо-қоқ!» деп басын көтеріп алды. Айдарын тіктеп, қанатын қағып-қағып қойды.
Түлкі қоразға оқша атылып еді, жете алмады. Арт жағына топ ете түскен түлкіден қораз қатты шошыды. Қо-қоқтап барып, секіріп кетті. Түлкі өзіне қарай тағы бір ұмтылғанда, ұшып, ағаштың бұтағына барып қонды. Арам ниетін сездіргісі келмеген түлкі айлакерлікпен сыңғырлай күлді.
— Хе-хе-хе! Зәреңді бір алдым-ау, ә! Сонша неге шошыдың, қораз батыр? Өмірі түлкі дегенді көрмегенсің-ау, сірә? Хе-хе-хе...
— Түлкі көрмегенім рас. Бірақ «жыртқыш» деп естуім бар. Шошымай қайтем, саған жем керек, маған жан керек.
— Бәлі, сен әлі ескі ұғымдағы қораз екенсің. Сен мені бас салып, жеп қояды деп ойладың ба? Жо-жоқ, сен ойлағандай жыртқыш жабайы түлкің мен емес, достым. Босқа тіл тигізбе!
Оның сөзіне қораз қарқылдап күлді:
— Қо-қо-қоқ! Сен қашаннан бері жомарт жанды, мәдениетті бола қалып едің?
— Мейлің сен, мейлің сенбе. Әйтеуір, адам қолында тәрбиеленген, цирктің ортан қолдай әртісі екенімді жасыра алмаймын. Оның шындығын қазір циркқұмар жұрттың бәрі біледі. Онда қасқыр мен қой, ит пен мысық, түлкі мен қораз бірге ойнайды. Жай уақытта бәріміз араласып, бір жүреміз. Ал ойын басталып, арқама қоразды қондырып алып сахнаға жүгіріп шыққанда, риза болған жұрт ду қол соғады дейсің! Әуелде арқама түйетауықты қондырып қойып еді, өзі бір зілдей неме екен, талай терлетті-ау. Қазір қораз қондырғалы рақат. Жеп-жеңіл, желіп жүрем әншейін,— дейді түлкі жымың-жымың етіп.
— Е, сен цирктен келіп тұрған екенсің ғой! Қап, әттеген-ай, білмеппін! Кешір бір жолға! Ал енді бұл жаққа нендей шаруамен келдің? — дейді қораз.
— Әлгі арқама қондырып, сахнаға шығатын қораз кешеден бері ауырып қалыпты. Соның орнына ертеңгі ойынға қораз іздеп жүрмін. Сенің бағың бар екен, кездесе кеттік. Онда дән дегенің көл-көсір. Әр ойыннан соң бір уыс бидай, бір уыс тары береді.
— Оһо, олай болса, мен, сөз жоқ, барамын. Ау, Түке, жаңылмасам, жаңа сіз циркте ит пен мысық та ойнайды дедіңіз бе осы?
— Иә, тап солай!
Қораз қанатын қағып-қағып жіберіп, мойнын созып: «Қо-қо-қоқ» деп ауыл жаққа қарап айқай салды.
— Сен біреуді шақырып тұрсың ба, ей?!— деп сұрайды түлкі секем алып.
— Иә,— дейді қызыл қораз, менің қожамның қоян алып жүрген бір жүйрік иті бар еді, соны циркке ерте барсам деп шақырып тұрмын.
Сонда түлкі:
— Ой-бүй, әттеген-ай! Сенімен мылжыңдасып тұрып, уақытымды өткізіп алғанымды қарашы, енді болмаса ертеңгі ойынның дайындығынан кешігіп қала жаздаппын,— деп, зыта жөнеледі.
Оған қызыл қораз:
— Ей, Түке-ау, осының өзі де саған үлкен дайындық болмады ма? — деп, айқайлапты соңынан.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі