29 қаңтар күні Алматыда «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы салтанатты түрде старт алады. Өткен жылы-ақ заманалардың ғұлама ғалымының мерейтойына арналған үлкен дайындықты оның кіндік қаны тамған Қазақ елі бастап кеткенді.
Осы тұрғыдан келгенде, дүниежүзінде әл-Фарабидің атын иеленіп отырған жалғыз университет – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне де артылатын жүк аз емес.
Былтыр университеттің тікелей мұрындық болуымен 2-12 сәуір аралығында 10 күнге созылған VI Халықаралық Фараби оқулары өтті. Шетелдік шығыстанушы ғалымдар Фараби форумын өте жоғары бағалады. Форум барлық деңгейде тіл үйрететін шетелдік мамандарды жинады.
Осы ауқымды оқиғаға әзірлік барысында қыркүйек айында қазақстандық арнайы делегация Сирияның Дамаск қаласына іссапармен барды.
Аталмыш іссапар Қазақстан Республикасының Ливандағы Елшілігінің және Сирия Республикасының Қазақстандағы құрметті Елшісінің қолдауымен жүзеге асты. Осылайша бұл сапар ұлы бабамызды зиярат етіп, жатқан жеріне Қазақстан тарапының қаржыландыруымен салынған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» құрылысының жай-күйімен жақыннан танысып, 2020 жылы ұлы ойшылдың 1150 жылдығын өткізуге дайындық шараларын жалғастырды.
Әл-Фарабидің мерейтойы кіндік қаны тамған Отырарды да айналып өткен жоқ. Осынау тағылымдық мән-маңызы зор ұлағатты іске өзіндік үлестерін қосуды ниет еткен отырарлық өнерпаздар мақтаныш тұтар жерлестерінің халықаралық ауқымдағы мерейтойы құрметіне орай, драматург Шахмет Құсайыновтың «әл-Фараби» спектаклін ұсынды. Білікті режиссер Ғазиз Арыновтың сахналауымен сәтті шыққан бұл туындыны қызығы тамашалаған көрермендердің қарасы көп болды.
Ал 29 қаңтар күні Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ресми әрі салтанатты түрде бастау алды. ЮНЕСКО қамқоршылығымен халықаралық ауықымда кеңінен аталып өтетін әл-Фарабидің мерейтойлық жылы әлемнің 40-тан аса елінен қонақтардың басын қосты.
Салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БҰҰ және ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, сонымен қатар басқа да халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, ЖОО ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ жетекшілері, танымал шетелдік және отандық ғалымдар-фарабитанушылар қатысты.
Түстен кейін мәртебелі қонақтар әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, содан кейін Студенттер сарайында әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылып, соңы мерекелік концертке ұласты.
А.П. Жаңабай әл - Фараби атындағы ҚазҰУ - дың 2 курс магистранты
Г.С. Беделова әл - Фараби атындағы ҚазҰУ - дың т.ғ.к., аға оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі