Өлең, жыр, ақындар

Жаяу Сары

Шымкент облысы, Қызылқұм ауданында бір кедей адам өмірі атқа мінбей, жаяу жүреді екен. Сол адамды елі Жаяу Сары деп атапты. 1932-33 жылдары елдің күйзелушілігі аз болған жоқ. Қыс қатты болып, мал шығыны өте көп болған. Сол жылы қасқыр да қатты болды. Өйткені олар тобымен жүріп, тіпті көшеге де келетін еді. Жолға жалғыз-жарым адам шықса да, қасқыр жепті, әне жер, міне жерде деген жаман қауесет
сөзді де естіп қалатынбыз. Жазғытұрым уақытта алыс құм жайылымына қыстаған қой отарына баруға екі адам жолға шығады. Арадағы бір ауылға қонып, таңертең екеуі ілгері жүрмек болып шықты. Әлгі ауылдан 5-10 шақырым шыққанда он қасқыр бұларды қамап, екі жақтарына бес-бестен бөлініп қатарласа жүріп отырады. Жігіттердің барар жері алда қырық шақырымдай. Қолдарында мылтығы, не басқа қарулары жоқ.
Тек қана қамшысы бар. Онымен не бітірмек?

Екеуі ақылдасып, мінер жақ үзеңгілерін шешіп алып, белдікке ұзындау етіп байлап алады да, екеуі жұбын жазбай жүріп отырады. Қасқырлар біресе алдарына, біресе артына шығып, топырақ шашып, қатты шаңдата бастады. Біраз жерге дейін шаңдатып, одан ит құсап соңдарынан еріп отырады да, бұлар жұбын жазбаған соң атылуға батылдары бармай, біраз жер сүйтіп жүріп, ақыры қалып қойды. Екеуі бір бел асып барып аттарынан түсіп, «үһ» деп демдерін алып, «азырақ ат шалдырып алайық» деп отыр еді, Жаяу Сары жетіп келді. Қай жақтан келгенін жігіттер байқамай да қалды. Жігіттер амандасып болғаннан кейін:

— Жәке, қайдан келесіз? — деп сұрады.

— Құмдағы қой отарынан.

— Ол жақ аман ба? Енді беталысыңыз қалай қарай?

— Енді ауылға барамын, — деді үстінде ақ тоны, қолында ақ таяқ.

— Жәке, бізді мына белдің астында он қасқыр қамап, қазір содан зорға құтылып, дем алып отырмыз. Ал сіз жаяу әрі жалғыз олай қарай жүре көрмеңіз. Әлгі жауыздар бір жазым етер. Одан да бізбен бірге мінгесіп алайық. Артқа, отарға қайтыңыз, — деп еді, Жаяу Сары көнер емес.

— Балалар, Құдайдың бұйрығынсыз ол не істейді? Қорыққанға қос көрінеді де, қош, жігіттер, — деп жүріп кетіп ті.

Мінезі жеңіл адам болатын.

— Уау, Жәке, біз қалжыңдап отырғамыз жоқ, рас айтамыз, — дегенше Жаяу Сары да көз көрім жерге кетіп қалды.

Мына екі жігіт аң-таң, біріне-бірі қарайды. Бұлар орнынан атып тұрып:

— Жоқ, біз артынан шабайық. Әйтпесе өкпесі өшіп құлайды. Онан кейін қасқырлар не істесе де, еріктері болады, — деп екі жігіт Жаяу Сарының соңынан шауып отырады. Алдында Жаяу Сары, оқ бойы одан он қасқыр, қасқырдан кейін екі жігіт шауып келеді. Жаяу Сарының екі етегі делдиіп аяғы аяғына жұқпайды. Аяғының басқаны білінер емес. Шапшаң жүргені соншалық — ақ таяқты анда-санда жерге бір қадап қойып, ұшып бара жатқандай көрінді бізге. Елге де таяп қалыппыз. Екі атты жігіт Жаяу Сары үшеуі түндегі қонған ауылына келіп, қайта қонады. Қасқырға жеткізбеген Жаяу Сары қанатты адам емес пе?

Ол кісі тірі, Оралда. 1946 жылы көрдік.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз