Өлең, жыр, ақындар

Иманғали, Дүйсе, Әжіғали

1914 жылдар шамасында Қамыс Самарға правитель болып бірінші округтің адайы Әжіғали Шынтайұлы келді. Оның помощнигі Иманғали Меңдыханов болыпты. Әжіғалидың оқуы аз, ал Иманғали — көп оқыған, бұрынғы семинарист. Екеуі қалайда сиыса алмайды. Иманғали Әжіғалиды арыздап қуады. Оның зарарына сөз айтуға Таңмерген Жанқожаұлын, Тастанбек Желдібайұлын, Дүйсе Түлкібайұлын, Сүндетқали
Нұрсарыұлын айғақ етіп көрсетеді. Сол күндегі ел адамдары Әжіғали Иманғалиды татуластыруға араға жүріп келістірмекші болады. Иманғали ашуын тастайды. Тек шарт қояды. Онысы төрт бидің өзімен бірге болуын талап етеді. Билер төртеуін шақырады. Дүйсе мәжіліске кеш келіп қалады. Әжіғали үйінде қонақ болып, бәрі кеңсеге бітім қағазға қол қойып, істі кесуге шығады. Дүйсе қозғалмай отыра береді. Бестабайлар аяқ киімін салып діңкілдеп тұрады. Қайта-қайта:

— Дүйсеке, кеңсеге барайық? — дейді. Сонда Дүйсе сөз бастап былай депті:

— Бұқа буға асық, тентек дауға асық. Құлаған құс қуға асық, қу суға асық, өтірікті білмейді, жасаған Құдай шынға асық. Атқа мінсең, шідер сал, шідер салсаң, тиек сал. Егер тиек салмасаң, атыңның кетуі шын, ашық, қасығыңды майға сал, аузыңды жыртар нұр қасық, — депті.

Әжіғали арадағы билерге:

— Дүйсекемді разы қылмаған екенсіңдер, — деп, жанынан жиырма бес сом шығарып береді. Дүйсе түрегеліп:

— Енді кебісімді салмасаңдар да, өзім киіп барам, — деп кеңсеге жөнеледі.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз