Өлең, жыр, ақындар

Қиясбектің қиялы

Түркістан шаһарында ертеде Маккам деген өзбек жігіті мен Қиясбек деген қазақ жігіт көрші тұрыпты. Екеуі де аумалы-төкпелі болыпты.

Маккам төбесіне үлкен құмыра қойып, базарға айран апарып сатады екен. Қиясбек шешесі тігіп берген тақия, бөрікті саудалайды екен. Кейін Қиясбектің үйі де сиырлы болып, енді ол да Маккамға ұқсап айран сатуға шығыпты.

Бір күні екеуі айран толы құмыраларын төбелеріне қойып, базарға келе жатады. Жолшыбай көңіл шіркін шартарапты шарлап алты қат аспан астын, жеті қат жер үстін кезеді. Сөйтіп, Қиясбек бір қиялға кетеді.

«...Базар іші. Адамдар құмырсқадай жыбырлайды. Қиясбек дамыл таппай айран сатып жур. Ол күніне екі сомнан, айына алпыс сом, жылына жеті мың сом ақша тапты. ... Келесі жылы осы тапқан ақшасын жұмсап, қаладағы Дәулетбек деген ірі байдың Айкүнім деген сұлу қызына үйленіп, үлкен той жасапты...

Міне, енді Қиясбек сол сұлу қызымен бірге отыр.

—Жаным, Айкүнім»,—дейді. Оның аузына еріксіз шығып кеткен осы бір сөзге манадан бері қасында қабаттасып келе жатқан Маккам едірейе қарап:

—Иә, Қияс ака, німә булды сәңгә?—десе де, ол елең етер емес, екі көзі жұмулы қиялындағы Айкүнімге тағы да:

—Жаным, жарым, бір сүйгізші,—деп, қабатында келе жатқан Маккамды шап беріп қапсыра құшақтап, бетінен сүйіп- сүйіп алғанда, екеуінің де төбесіндегі құмыра толы айран ақтарылып қалыпты...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз