Өлең, жыр, ақындар

Сақтықта қорлық жоқ

Бірде көгершін шөлдеп, су ішпекке жерге түскенде, аңдып тұрған мысық кептерді ұстап алады.

— Сені ме, пәлем. Қазір мен сені жеймін.

— Жемеші мені. Сен одан да тышқанды неге ауламайсың?

— Маған ақыл үйретпе. Кімді жейтінімді өзім білемін.

Жаны алқымына келген көгершін құдайдан көмек сұрай бас-тайды. Бір кезде қайдан екені белгісіз егеуқұйрық шыға келеді.

— Әй, мысық, көгершінге тиіспе. Алдымен менімен алысып көр. Егер жеңсең, мені жейсің. Жаралы көгершін қайда кетер дейсің. Оны да қоса азық етерсің.

Мысық жалт етіп бұрылып қараса, алып денелі егеуқұйрық тұр екен алдында. Егеуқұйрыққа әлі жетпейтінін іштей сезген мысық көгершінді тастай сала қаша жөнеледі.

— Рақмет саған. Сен менің өмірімді құтқардың.

— Оқасы жоқ, достым. Алайда мен сені жегелі тұрмын.

— Қалайша?

— Солай, достым. Менен бәрі қорқады. Керек десең, ең күшті деген адамды да жеймін. Сен менің азығыма айналдың.

— Мысықтан да қауіпті болғаның ба?

— Мен мысықпен төбелесіп, оның сазайын берейін дегенмін. Мысықты да, сені де жегенді жөн санағанмын, — деп егеуқұйрық жаралы кептерге төніп келе жатады.

Осы сәтте бір ит пайда болып, егеуқұйрыққа шап береді. Егеу­құйрық жараланып, қаша жөнеледі.

— Рақмет саған, — дейді кептер тағы да. — Мені жегелі тұрған жоқсың ба?

— Жоға. Мен жыртқыш емеспін. Адамның досы мен боламын. Қазақы тазы тұқымынанмын. Есімім — Жолаяқ.

— Ал мені жай ғана Дари десең болады.

— Жақсы. Енді ұшпайсың ба?

— Жаралымын.

Бұл уақытта «Жолаяқ, Жолаяқ» деп иттің иесі де келе қалады. Жаралы көгершінді көрген адам кептерді қолына ұстай кетеді. Сөйтсе бұл адам зоолог екен. Үйіне келе сала көгершінді емдейді. Көп ұзамай көгершін жазылып ұша жөнеледі.

Осылайша көгершін адам баласының берген нан қиқымына қорықпастан жерге түсетін болыпты. Адам мен итті досындай көретіні осыдан қалса керек. Алайда жерге қонар алдында мысық немесе егеуқұйрық жоқ па екен деп жан-жағына шолып қарайды екен. «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөзді естен шығармай жүрген көгершін әрдайым ойланып ұшатын көрінеді. Ал адамға қалай жақсылықпен қайтарарын білмеген көгершін үнемі алғыс айтумен келеді. Соның әсерінен болар, кептер жүрген жерде тыныштық орнайды екен. адамдар болса көгершінді бейбітшілік құсы деп санайды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз