Нартай бүгін үйден жалғыз шықты. Беталысы көршілері Ерлан ағаларының үйі. Ара жақын, әзір-ақ жетіп барады.
Негізі Нартай әлгінде әжесін де ертіп алмақ болған.
— Әже,— деді ол таңертеңнен бері сырмақ сырып отырған әжесіне қарап. Киіз оюлардың жиегінен тебенін көстеңдеткен әжесінің оймақты қолына қарап отырып әбден зеріккен еді.
— Ау,— деді әжесі назарын алдындағы жұмыстан алмаған күйі.
— Ерлан ағалардың үйіне барайықшы!
— Неге… жай ма?
— Барғым келіп тұр. Кішкентай Ержанды көргім келеді…
— А… онда өзің барып кел… менің қолым бос емес. Мына шаруаны тездетіп бітіруім керек.
— Ұялам.
— Ұялғаны несі… күнде барып жүрген үйің ғой…
Үндемей қалған Нартай ойланып біраз отырды. Аздан соң орнынан тұрған. Кішкентай Ержанды көргісі келеді. Өткенде әжесі қолына алып, бесікке салғанда, оның кіп-кішкентай қолын, тырбаңдаған болпақ аяғын көрген. Сол көз алдында қалып қойыпты. Содан бері тағы бір көргісі келіп жүрген.
Нартай келіп, табалдырықтан аттағанда кішкентай Ержанның апасы оны жаңа бөлеп болып, емізіп отыр екен. Нартайды көріп:
— Келе ғой, отыр, — деді жымиып.
Ержанның анасы бесікке асылып отырып, ыңылдап ән айта бастады:
— Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Балапандай мұзбалақ,
Қанатыңды қақ, бөпем!
***
Әлди-әлди, әлди-ай,
Аспандағы жұлдызым,
Суда жүзген құндызым,
Ізгі ісіңе ел сүйінер,
Қас қырандай шүйілер,
Азамат бол, әлди-ай!
Тыңдап отырып Нартайдың ұйқысы келгендей болды. Келіншектің майда үні құлағына майдай жақты. Бойы маужырап, тыңдай бергісі келді.
— Балғын қолың іс алып,
Балдыр мойның күш алып,
Бізді бағар ма екенсің?!
***
Дүйім елді бастайтын,
Қиын жерде саспайтын,
Бақ-дәулетке бастайтын,
Көсем болар ма екенсің?!
Бойын алып бара жатқан сиқырлы әуенді тағы да тыңдай түскісі келді. Әдемі әуен барып-барып ақырын аяқталды.
Ержан ұйықтап қалыпты. Бесікті жайлап жапқан апасы кері шегінді.
— Нартай, жайша келдің бе?— деді сонда барып сыбыр етіп.
Нартай үндеген жоқ. «Әлдиді көргелі келдім» дегісі келді, бірақ айта алмады.
— Онда жүр, шай ішейік,— деді келіншек. — Біраздан соң Ержан оянады. Сонан соң көтересің.
Екеуі шай ішті. Аздан кейін Ержан қыңқылдап оянғанын білдірді. Бесікке барып, көрпені ашқан апасы оны бірден шешіп алған жоқ. Тізерлеп отырып тағы да ыңылдап әнге басты.
— Бөпемді шешіп алайын,
Нұр жүзіне қарайын.
Емін-еркін керіліп,
Қуандырсын маңайын.
Атасын іздеп барса екен,
Барып асыр салса екен,
Қайта келіп жатқанша,
Бесікте ұйқы қалса екен! — деді.
Бесікке жақындаған Нартай қол-аяғын тырбаңдатып жатқан Ержанды көрді. Керемет жақсы көріп кетті. Сүйіп алғысы келді. Сол ойын сезгендей анасы тынымсыз тырбыңдаған Ержанды Нартайдың алдына салып берді.
Нартай оны құшағына қысты. Бөпені ұстау қиын екен. Жыбыр-жыбыр етеді. Бірақ сондай жағымды. Нартай риза болып күле берді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі