Өлең, жыр, ақындар

Артылған ақша

— Жүсіп! — деді асүй жақтан анасы.

Шұғыл бір шаруамен шақырғанын үнінен білген Жүсіп жүгіріп барды.

— Базарға барып кел! — деді анасы қалталарын ақтарып жатып. — Нағашы атаңа барып, құлып алып берсін дейді десең, алып береді. Өзің алып қойып жүрме. Нағашы атаң қандай құлыптың жақсы екенін біледі.

Ішкі қалталарының бірінен шиыршықталған бір уыс ақша алып шығып, Жүсіптің қолына ұстатты.

— Ойнап жүріп алмай, тез қайтып кел. Құлып керек болып жатыр! — деді Жүсіп бұрылып, жүгіре жөнелуге ыңғайлана бергенде.

— Мақұл, — деген Жүсіп аяғы-аяғына тимей базарға қарай ұша жөнелді.

Базарға бар десе, қай бала іркіле алған? Өйткені онда бал татыған балмұздақ бар ғой. Көкейін сол тескен Жүсіп те жолда бір сәт аялдамай, сар желген күйі нағашы атасының дүкеніне жетті. Біраз күн көрмей, сағынып қалған атасы емірене қарсы алып, маңдайынан искеген соң, анасының тапсырмасын айтты Жүсіп. Асықпай тыңдап болған нағашы атасы:

— Жақсы, — деді орнынан көтеріле беріп. — Мен барып алып келейін. Сен осында дүкенге қарай тұр. Біреу сұраса қазір келеді де.

Нағашы атасы кеткен соң орнына жайғасып алып, жан-жағына жағалата көз тастай бастады. Базаршылар енді-енді келіп, керек-жарақтарын іздеп жүрген секілді, жүргіншілер қарасы аз көрінді. Есесіне дүкеншілердің бәрі келіп, есіктерін ашып, заттарын сыртқа шығарып тастапты. Қатар-қатар ілінген киім-кешектен ішкі жақ көрінбейді. Үнемі келіп тұратын болғандықтан, танитындар алыстан бас изеп амандасқан болды.
Нағашы атасы көп айланған жоқ. Маңайды бір шолып шыққанша-ақ келіп қойды.

— Міне, — деді қолындағы құлыпты қорабымен Жүсіптің алақанына салып жатып. — Құдай сәтін салғанда, құлып сататын Батырбай орнында екен, шаруа тез бітті.

Артынан қалтасынан артылған ақшаны алып шығып, жиенінің қалтасына салып берді. Осы сәтті күтіп тұрған Жүсіп орындықтан түсіп, кетуге ыңғайлана беріп еді:

— Тоқта. Балмұздақ жейтін ақшаң бар ма? — деді нағашы атасы бөгеп.

— Бар, — деді Жүсіп.

— Қайда?

— Мына… артылған ақша бар ғой, соған алып жей салмайым ба, — деді тықыршып тұрған Жүсіп алақанымен жанқалтасын сыртынан басып.

— Жоқ! Болмайды! — деді осы кезде үні тосын қатайған нағашы атасы жұлып алғандай. — Болмайды. Қайтқан ақшаға тиісуші болма!.. Мә, мен берейін, соған алып же! Артылған ақшаны анаңа толық апаратын бол! Оны рұқсатсыз жұмсауға болмайды! — деді соңынан тағы бір рет қайталап.

Жүсіп үндеген жоқ. Не дерін білмеді. Тек қалтасындағы ақшаға тиісуге болмайтынын ғана шамалады.

Нағашы атасының беретін ақшасы алақанына түсе сала, ол жедел қоштасып, жолына түсті.

Келген соң болған жайды анасына айтып беріп еді, ол жымия басын шайқап, «Әй, асыл әкем! Дүниеде сізден өткен адал адам болмас!» деді күбір етіп. Сосын Жүсіпке бұрылып:

— Сен де нағашы атаң секілді адал адам бол! Үлкендер рұқсат етпеген нәрсеге ешқашан тиіспе! — деді басынан сипап.

Жүсіп сонда барып іс мәнісін терең түсінгендей болды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз