Өлең, жыр, ақындар

Мысық, жолбарыс және тышқан

Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, жолбарыс хайуанаттардың патшасы болып оларды билеуден бұрын қойдан қоңыр, сиырдан топас, түйеден аңқау екен. Маймыл мен түлкі оны үнемі алдап-арбап келемеж етеді екен. Оның терісі де әсілінде кілең сары түсті болыпты, онда қазіргідей қара теңбілі жоқ екен. Бұл теңбілдер маймыл мен түлкінің тұяғы мен тісінің салған айғызының табы екен.

Көп қорлық көрген соң, жолбарыс мысықтың алдында өнер үйренуге келіпті. Ол кезде мысық күллі хайуанаттардың ұстазы екен, маймылға шапшуды, қасқырға тіс жұмсауды, итке иіс айыруды, сиырға тілмен орауды... сол үйретіпті.

Бірақ мысық үйреткісі келмей жолбарыстан ат бойын ала қашыпты, өйткені маймыл, қасқыр, ит және сиыр өнер игерген соң жақсылықтан жалтайып ұстаздарын ұмытқан екен. Сондықтан жолбарыс қанша жалынып-жалбарынса да, мысық міз бақпапты.

Тілек-өтініші қабыл болмаған соң, жолбарыс тауына қайтып тайып тұрыпты. Сөз десе ішкен асын жерге қоятын тышқан есігінің алдынан сүмірейіп өтіп бара жатқан жолбарысты көріп:

— Туыс, сүлкініңіздің түсуін кімнен сұраймыз, — депті. Сонда жолбарыс көз жасын сорғалатып тұрып:

— Мен өнерден кенде болғандығымнан, ылғи елдің мазағына ұшыраймын, — деп мысықтың ұстаздық істеуге көнбегендігін, жолы болмай келе жатқанын тышқанға айтып мұңын шағыпты.

Жылмағайлықтың жөнін білген қаптесер, сонда сәл ойланып алып, бір ақыл үйретіпті. Ол тамды тесіп бара алатын өнерге баулыған мысықтың әрекетін осы тесіктен күндіз-түні көріп үйрен деп сол жерге жолбарысты тұрғызып қойыпты.

Мұнысы табылған ақыл еді! Дес бергенде мысық балаларын аяқтандырған соң-ақ өзінің атылу, алып соғу, табанға басу сынды үш өнеріне баули бастапты. Бірқанша күн көз жазбай көрген жолбарыс та оның өнерлерін дерліктей меңгеріпті.

Екі күн өткеннен кейін, жолбарыс мысыққа кезігіп, оған «ұстаз» деп күлімдей тіл қатыпты, әрі өзінің үйренген үш түрлі өнерін көрсетіпті. Бұған таң-тамаша болған мысық, мұны қалай үйрендің деп сұрапты. Жолбарыс мән-жайды оған түгел башайлап айтып беріпті.

Өнер үйренуге осынша берілген жолбарыстың бұл қылығына сүйінген мысық адал ниет білдіріп:

— Әттеген-ай, басынан бастап үйренбей, орта жолдан килігіп кеткен екенсің. Егер өнерімнің барлығын жете үйренген болсаң, хайуанаттардың патшасы болғандай екенсің, — депті.

Бұны естіп жолбарыс мысыққа құлдық ұрып, онан өз бойындағы өнерін түгел үйретуді талап етіпті. Мысық оған тағы өзінің иіс айыру, тіс жұмсау, тілімен оралу және шапшу өнерлерін үйретіпті. Бірақ жолбарыс сабырсыздық істеп, иіс айыру, тіс жұмсау өнерін үйренуге көңіл қоймапты да, тіл мен оралу мен шапшу өнерін шала-шарпы үйренген екен.

Ең соңында мысық өз өнерінің ең асылы есептейтін айбар шегу өнерін үйретіпті. Мұнысы бір керемет өнер екен. Ол көзін шақшитып, жүнін үрпитіп, құйрығын шаншып, айбар шеккенде айналасындағы қастастарының зәре-құтын алады екен. Бұл өнердің атылу, алып соғу, табанға басу, иіс айыру, тіс жұмсау, тілмен орау және шапшу өнерлеріне қарағанда тіпті маңызды екенін білген жолбарыс бар зейінін сала мұқият үйреніпті.

Сөйтіп, мысықтың шәкірті болған жолбарыс, мысықты барынша қадір тұтыпты, оны табанымен жер басқызбай арқалап жүретін болыпты.

Қылжаққой тышқан:

Мысық ұстаз болыпты,

Жолбарыс шәкірт көніпті.

Ергежейлі мықты екен,

Еңгезерге мініпті, — деп жолбарысты мазақтапты.

Жолбарыс көп өнер үйренсе де, бірақ оның түйе сияқты аңқаулығы әлі де басым екен. Тышқанның сөзіне ол қатты шамданыпты, қабағы да ашылмайтын болыпты. Бір күні ол мысықты арқалап келе жатып оқыс қимылдап, оны жерге алып ұрып, атылып барып аяғымен қаққан екен, мысық қан жоса болыпты. Ол жан дәрменімен ағаш басына өрмелеп шығып алыпты.

Үлкен абиыр болғаны — ол өзінің осы өнерін ғана жолбарысқа үйретпеген екен.

Мысы құрыған жолбарыс, тас қабырғаға сүйеніп тұрып мысыққа шекшірейіп:

Қарғыс атқан мысық ағашқа асылып өл! Қарғыс атқан мысық ағашқа асылып өл! — деп қарғысын жаудырыпты.

Ызаға булыққан мысық оған орай:

— Қарғыс атқан жолбарыс тас дауалға қадалып қал! Қарғыс атқан жолбарыс тас дауалға қадалып қал! — деп қарғапты.

Жолбарыс пен мысықтың түс шайысып қалғанын байқаған тышқан, қатты қорқыпты, түнделетіп таудан қашып кетіпті. Сөйтіп ол күндіз сыртқа шығудан да қалыпты, сонан ұрланып түн жастана шығып бірдеме теріп жейтін болған екен.

Бірақ қанша жасырын қимылдаса да ізіне түскен мысық тышқанды аңдып жүріп тарпа бас салатын, жұмарлап өлтіріп жейтін болыпты.

Содан бастап жолбарыс тауда дәурендеп өмір сүріпті.

Қазірге дейін мысық жолбарыс пен тышқанға өш. Жолбарыс қазірге дейін ағашқа шыға алмайды екен. Адамдар қазір де өлген мысықты ағашқа асып қояды, соғып алған жолбарыстың терісін тас дауалға сүйеп қойып сыдырады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз