Балам, жарық дүниенің үш жақтағы үш шетінде жасы да бірдей, бойы да бірдей үш жігіт бір-бірінен жырақ тұрыпты. Үш жігіт бірін-бірі еш уақытта көрмепті, бірін-бірі естімепті де.
Солай, жарқыным, жарық дүниенің үш бұрышында тірлік еткен үш жігіт бір жылы, бір күні, бір сағатта өзінің туып-өскен мекенін тастап, Өлместің тасын іздеп аттанған екен.
Олардың естуінше, Өлместің тасы асқар таулар мен аңғарлардың ар жағында, қанды құдықта екен.
Бірінші жігіт жүре-жүре аяғына киген темір шарықтары тоз-тоз болыпты, қолына ұстаған темір таяғы мүжіліп, тал шыбықтай иіліпті. Жарым жолға барғанда титығы құрыған ол ұйықтап қалады.
Бірінші жігіт ояна кетсе, оның бас жағында көзіне сүрме жаққан, тырнақтарын қынамен бояған бір ару тұр екен.
— Жігіт-ау, сен қайда бара жатырсың? — деп сұрайды әлгі сұлу.
— Өлместің тасын іздеп бара жатырмын, — деп жауап қатады жігіт.
— Өлместің тасы жырақта, асқар таулар мен аңғарлардың ар жағында, қанды құдықта жатыр, — дейді көрікті кербез. — Оған баруға бар өмірің жетпейді сенің. Рас, азғана күн өмір сүру пешенемізге жазылған екен, оның тұщы дәмін татып қалуға әрекеттену керек. Менімен бірге осында қал, — дейді қыз.
Бірінші жігіт бұған көніп, жарым жолда қалып қойыпты. Ал екінші жігіт әрі қарай жүре беріпті, жүре беріпті. Сілесі қата шаршағанда қалғып кетпеу үшін ол денесін жарақаттап, жарасына тұз сеуіпті. Сонда жарақаттанған жері ауырып, ашығанда, ол шаршауды да ұмытыпты. Оның шөлдегені сонша, тілі кеуіп аузына сыймай кетіпті.
Екінші жігіт мейлінше сусап келе жатса, алдында ағып жатқан ақ бұлақ көрінеді. Жігіт шыдай алмай, суға қарай ентелепті. Су күнге шағылысып, алтын тәрізді жалт-жұлт етеді. Екінші жігіт алтын суды бір жұтқанда, денесі салқындап, рақаттана бастаған екен. Енді ақ бұлақтан аулақ кете алмапты. Екінші жігіт сол арада қалып қойыпты.
Сөйтіп, бірінші жігіт жарты жолда қалса, екінші жігіт те жолда қалыпты.
Ал үшінші жігіт болса, әрі қарай жүре беріпті. Ол қатты шөлдеген. Су ішкісі келеді-ақ, бірақ та жол-жөнекей кездескен сылдырап аққан бұлақтан су ішпепті. Ол өлердей шаршап-шалдықса да, көзіне сүрме жаққан, тырнағын қынамен бояған айдай сұлу арудың тізесіне жатып тынықпапты. Ол алған бетінен қайтпаған…
Кімде-кім осылай жүре берсе, түбінде мақсат-мұратына жетеді.
Қалқам, сен де сол сияқты алға баса бер, шаршап-шалдығуды елемей, шөлден қорықпастан, көкірегінде сенімі бар сол жігіт сияқты алға тарта бер. Кімде-кім сенімінен айырылмаса, дегеніне жетеді.
Аударған Әділбай Омаров
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі