9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні! 1941-1945 жж. Отан соғысында ерлік көрсеткен жауынгер-казақстандықтардың ішінде КазҰУ-дың қызметкерлері, түлектері мен студенттері де болды. Соғыс жылдары университет ұжымынан майданға 287 адам, олардың 59-ы оқытушы, 52-сі әкімшіліктік-шаруашылық қызметкер және 176 студент, соның ішінде 30 бойжеткен, аттанды. Олар Брест қамалын, Сталинград, Мәскеу, Ленинград, Курск, Харьковты қорғауда, Еуропаны фашизмнен босатуда зор үлес қосты. Жеңіс күні қарсаныңда біз мәңгілік есте қалатын соғыс және еңбек ардагері, университет түлегі құрметті Ұстазымыз болған Жұматов Ғаббас Жұматұлың еске аламыз.
Жұматов Ғаббас Жұматұлы – 1918 жылы Павлодар облысының Баянауыл селосында дүниеге келген. 1937 жылы Алматы қаласында байланыс техникумын бітіріп, Қарағандыда радиотарату құрылғыларының технигі болды. 1939 жылы тау-металлургия институтының геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі, бірақ көп ұзамай әскерге шақырылады. Ғаббас Жұматұлы үшін 1941 жыл 22 маусым Беларусь Республикасының Брест қамалының гарнизонында Қызыл Армияда әскери борышын өтеп, үйге оралатын күн еді. Өкініше орай, екінші дүниежүзілік соғысы басталып, Ұстазымызға гарнизон жауынгерлерімен бірге, соғыстың алғашқы сағаттарында ұрыс жүргізуге тура келеді. Жауынгерлер алғашқы дүркіндеткен атыстан оянып кетіп, не болып жатқанын түсіне алмады. Біреулер бұл найзағай десе, басқалары жер сілкінісі деп жатты. Бірақ снарядтардың келіп жеткен ысқырығы, ал кейін құлақ тұндырарлық жарылыстар, соғыс екенін білдіртті, деп еске алатын еді ағамыз.
Брест қамалының қорғаушыларының көбі күші тең емес ұрыста қаза тапты. Тірі қалғандар, ұрыспен шегіне отырып, Гомель қаласы ауданындағы Қызыл Армияның тұрақты бөлімдеріне өтті. Ғ. Жұматов Бас қолбасшылық резервінің 537-нші артиллериялық полкіне түсті. 1941 жылы 7 қарашада полк Қазан төңкерісінің жылдығына арналған Қызыл алаңдағы шеруге қатысты. Жау Мәскеу іргесінде тұрды, полк те Звенигород пен Можайскіні, кейін Мәскеуді қорғауға шеруден тікелей майданға аттанып кетті. Полктің үздік әрі лайықты жауынгерлерінің арасында ол 1942 жылы партияға қабылданды. Содан кейін, 1942 жылдың соңында Томскіде орналасқан Днепропетровск Қызылтулы артиллерия училищесіне оқуға жіберілді. Онда майдан үшін жеделдетілген бес айлық бағдарлама бойынша офицерлер дайындайтын. Училищені бітіргеннен кейін, Ұстазымыз Оңтүстік майданға 5-ші Дон казактарының Қызылтулы атты әскер корпусына, 150-ші гвардиялық танкке қарсы жойғыш Корсунь Қызылтулы полкіне жөнелтілді. Бұдан былай ол осы полктің құрамында майданның көптеген жерлерінде шайқасты: Украина мен Молдовада, Карпат бөктерінде, Корсунь-Шевченко және Ясск-Кишинев операцияларын жүргізу барысында ірі жау топтарын қоршауға алып-жоюға, сондай-ақ Трансильвания даласындағы ұрыстарға, Румынияны, Югославияны, Венгрияны азат етуге қатысты. Соғысты – Австрияда, Альпі ауданында аяқтады.
Ол I дәрежелі Отан соғысы орденімен (екі мәрте), II дәрежелі Қызыл Жұлдыз орденімен, Венгер республикасының «Алтын десте» медалімен «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Будапешті алғаны үшін» медальдарымен, мерекелік «Брест қамалын қорғағаны үшін» медалімен және т.б. марапатталды. Майдангерлер арасында жауынгерлік марапаттармен тең бағаланатын Жоғарғы Қолбасшының алғыс хаттарына ие болды. Жалпылай алғанда 30-дан астам орден және медаль иегері атанды.
Жеңістен соң, ағамыз С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) тарих факультетіне оқуға түседі. Оны 1950 жылы үздік бітіріп, аспирантураға қалдырылады. Кандидаттық диссертация қорғап, университетте 50 жылдан астам жұмыс істеді: оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор болды. Ұстазымызға адал қызметі үшін «Республикаға сіңірген еңбегі» атты медалі тапсырылып, «Қазақ КСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді, содан соң Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының дипломдары және грамоталарымен марапатталады. Талғар ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Университеттің құрметті профессоры атағын, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» Үлкен алтын медалін және 2014 жылы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» атты мерейтойлық медальдарына ие болды. Сонымен қатар, университет "Өнегелі өмір" сериясының 27 шығарылымын Ұстазымыздың өмірі мен қызметіне арнап 342 беттен тұратын кітап жария етті.
Ғаббас Жуматұлын көптеген елдер, оның ішінде Франция, Италия, Венгрия, Болгария, Беларусь, Ресей және т.б. мемелекет өкілдері арнайы шақырып, естеліктер мен дәрістер оқуын сұрап, үлкен құрмет көрсететін. Ұзақ жылдар бойы ол университетте еңбек және ардагерлер ұйымын басқарып, зор әскери-патриоттық жұмыс атқарған еді. Өз естеліктерінде Ғаббас Жұматұлы ұрыстарда қаза тапқан майдандас достарының барлығының бейнелерін ұмытпағандығы, үндері құлағына келетіндігі туралы айтып, Жеңіске сансыз азап пен үлкен қасіреттің құнымен қол жеткізгендіктен, оны ұмытпай, есте сақтауға шақыратын. Сендер соғыс көрмеңдер, бақытты болыңдар деп айтып жүретін.
Құрметті Ұстазымыз абыроймен Отанын қорғай алды, соғыстан кейін университетте жоғары білім алып, ғылыми атақтарға ие болып, жас ұрпақты тәрбиелеп, КазҰУ-ды білім, ғылым, тәрбие және мәдениет орталығына айналдыру үшін ерең еңбек етті. Ғаббас Жұматұлы майданда да, бейбітшілік кезенде де нағыз патриот, Отанын, елін, өмірді сүйетін, жастарға үлгі бола алатын азамат екенін айқындады. Ұстазымыз өте қарапайым, аққөңіл, табиғат пен сұлулықты жақсы көретін жан еді. 2018 жылдың 14 маусымында, ағамыз 100-ге толуына бір-екі ай жетпей өмірден озды. Ғаббас Жұматұлындай текті, құрметті қазақ азаматтарын есімізде сақтау әрқайсысымыздың міндеттіміз!
Ахметжанова Ажар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
Тарих, археология және этнология факультеті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі