Өлең, жыр, ақындар

Арпалыс

Тік құлаған құзардың желкесіне ентелей келген екеу аттарын тежеп, төменге мойындары үзіле үңілді де тағы тебінді. Қарауытқан тереңдіктен үрке, үдірейіскен жылқылар: танауларын пыр-пыр пысқырынып, кері шегіншектеді. Құламаны керте, қиғаштай құлдилаған соқпақ терең шатқа сіңіп, аракідік менмұндалаған үзік-үзік жобасы қасқая керілген жақпар тасты қарсы бетке өрмелегені әр-әр тұстан суыртпақтала қылаң беріп қалады. Құздың теріскейі өсімдікті келіп, табанында қыстан қалған сар кідір қар — теміреткі тәрізді ақшуланданған аралсымақ боп әлі жатыр...

— Жарықтықтар! — деді көзіне дүрбі тосқан мосқалдау кісі тамсанып. Сосын күншуаққа малынып, аспанмен астаса алшиған шатқалдың күнгей бет, тастауыт қабырғалы төрін нұсқады:

— Ана текенің тұрған тұрысын-ай?! Еркек! Ешкі-лақтары алаңсыз жайылып жүр. Біразы, бөркөздің түбінде жусап жатыр...

— Жезде, мен де көрейінші. — деп Дәурен дүрбіні алып, Бижақып меңзеген тұсты ары-бері тінтіп, ештеңе таппады. Бірақ, өзінің орашолақтығын білдіргісі келмей, жорта сөйледі.

— Рас, ғажап екен!..

Бұның ту сыртынан сол тұсқа кезеніп тұрған Бижақып: — Дүрбіні көтерсей, сайда нең бар? Ешкі болып көзіңе көрінген қойтастар ғой... — деп жас досын түзеді. Дүрбіні қанша қуаласада дәнеңе көре алмады да шынын айтты.

— Тасыңыз да бөркөзіңіз де бәрі маған тау ешкі сияқты!..

— Жә... Сен мына дөң тасқа шық та осы қылтаның аузын аңдып жат. Мен, Құттыаяқ екеуміз орағытып барып, ешкілерді осылай қуып түсіреміз. Кә, Құттыаяқ! — деп Бижақып итін ертіп, құздың ернеуін жағалай тепеңдеп, шоқыта жөнелді.

Дәурен оң жақ иықтан төніп тұрған көк ала мүк басқан үйдей тасты айналып, жайдақ артынан шүйдесіне көтерілді. Бұл расында, Бижақып көрсеткен жолдың аузын аңдуға өте қолайлы тосқауыл екен. ТОЗ-9 шағын калибрлі мылтығын солай кезеп, жөңкілген аңды ол бытырлатып ойша ата бастады. Сосын шылбырынан ұстап соңынан жетектеп жүрген жылқысын ауыздықтан ажыратып, тұсап, оттауға жіберді. Ол биыл көктемде зоотехниктің үш жылдық оқуын бітіріп, жолдамамен келген жас маман еді. Ұжымшар басшысы: «Қой саласына есепшілікке барасың, Сондағы жатаханада жатасың, киімің таза, қарның тоқ болады. Қысқасы, жақсы жұмыс жасап, тәжірибе жинақта. Қойшылардың әдемі қыздары да бар... Бұйыртса, күйеу бала боп та қаларсың!» деп арқасынан қағып әзілдеген-ді.

«...Мау Жедөңның дана сөздік кітапшасын жүрек тұсынан тастамаймыз. Көсемнің асыл пікірлерін дауыстап, оң қолымызды аспанға сілкіп Тәңірдің өзіне сес көрсетеміз. «Қызыл сақшылар» бүткім халықтың бірлігін бақылайды. Егер Ұлы Төрағаның кітапшасы қойныңнан табылмаса күнің қараң! Осылай күндегі ғадетпен: «Өтпес пышақ, нан кеспес» деген сияқты тапқыр ойдың бірін дауыстап дәретханаға кетіп бара жатып, қызыл кірпіштің жарты сынығын күзетке байқатпай қолтығыма сүңгітіп алдым. Дәретімді сындырып болған соң, сыртта алаңсыз мені тосып тұрған қытай-күзетті қақ шекеден бір ұрдым да дала қайдасың деп зауладым. Артымнан ұлар-шу болып қуғын ілесті. Жолыма кесе көлденең түскен ендігі бес-алты метр терең орды бұйым көрмей бір-ақ қарғып өттім. Содан шу қарамды көрсетпей, үш айдың дүзінде Такла-Маканды таптап өтіп, сәбет шекарасына жеттім. Бұның алдында бір бұзып, ол жолы «сәбеттер» қытайға қайта тапсырып, бес жылға сотталғам. Екі жылын өтеп, атажұртқа тағы қаштым. Артымда бала-шағам, қатыным қалды. Оларды да уақыты келгенде алдырармын деп үміттеніп жүргенде өкімет аралары мүлдем суысып кетті. Содан бері он жыл өтіпті. Ол туыстарым түсімнен кетпейді. Түбі бір жолғырамыз. Құдайым жалғызсыратпады. Күнсұлу әпкеңнен үш балам бар. Солай, батыр... «Сұрай-сұрай қойныңдағы қатының қарын бөле боп шығады» демекші өзің енді балдыз болдың маған!» деген-ді Бижақып Дәуренмен алғаш танысқандарында. Бұл оның қысқаша ғана айтқан әңгімесі еді. Өйтпесе, осы хикаясын ол ұзақ түн жырлауға дайын. Арасына ойдан қосып, тыңдарманын тырп еткізбейтін әңгімешіл. Расында қазақ жұрты қарға тамырлы ғой. Жабысып қалған қан туыстығы болмаса да ел сұрасып, еміренісіп жатқаны. Осы өңірге шешендік және ақындық қасиетімен тәнті болған Шүйе шал деген Дәуреннің арғы атасының қызы Мәдина - кезінде арғыбетке ауған қалың Қаракерейдің Тоқпақ жұртына ана болған көрінеді. Дәуреннің Найманнан тарайтын Шүйе деген елден екенін білгелі Тоқпақ қызы - Бижақыптың әйелі Күнсұлу іш тартып, бауыр санаған-ды. Күнсұлуға сол Мәдина анасының тектілігі дарыған сыңайлы - күйеуі Бижақыптың әрекідік ернеуден асып, лепіріп кететін мінез-құлқын әдіптеп, елге жымын білдірмей отыратынына қарағанда...

Таң елең-алаңда бұлар атқа қонған. Неше қырды асып, осы аң алаңсыз маңатын терең аңғарға күн төбеге енді көтерілер сәтте жеткен-ді. Арқадан қыздырған шуақтан Дәурен маужырап, көзі кіртие бастады. Кенет етекте оттап жүрген жылқы секемдене осқырынды. Енді болмаса тәтті мұнар икеміне ыңғай танытқан Дәуренді селк еткізді. Өзі жантайған тастың асты жағынан тосын салдыр естілді. Алдындағысын жапырып, табанындағысын сөге шашыратып, бір жойқын нәрсе өрлеп келеді. Дәурен тастың қалқасындағы қылтаның аузына төніп, мылтығын кезеді. Жалы күдірейген, сүйір тұмсығы алпамса кеудесімен тұтасқан бір орасан сұмдық одыраң етіп атып шықты. Қос ұртынан айқыш-ұйқыш сап-сары тістері ақсиып, онысын жанығандай қайшылайды. Жылт-жылт ойнақшыған сүйкімсіздеу түйме көздерін төбеден мылтығын кезей үңірейген Дәуренге жауыға аударып, ішіне бір нәрсе түйгендей қорс етті де сілейіп тұрып қалды. Осы сәтті Дәурен қалт жібермеді деуге де болмайды. Тек бар ойлап үлгергені: қарауылдан тайып кетсе, жабайы қабан тасты айнала сала — жайпақ жағымен Дәуреннің тура үстінен түсіп, өзін де арқандаулы атын да жайратып салары хақ екенін аңғарғаны. Мылтық шық ете түсті. Қабан атылып барып, етбеттей жығылды. Құмалақтай қорғасын белін үзіп кеткен секілді: артқы аяқтары салбырап, тіреуге жарамай салданып, алдыңғы қос аяғымен жер тарпып, жанұшыра ілгері ұмсынды. Қара-сұр доңыз тарпына-тарпына әлгінде өзі сумаң етіп шыққан қылтаның аузына сырғанай барып, төрт аяғы көктен келе аударыла, құз табанына салдыр-күлдір кете барды...

Бір ажалдан аман қалғанына қуанған Дәурен атып тұрып, қабан кеткен құрдымға еңкейгенде — бесебай шолақ табанды етігі дар етіп тайып, құйрыққа отырды да ылди-төмен сырғанай жөнелді. Көк тастың тайқы маңдайын жарып шыққан талдауыт бұталарды жапыра ызғып барады. Бауы қарына ілінген мылтығы жол бастағандай салдыр-сұлдыр алдына түсіп алған. Енді болмаса қолтығынан қос қанат шығып, теміреткідей ағарған табандағы ақ төсенішке қалықтай барып қонар ма еді... «О Аллам, сақтай гөр!» деп жалбарынып үлгірді. Есін жиғанда байқағаны: бұтының арасына кептелген тобылғының түбірін тарс қып ұстап, ердің қасына жабысқандай сіресіп отыр екен. Өкшесін тіреп кері шегінбек болып еді, ілінер кертік табылмай тая берді. Сәл қозғалса бұтаның түбірі бырт-бырт үзіліп жатқан секілденді. Оң қолына мылтығын алып: «Біссіміллә, біссіміллә!» деп соған тірене кері шегіншектеді. Сөйте-сөйте өкшесі де кедір-бұдырдан күш алып, сол қолымен жоғарлау өскен түбіршектерді қолжалғау етіп, ысырыла-ысырыла әлгіндегі алаңсыз жатқан жайдағына жетті. Тұла-бойын қара тер басып, қалш-қалш соққан денесі өзіне бағынар емес. Тысырды естіп артына бұрылды. Қос құлағын қайшылаған тапал құла — аяғымен жер тарпып, бұған алаңдай қарап тұр екен...

Баламысың деген сол ғой. Әлгіндегі келмеске ұшып кеткен аңды барып көрсем деген бір таңсық сезім Дәуренді қоймай баурап, ақыры беті-қолы мен киімін дар-дұр тілімдетіп, төменге жетектеді. Қарақат, үшқат, долана сынды бұталы өсімдіктер мен қатар қымыздық, рауғаш, таңқураймен араласа өскен өзге де бойшаң шөптер аттылы кісіні жабады. Соның бәрін бұзып-жарып шөбі тықыр, ашық алаңқайға түсті. Бағыты дұрыс екен. Жайдақ тастың үстінде теңкиіп жатқан қара-сұр құбыжықты көрді. Оны өлген шығар деп қауіптенбей қасына таяй бергенде — анау қорс ертіп басын көтерді. Қып-қызыл боп қанталаған көздері от шашып, Дәуренге шапшыды. Көкірегі су қайнағандай бұрқ-бұрқ тасып, тұншыға қақалғанда аузынан алқызыл қан атады. Дәуренге жан керек екен! Орғып кері секірді. Соноу биіктен жер-көктің бәріне соғылып, құлдырай құлағанда — әлі жаны шықпай аман жатқан, неткен дүлдүл еді деп ол қайран қалды. Бұның қимылын қалт жібермей аңдып, сәл қозғалса — алдыңғы сау аяқтарына асылып, өшіге ұмтылады. Егер «О Алла сақтай гөр!» деп жалбарынып үлгермесе мана — Дәуреннің өзі де осы қабанның кебін киер ме еді... Жаны жалма-жан шығып кетпей, мүмкін бұның да белі кетіп, тұруға дәрмені жетпей, әншейін жандалбаспен ғана ұмсынар ма... Шалажансар жабайы аңмен тағдырлас болып, ажал тосып жатар ма еді, бұлар — екі жақта ыңырсып, еш амалсыз...

Дәурен қимылдамаса, қабан да көкірегі ғана сыр-сыр етіп, тынши қалады. Тұрқына сай емес, кішік көздерін әлсін-әлсін ашып-жұмып, адам жаны ашитын дәрменсіз хәлде жатыр. Егер аңдыған жауы қыбыр етсе, басын лезде көтеріп алып, қаһарлана ұмсынады. Кеудесінде жаны тұрғанда өліспей-беріспейтіндігін анық аңғартады. Сосын қайта сабырланып, сұсты кейпіне бір жалбарыныш орнағандай болады. Мынадай қайрат пен қаһар иесінің осындай мүшкіл хәлге түсуі тиіс емес-тін. Тіпті, қиыспайды. Сол үшін Дәурен өзін айыпты санап, мүмкін болса, уақытты кері айналдырып, табиғатты өзінің қалыпты жүрісіне қайта келтірсе деп жан-тәнімен қалады. Істеген ісі опық тудырып, кеудесін өкініш отша қарыды. Осыдан бір сағат бұрын мүлдем өзге дүние еді ғой...

Жалғыз шырша түбінде арқалары ала жолақты торапайлары маңында зу-зу жүгіріп ойнаған аналықтары — жерді танауларымен қопарып, тамыр кеміріп жатқан еді. Осы үйірдің аталығы анадай алыста сақшылықта жеке дара тұр. Үстідегі қызыл жақпарда жайылып жүрген ешкілерін қорыған таутеке де — биік тастың ұшарында қос мүйізі қайқайып, кербез қасқияды. Ол кенет қарғып келесі ұштыққа секірді де ешкілерін ілестіріп, көзден ғайып болды. Сауысқандар сықылықтап, қауіптің алдына түсе бір ұшып, бір қонып, жабайы шошқаларға таяды. Торайларын ілестіріп, шошқалар бір қалтарысқа ойысты да қара қабан қарауылға өзі әдейі ілініп, ер соңымнан дегендей жалғыз тартты. Аракідік кідіріп, артынан тың-тыңдап алып, тағы ұзайды. Бұның соңынан ешкілер де түскен сыңайлы. Аңнан өзгенің тұяғы тимеген, бөтен иіс сіңбеген тағы танап — тек өздерінікі ғана еді. Егер жабайы қабанда ой болса: қарсы беттегі жазыққа апарар қылта аузында бұны қатер тосар деп болжай алар ма еді; өмірінде қолына алғаш рет қару ұстаған, күнәһарлықтан ада, адамның уыздай жас жігітінен ажал табам деу үш ұйықтаса түсіне кірер ме еді...  

Дәурен, әбден қансырап, бойынан қуаты кете бастаған аңға қалай аяушылық танытарын білмеді. Ішінен біреу бұны кінәлап: «Бейкүнә аңды бекер аттың!» десе, екінші бір өзіне туыстау дауыс: «Оғың мүлт кетіп немесе құр жараласаң — ажалың осыдан еді! Көрер жарығың бар екен!» деп тәуба қылатындай. Бес-он метр алыстау барып, биіктеу тастың үстіне шығып, ұсқыны адам шошырлық тағының бейшара күйіне жаны аши қарады. Сүйір тұмсығын шорт кескен тайпақ танауы пысқырынып қан бүркеді. Тікірейген қалың түк басқан көздері шүңірейе оты қашып: өлеусірей бір ашылып, бір жұмылады. «Менің артымда бір үйір жаным қалды. Ұрпағымды таратқан аналықтарыма кім көрінген артылып, жыртысқа кететін болды ғой! Ана алаңсыз ойнаған алатайларыма кім қорған болады. Еркектері ер жетпей жатып, ішек-қарындары ақтарылатын болды-ау!.. Қауіп-қатерді өз соңыма салып, отбасымды арашалау менің міндетім еді. Осы жолда мерт боларымды да білем. Сол үшін сан айқаста сынға түсіп, сол үшін жаралғанымды дәлелдедім. Тек, бәр өкініштісі — ажалым болып, қапелімде сенің кезіккенің!..»

«Иә, егер мен сені атпасам, бөгде түгілі өзіңнің қандастарыңа аяушылық дегенді білмейтін — сенің аңдық табиғатың еш ойландырмастан мені тулақтай дал-дұл етер еді. Менің жолымды болдырған — құмалақтай қорғасынның дәл тиіп, сенің бел омыртқаңды үзгендігі. Одан аман қалдым деп қуанып үлгермей, сенің соңыңнан қоса ұша жаздағанда — ешқашан аузыма алып, ниетпен сиынбаған «Алла» деген құдірет маған бүйірі бұрып, ажалға бермей араша түсті. Өйтпегенде, ауылдағы ата-анам жалғыз ұлдарын жоқтап, қандай күйге душар болар еді? Аңдамаған әр тұста бұғынып отырған бір-бір ажал бар екенін сонда ұқтым. Сен де сол ажалдың бірі едің, мен үшін. Бұл жолы сенің ажалың болып, мен іліктім екеуміз де ұшырасуды тоспаған жол үстінен...»

«Арпалыс үшін туып, сол арпалыста көз жұмуға жаралған еркек кіндікпін. Менің жанымды алу саған бұйырған екен, енді ары қарай қинама! Белімді үзген құмалақтарыңды маған борат! Жанның тәттілігін соңғы рет ашына сезіп барып, күшене көз жұмайын! Әлімді құртып, қор қылма! Сен ата бер. Мен саған атыла-атыла барып үзілейін!.. Соңғы сағатымдағы кездескен менің қас жауым — сен болдың, адамның баласы. Мен сенің көзіңе қаншалықты жүрек мұздатар қорқыныш болып елестесем — сен де мен үшін бітіспес жаусың. Әділ жекпе-жек дегенді білмейтін, айла мен амалға сүйенген, түпсіз құрдым секілді қанағатың еш толмайтын, дүниедегі ең жеккөрінішті — елдің жанын жөнді-жөнсіз алуға құмар нысапсыз тіршілік иесісің! Жоға, сен тіршіліктің — ажалысың! Ат мені!.»

Дәурен оншақты рет атты. Оқ кірш-кірш қадалған сайын — қабан арандай ашылған аузынан қызыл отты тажал шашып, бұған қарай атылардай талпынады... Соңғы оқтардың бірі оның өмірін үзген сынды, басын қайқайта бір көтерді де сылқ құлады. Соның өзінде Дәурен оның тұсына таяп баруға жүрегі дауаламады. Тағы жандалбаспен жұлқынып, ұмтыла қалса — бұны қарбыздай қақ айырар еді. Мылтықтың ұшымен түртті. Қимыл жоқ. Еркінсіп, алақанымен жалынан сипады. Құдды сымтемір! Қолдан соқтырған қанжарын қынаптан суырып, адал болсын деп бауыздамаққа кеңірдектен орды. Жайшылықта қылпылдап тұрған пышақтың дүзі тұтылып, баспады. Ора алмаған соң, тіктей қадады. Тікенек түктері үрпиген, сүйелдей берік теріні тесіп өте алмады. «Қан шықты ғой» деп Дәурен өзін-өзі жұбатты. Манада көзіне құбыжық болып көрінген сұсты аң — енді сорпасы аңқыған асты елестетті. Қолдағы шошқалар сияқты емес, дала шөбін қорек еткен, аты доңыз болғанымен — еті таза шығар деп ойлады.

— Міне, батыр деген осындай болады! — Бижақыптың дауысы ту сыртынан оқыс естілді. Ол қуанышын жасыра алмай, қаудырлай сөйлеп таяп келді де: — Астапыралла, мына сұмдығы несі?! — деп состиып тұрып қалды.

— Өй, батыр-ау, текені сұлатқан екен деп екі өкпемді қолыма алып жетсем, мына харамың не?!

— Жеуге болмай ма?

— Жегені несі? Атуға болмайды! Бұл — харам! Мұсылманның асы емес!

— Такла-Маканда құрт-құмырсқа, бақа-шаян жедім дегеніңізге қарап...

— Тфу, енеңді ұрайын! Жесем амалсыздан жеген шығармын. Өйтпесе, ол — елге айтатын әншейін, әңгіме ғой! Соған сеніп жүрсің бе?

— Енді қайттік, аға?

— Таста, кеттік. Бір тағының обалына бекерден-бекер қалдың. Бұның соңынан қырқ ешкі жосылып кеткен. Солардың бірін құлатқан екен десем. Қап, әттегенай!

— Ең құрғанда бір санын кесіп алайық. Тістері қызық екен, үстіңгі тісі жоғары қайқайып, астыңғысымен қайшыласқан.

— Бағың бар екен, сол қайшыға ілінбей қалған!.. Саны да өзі де құрсын, әпкең үйге кіргізбейді! Кеттік дедім ғой!

Орта жолда бір кекілік атып алып, отқа қақтап жеді. Қалың еті толық қақталмапты, қанқызылданып жүрек тіксінтті. Бірақ елең-алаңнан ауызға нәр тимегендіктен нанға араластыра шәйнап, қылғына жұта берді. Өздерімен бірге бір құты су және бірер жапырақ жаппай мен сіріңке қорап тұз ғана ала шығатын-ды.

Дәурен шопан отарларын аралап шығып, ең соңғы есеп-қисабын осы Бижақыптың үйінде түгендеген-ді. Сөзден сөз туып, ақыры екеуі аңға шықпақ болып ұйғарды. Алғашқы күні тоғай жиегінде төбелесіп жатқан екі еркек қарақұрдың бірі қанжығаларын майлаған-ды. Кеше көздері қарайып, дәнеңесіз қайтты. Бүгінгілері мынау. Харамға жолықты. Сосын Дәуреннің өзі бір емес, екі ажалдан қалды. Бірақ ол басынан кешірген жәйттер туралы Бижақыппен бөліспеді. Шындығында ол басынан кешіргенін қорытпақ түгілі, әлі түйсіне де қойған жоқ еді. Әлдебір, алақұйын тәрізді екі-үшұдай сезім іші-бауырында сапырылысып жатты. Ол осы жасаған ісін талай жылдан соң қиянатқа санамай, ерлік ретінде айтып, ел алдында сан мәрте бөсетінін білмеген-ді.

Жатын орынға көз байланғанда ілінді. Ұзақ жүріске шыдай алмаған Дәуреннің бел омыртқалары ажырап кеткендей қақсап, ердің үстінде қырқ құбыла отырып, әрең жеткен-ді. Ана қырдың асты, мына қырдың асты деп аңды аңдумен екі өкпесі өшкенше күні бойы жүгірді. Тарамыстай қатқан Бижақып адам түгілі атқа жеткізбейтін көрінді. Дәурен өзінің денесі қатпаған бос екеніне намыстанды. Жүрегі аузынан шығардай дүрсілдеп, екі иінінен дем ала, әлі құри жығылған сәтте көзіне жас тығылды. Жоқ жерден көк жөтел қысып, сорасын онан сайын ағызды. Мылтығына сүйеніп, қарасы ұзап бара жатқан серігіне тағы ілеседі. Сорақының қызығы ай далада қалған жылқыға қайта жету болды. Осы бейнеттері көз алдына елестеп: «Енді аңға шықсам — желкемнің шұқырын көрейін!» деді бір шыны шәйді әзер түгесіп, төсекке жантая бергенде.

Күнсұлу әпкесі: — Отағасы-ау, осы бекер ермекті қойсаңшы. Аңмен күнелткен күндер өтті ғой. Қызылсырасақ тоқты-торым бар емес пе... — деп еді. Бижақып: — Аңшылық — аштықтан емес, бұл — құмар ойыннан да керемет! — деп таңдайын қақты.

Дәуреннің мылтығы мен қанжарын Бижақып отардың төріне апарып, қорда астына көмді. Осылай етсе харамы кетіп, тазарады-мыс екен. Таң құба тартқанда Бижақып Дәуренді түртті.

— Атыңды әкеп, ерттей берейін бе?

— Өзім тұрып, ерттеймін!

— Бауырым-ау, жатарда сонша түңіліп едің? Жақсы тыныға алдың ба?

— Иә, әпке. Бәрі ойдағыдай!

— Ауызданған деген осындай болады! Аңға да қызға да қырғидай тиетін кезі емес пе, бұл батырдың!

Әзіл-күлкімен қоржын жиналып, екі салт атты суыт жүріспен — күн шығысты қамалдай бүркеген, қарағайлы қойнауында елік-марал өрген, тау сілемін бетке алып бара жатты. Неше жотаны асып, келесі біріне аяқ суытуға кідіргенде Дәурен етек жаққа көз тікті.

— Жездеке, анда қараңыз, кешегі тұста қарақұстар айналып жүр.

— Сенің арқаңда тойға жиналғандай — қабанның жемтігіне қарқ болатын болды, олар...

— Егер мен қабан емес текені құлатсам, өзіміз қарқ болатын ба едік?

— Әрине!

...Маралдың сұрпы етін ғана сүйегінен сылып алып, қоржындарының қос басына нығарлап, екі атты қас қарая теңселіп, жатын орынға таяп келе жатты. Таңсық иісті анадайдан сезген иттер алдарынан бұлғаңдай шығып, танауларын қоржынға тосады. «Қанжығалары майланып» дүмі тоғайған қос аңшы да арман жоқ сияқты... Өзара жарасым тапқан, бейқам әңгімені соғып келеді. Көбіне Бижақып сөйлейді. Дәурен тек құлақ салып, аракідік бас шұлғып қояды.

— Аңды мойнынан немесе қол тұсы, қос өкпеден ғана ату керек. Сонда ол құлайды. Өйтпесе, қансырап қаша береді де бір жерге жасырынып өліп қап, бекер обалына қаласың. Сосын соңына түскен аңның айла-амалын жақсы білуің керек. Түлкіні түлкіше, қасқырды қасқырша аңду керек. Бұл бір жатқан ғылым! Сенің есеп-шотыңнан да күрделі!.. Үш жыл емес, өмір-бақи оқысаң да аздық етеді.

Бижақып өзіне бар зейінін аудара, тыңдап келе жатқан жас досына көз қырын салып қойып, ішінен сүйсініп келеді. Арғыбетте қалған осы тете өз ұлы есіне түсіп, көңілі қоңылтақсыды. Егер ол қасында болса, оған өстіп, өз білгенін үйретер ме еді, сүйенішім деп арқа тұтар ма еді...

Күнсұлу осыдан бір-жар күн бұрын атып алынып, тұзсіңді болған қарақұрдың етін асып, екі азаматтың кешіккендерін олжаға жорып, тосып отырған-ды. Көмекші қойшы қарнының ашқанын жасыра алмай сипалақтап, қайта-қайта үйге кіріп-шығып жүр. Үпір-шүпір үш балақай да қыңқылдап, тамақ сұрауға кіріскен.

Төңірегіндегі бар деген елі дауыс жетпейтін, бес-он шақырым жердегі қойшы отарының — малы да адамы да дамылға ойысатын алакеуім кешкілік еді...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз