Көз қарықтырған аппақ қарды омбылай, Алатаудың биігін бет ала жетектескен шырша мен қарағай сұлбасы қара-көктеніп ерекшеленеді. Үш салт атты сол беткейге қарсы күжірейген биік жонның шоқтығына шығып, кілт кідірді.
Орманшы — Алмас, жықпылды орман-тоғайдың арасын тінте дүрбі салды. Қыбыр еткенді қалт жібермейтін жіті көзі — зердесіне ілінгеннің сипатын саралап, електен өткізгендей, екшей қарайды.
Қойшы — Оразбек, жанқалтасынан темекісін шығарып, алдымен жолдастарына ұсынды. Олар бір ауыздан бас тартты.
Алмас: — Түтіннің иісін аң тез сезеді. Мұрныңды құрт жеп бара жатса да шыдай тұр! — деп ескерту жасады.
— Ләппай тақсыр! — деп Оразбек екі ауыз сөзге келместен көне кетті. Бұлармен ерегесіп, аңнан айырылғанша, онанда мұрны неге түсіп қалмайды.
Зоотехник — Есен, осы күзде ғана еңбек жолын бастаған жас маман еді. Ертоқымның қасына аяғын іліп, алдындағы алып кілемдей жайылған, табиғаттың тамаша суретіне таңдана қарап қалған. «Табиғат-Ана деген — осы екен ғой! Неткен ғажап! Менің қорғаным да, қоршауым да өзіңсің, мен — сенің төлбаламын, оТабиғат!» деген әуенде оның жүрегі лүп-лүп соғады. Ал, астындағы аты ауыр жүрістен соң ентігін басып, иесінің енді қашан тебінерін тосып тұр.
Кенет, кешегі Оразбектің үйінде түнегендегі түңгі әңгіме Есеннің есіне сап түсті. Отағасы жүзіне аса бір құпиялықты ойнатып, қонақтарына сауал қойып, өзі сонысына жауап берген-ді.
— Шынымды айтсам, кей кезде дүзге шығуға қорқам. Неге дейсің ғой? Себебі, мына желкедегі жотадан жау әскерлері ылди-төмен құйрықтарымен сырғанап келе жатқан сияқтанады. Сосын олар ұйықтап жатқан бізді қойша бауыздап тастайды. Әлденеге күндіз ол үрейді ұмытып кетем. Таудың бергі беті біздікі, арғысы жаудікі. Маған қуат беретіні — артымызда алып Отанымыздың тұрғаны...
— Ол Отаның жеткенше құрт-құмырсқа жейтін пәлелер бізден жұрнақ та қалдырмас! — деп орманшы-Алмас күңк еткен. Оразбек пен Есен мына сөзден ыршып түсті. Тіпті, бар-жоғы білінбей пештің түбінде лағман созып отырған қойшының әйелі де көзінің ағы жалт етіп, орманшыға қадалды. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деген осы болар. Мынадай азғын ойды дауыстап айтуға кімнің дәті барады? Бұл сұмдықты естіген құлақты кесіп тастаса да артық емес еді. Қазақ атамыз «Үй сыртында кісі бар» деп әрдайым аузын бағып сөйлеген халық қой. Үрпиіскен үшеу — өздерін куәгер ретінде әлдекім сүйрей жөнелетіндей құттан айырылды. Орманшы да сұп-сұр болып, берекесі кеткен үшеуге жалтақтай берді. Осы әлгінде ғана әмпей-жәмпей әңгімелері жарасып отырған жұрт - аяқ-асты бір-бірінен жауды көргендей шошынысты.
Үшеудің ойы бір жерге тоғысты. Демек, орманшы-Алмас арнайы қызметтің тыңшысы. Анандай пікір айтып, бұлардың тілін шығармақшы. Сөйтіп, шалғайдағы мемлекеттік шекара маңындағы халықтың ниетін барламақ. Егер, бұл үшеу орманшының сөзін тиісті органға жеткізбесе, арам пиғылды қолдағаны болып саналады.
Бұлар осындай екіұдай күйге тап болып, аңырған кезде ас та алдыға келді. Оразбектің ымымен сандық түбінен бір жарты «Мәскеу» арағы шығарылып, дастарханға қалқайды. Сол жарықтықтың себі тиіп, ойлары бөлініп, үрей де тарады. Ендігәрі ондай әңгіме көтерілместей — іштерінен ант-су да ішілген-ді.
Есен алдындағы тауды - бір бетін ғана көруге ұсынған Айға ұқсатты. Тып-тыныш алшиған Алатаудың арғы бетінде де беймәлім, ұстанымы жат тіршілік бар. Олардан ызғар, ал өз төскейіңнен шуақ есетін тәрізді.
— Ту-у, ақыры таңдары жарқ етті ғой! — деп орманшы-Алмас көңілдене тіл қатты. — Бәсе, бұлар қайда сіңіп кетті деп қайран болып тұр ем...
— Кәнеки, біз де сығалайық, — деп Оразбек қолын созды. Орманшы оған қай тұсқа қарау керек екенін меңзеп, дүрбіні ұстатты. Ол ары-бері шайқай қарап, жайылып жүрген бір топ маралды тап басты. — Шіркіндер, үстілері жылт-жылт етіп, әбден семірген екен! Сорпасын ойласам сілекейім шұбырады. Мә, көргің келе ме? — деп дүрбіні Есенге ұсынды. Ол алғашқыда аспаны қайда, тауы қайда екенін айыра алмай, көз алдындағы алабажақтан жаңылысты. Сосын жай көзбен ұрлана қарап, дүрбіні елдің қараған орман-тоғайына түзуледі. Тағы сол қаракөк алабажақ. Ең құрмаса, жайылып жүрген бір ақсақ маралды да көре алмады. Өзінше сыр бермегенсіп, тамсана таңдай қақты. Оның қулығын екі серігі лезде аңғарды. Бірақ, сыр білдірмеді. Дүрбіге жаттыға қою да оңай емес екенін олар жақсы біледі.
Ары қарайғы шаруаның тізгінін орманшы-Алмас қолына алды.
— Біраздан соң олар суатқа құлдайды. Сол тұстан қарсы аламыз. Ықпен жүруге тырысу керек, — деп қамшысын шарт еткізді. Салт аттылар бір-бірімен құйрық тістесе жөнеп берді. Бұлардың соңында бетке түскен тыртық тәрізді тың қарды тілген қиыр-шиыр із қалып бара жатты.
Межелі жерге жеткенде, маралдар да суаттан шығып, қайқы төске бет бұрып, ұйысып тұр екен. Ықтасынмен далдалап келген аңшылар — осылардың ішінен семіз деген біреуін ғана құлатуды ұйғарды. Ататын болса, мойыннан немесе жауырын қақпақты ғана көздеу керектін-ді. Бұлар сыбырласып жатқанда қиырдағыны еститін, саққұлақ құс сауысқан жерден жеті қоян тапқандай шықылықтай жөнелді. Бұндайды күтпеген аңшылар абдырап, бір-біріне қарады. Осы кезде топтан сәл сырттау тұрған мүйізі қырық тармақты кер бұғы, ақ қарды бұрқырата бір тарпып, қол созымдағы қалың жынысқа қарай жалт берді. Оның соңынан таңдары жалт-жұлт ағараңдап, қалған маралдар да ілесті. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, үшеулеп соңдарынан оқ жаудырды. Шағын калибрлі винтовкадан шыққан құмалақ-ажалдар тиген кезде тұншығып, тимегені шырқырай далаға кетіп жатты.
Екі-үш орғып, маралдар ну тоғайға сіңіп кетті. Тізеден келетін қарды малтыға омбылай, үш қара әлгінде ғана маңқиып аң тұрған алаңқайға жетті. Ақша қарға қызыл сия тамғандай, сіркірей созылған із байқалды.
— Менікі тиген секілді! — деп Есен елден бұрын шүйінші сұрады.
— Тисе, тиген шығар... тек қай жеріне десеңші? — деп орманшы-Алмас басын қасыды.
— Қап әттеген-ай, егер таба алмасақ, айдалада қансырап өліп, ит-құсқа жем болады-ау, — деп Оразбек те қатты қынжылды.
— Атқа қоналық. Ізіне түскеннен басқа амал жоқ, — деп орманшы-Алмас билікті тағы өз қолына алды. — Айтпақшы, шекара тым жақын. Анау таудың ұшарындағы қарайған «ботайды» көріп тұрсыңдар ма? Ол біздің шекарашылардың қарауыл қарайтын мұнарасы секілді нәрсе. Сол баспананың төбесінде жарбиып, екі-үш сарбазы біздің жақты аңдып отырады. Соларды айналып, ары өтіп кетіп жүрмейік.
— Екі арада тікенек сым жоқ па? — деп Есен таңырқай сұрады.
— Қайдағы тікенек сым? Сен кеше рұқсат қағазыңмен заставадан өттің бе? Сол жерден қос қапталға созылған, аттылы кісінің бойындай қалың тікенекті көрдің бе?
— Иә...
— Енді қай атаңның басы керек? Бұл арада отызыншы жылдарғы тордың жұрнағы ғана қар астында жатыр. Абай болайық деп қақсап келе жатсам... анау қайда, мынау қайда дейді ғой!
— Бізге енді не қыл дейсің? — деп Оразбек қабақ шытты. Орманшы-Алмастың тым еркінсіп кеткені оған ұнамады. Бұл да аңға шығып жүрген азамат. Ешкімнің кеңесінсіз-ақ: қалай ату, қайда ату керектігін өзі де біледі. Зоотехник-Есенді баласынып, сонша мұқатқаны қай сасқаны. Алдымен өзінің аузын тиып алмай ма? Заставаға барып сыбыр етсе, орманшыңның көлеңкесі де қалмас бұл тауда. Мынау қайтеді-ей?!
Орманшы-Алмас шырт ете қалған серігінің көңілін аулап, жібіп сала берді.
— Ореке, былай етсек қалай болады? Үшке бөлініп, осы бетті әр қапталдан сүзіп өтсек... қансырап жатқан жерінен үстінен түсерміз?
— Е-е, өстіп жөн сөзіңді айтсай, солай-ақ болсын.
— Біздің кездесетін тұсымыз — ойыстағы Саршілде бұлағы болсын. Есенді лағып кетпесін деп ортаңғы бағытпен жіберген еді. Екі қапталдан қаусыра сүзуге ересектер түсті. Есен атын қасқа бетке тіке салмай, бір оң, бір солға қиялай бөктерлеп, өрге өрмеледі. Бір дөңнің астынан бір дөң туындап, баспалдақ сияқты көтеріле берді. Біраздан соң Есен өзіне тапсырылған орта бағытты ажыратудан қалды. Әйтеуір, жолыққан жотаны аса берді. Сырт қарағанда бір тұтастанған таудың өңірінде сан белес бар екеніне таңырқады. Бір кезде қайқаң етіп жазып алапқа атып шықты. Анадай жерден қотан мен малшы үйінің қарасы шалынды. Құрылыс сипаты Есеннің көзіне жат көрінді. Бірақ ол көрші ауданның малшылар қыстағының бірі шығар деп жорамалдады. Алдынан арсалаңдап, екі-үш қара қасқа төбет жарыса үріп, қарсы шықты. Тоқал тамға таяй бергенде он-он бір жасар бала есіктен басын шығарып қарады да қайта ішке зып берді. Шалы қора бос. Сірә, мал жайылымда сияқты. Баз маңында малдың қыстық азығы ретінде маяланған шөп байқалмады. Демек, ала қыстай жайылыммен шығады. Бір ғажабы, бұл тұстағы қар қырбақ көрінді. Мүлдем өзге табиғат.
— Ассалаумағалайкүм! — деп Есен шаңыраққа сәлем беріп, табалдырықтан аттады. Аядай алакөлеңке бөлмеде әлгі бала мен бір әйел адам жер дастарханда шай ішіп отыр екен.
— Сәлемшіл болсаң төрлет қарағым, — деп әйел адам жоғары шық дегендей ишара жасады. Есен төрге көтеріле бергенде бала апыл-ғұпыл бетін сипап ата жөнелді. Әйел адам шай құйылған өрнекті кесе ұсынды. Есен ұрттап қалды да тосырқап, әйелдің бетіне қарады. ана кісі күлімсіреп:
— Сендер сияқты қант емес, шайымызға тұз қосып ішеміз! — деді.
— Сіздер қай калхоздансыздар?
— Біз сендердің калқозың емеспіз. Айналайын, бұйырған шәйіңді ұрттай сал да келген жағыңа атыңды сабалап қаш!
— Біздікі болмасаңыздар, бізше қалай таза сөйлейсіздер?
— Себебі, арамызды Алатау бөлген бір атаның баласымыз.
— Ана бала қайда асығып кетті?
— Ол шекара бұзғандарды хабарлағаны үшін марапатын алуға кетті.
— Бізде де марапат береді, — деді Есен еселаң халде. Осы сөздің мәнісіне жеткен кезде тұла-бойы мұздап қоя берді. Сораптап отырған шайын тастай салып, сыртқа ұмтылды. Қара қасқа төбеттер сені танимыз дегендей маңқиыса бір-бір қарады да қойды. Аттың басын әлгінде келген жаққа қарай салып, қос өкпесін тепкілеп, оңды-солды шатырлата сабап, шаба жөнелді.
Бастапқы беталысы солтүстік-батыс бағыты еді. Сол жақта Есеннің туған жері мен елі, Отаны бар. Бас-көз демей қамшылап, шаба бергеннің кесірінен ол қайдан келіп, қайдан шыққанын білмей, әйтеуір, бөгде жерге тап болғанын аңғарды. Әлде, «қорқыныштың көзі алақандай» дегендей, таныс мекенін танымайтын халге жетті ме? Бұндай ой-шұқырды ешуақытта көрмеген секілденді. Бір-жар сағат қана бұрын Табиғат-Ана деп тамсанып тұрған елжіресін мүлдем ұмытты. Енді, бұны қоршаған тілсіз жау ғана. Әр қалтарыс, қарағай мен шыршаның далдасы толы бұғынған қатер сынды. Бір де бір бұтаның бұған қол ұшын бермек болып, ұмсынған түрін көрмеді. Аттың омырауына жете қабыл оппа қар да еселеніп, жүрген сайын қалыңдап бара жатқан тәрізденді. Кей жерде малтыға қарғып, әбден ентіккен жылқы екі бүйірін соғып, ақыры дымы құрып кілт тоқтады. Ақ сабынға шыланған денесі дір-дір етеді. Есен, қар мол орнаған сайда тұрғанын енді байқады. Сәл алдында, жиегі тастауытпен шектелген құздың ернеуі қарауытады...
Аттан түсіп, қалшылдаған көлігін жетектеп, омбыдан шығып, тік құламаға тірелді. Тосын дауыс естілгендей болды. Артына бұрылды. Бұның ізімен құйғытып әлдекімдер ілесіп келеді екен. Сірә, қолтықтарына қанат байлап алған дерсің. Аң шаңқан қардан ұялып, жасаураған көзін сүртіп қайта қарады. Аяқтарында шаңғы бар екені күмәнсіз болды. Әне-міне дегенше құйындатып жетіп келері хақ. Есен атына мінді де түбі қарауытқан тереңге қарай тебінді. Жаны алқымына келген жануар кері шегіншектей берді. Жалаңаш шапты неше қабат осып өткен қамшының ащы уыты шыдатпады білем, құзартқа бір-ақ ырғыды...
Ат алдымен төрт аяқтап түсті де сосын шоңқиып құйрыққа отырды. Сол қалпы біраз сырғанап барып, жылдамдық артқан кезде бір қырына жамбастай жығылды. Есен аяғын үзеңгіден суырып үлгіріп, жығылып жатқан жылқы үстіне тізгінінен айырылмай, тіке тұрды. Басы аракідік бұлғақтаған ат, күнгей беттің ұсақ бұталарын сыпыра жапсырып — шана секілді зымырап бара жатты. Арындаған қалпы сай түбіне бұрқ етті. Есен де етпеттей жығылды. Қолындағы тізгіннен айрылмады. Үйелеп тұра алмай жатқан жылқыны демеп, түрегелуге септесті. Жарықтықтың мүлдем есі шығып кеткен тәрізді. Қалшылдауы тым үдеп кетіпті. Сәл-пәл пәңгіріп тұрды да дүр-дүр сілкініп, есім кірді дегендей оқыранды. Сайдың еңіс тартқан етегін бойлай, қиялап өрге салған аңның ізін қуалап, біраз жүрістен соң жалпақ алқапқа шықты. Есен артына қарады. Жер — оңы, солы белгісіз осінен ауытқып кеткен тәрізденді. Айналасының бәрі — қол ұстасқан Алатаудың шоқылары. Қайсысы біздікі, қайсысы жаудікі екенін біліп болмайсың. Соңынан ерген қуғын да тоқтаған секілді. Төңірек шамырқанған ақ шағырмақ. Қайда тап болғанын ол түсіне алар емес. Мүмкін, іргелес әлемге ауып кетті ме екен? Не де болса, қауіп-қатер артта қалған сияқты. Қарсы алдындағы жайылған ақтегіспен аяңдап келеді. Оның бойында қорқайын десе де бір түйір қорқыныш қалмағандай. Жанкеудесінің қаңырап бос қалғанын сезді. Бойын дәрменсіздік биледі. Күллі дүниеде жалғыз өзі қалғаны жанын құлазытты. Өстіп өзін-өзі аяп келе жатқанда аты сүрініп барып, мойны қайырыла жығылды. Алаңсыз отырған Есен, ердің үстінен қалпақтай ұшты. Ат артқы аяқтарын сермеп, тұрып кетуге талпынады. Алдыңғы бір аяғын қақпан тістегендей әлдене босатар емес. Есен қарды аршып, шашасынан ұстап, ырғап көрді. Тағасы тастың жарығына қайшылай кіріпті. Егер жануар қатты-қайырым қимыл жасаса, жіліншігі сынып кетуі мүмкін. Сондықтан Есен жылқының сауырынан сипап, емірене «құр-құрлап» сабырға шақырды. Тасқа шайнасқан тағаны шым-шымдап ырғап, әр ырғаған сайын «біссіміллә» дей берді. Жануар да жағдайды сезгендей тырп етпеді. Егер абайсызда аяғы сынып кетсе, Есен де жылқы да иен даланың жеміне айналды дей бер. Анда-санда алақтап, бір де жерден, бір де аспаннан көмек күткен Есенге — төңірегінің бәрі іштен тынып, бұның бақытсыздығын тамашалаған сұм ажал сияқтанды.
Жылқы оқыс жұлқынып, орнынан атып түрегелді. Қыстырылған таға босапты. Сол сәтте бір ауыр сықыр естілді. Шошынған жануар ата жөнелді. Тізгінге жабысқан Есен де ілесе кетті. Анадай тұсқа барып, соңдарына қарады. Әлгіндегі өздері тұрған тұстың қары ырсия жарылып, көшіп бара жатқанын байқады. Бір кезде аппақ болып шетсіз-шексіздей ұласып жатқан ақтегістің қабағы ойылып, көз сүйегінің қаратасты ернеуі жалаңаштанды. Сосын жартастың шекесіне күнқағар тәрізді өскен қар — күркірей өкіріп, қарақұрдымға жол тартты.
Мына сұмдықты көргенде Есен Табиғат-Ананың мейіріміне де, Жаратушының барына шәк келтіре алмады. Оны шатастырған пендешілік үрей екен. Егер аттың тағасы жарыққа кептелмей кете бергенде — ақтегіс болып көз алдаған тұңғиыққа бір-ақ аттанар ма еді...
Осы кезде жануар осқырынып, бір қырына қиғаштай қарай берді. Ақшағырмаққа жан біткен тәрізді бұлаңдайды. Сәлден соң іркес-тіркес келе жатқан ақхалатты шекарашылар сұлбасы анық байқалды. Иығына ілген қаруларының тұмсығы қараң-құраң етеді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі